Ұлыбританияда жалпыұлттық локдаун жарияланды

Ұлыбританияда жалпыұлттық локдаун жарияланды

Ұлыбританияда жалпыұлттық локдаун жарияланды
ашық дереккөзі
Ұлыбританияда 5 қарашадан 2 желтоқсанға дейін жалпыұлттық локдаун жарияланды. Ел тұрғындары бір ай бойы үйлерінен себепсіз шыға алмайды.  Елде ауруханаға түсушілер саны күн санап өсіп, дәрігерлер ем-дом көрсетіп үлгермей жатыр. Денсаулық сақтау жүйесіне түскен қысымның күрт артуы үкіметті шұғыл шара қабылдауға итермеледі. Наурыз айындағы локдауннан айырмашылығы бұл жолы мектептер мен университеттер жұмыс істей береді. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа нысандардың жұмысы уақытша тоқтайды. Қоғамдық тамақтану орындары тапсырысты үйге жеткізу қызметін ұсына алады. Құрылыс пен өндірісте еңбек ететіндер ғана жұмысқа барып, елдің өзге тұрғындары жаппай қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның айтуынша, үкімет локдаунның соңына дейін еңбекақысыз қалғандарға жалақыларының 80 пайызын төлеуді жалғастырады. Егер жағдай түзелсе, шектеу шаралары алынғаннан кейін ұлыбританиялықтар 25 желтоқсанда тойланатын Католиктердің рождествосын отбасыларымен бірге атап өтпек. Айта кетейік, пандемия басталғалы Ұлыбританияда коронавирустан көз жұмғандар саны 46 мыңнан асты. Індет құрбандарының саны жөнінен мемлекет Еуропада көш бастап тұр. Елде қатерлі вирусты миллионнан аса адам жұқтырған. Еске салсақ, бүгіннен бастап Ливанда коменданттық сағат тәртібі енгізілді. Ел тұрғындарына кешкі сағат тоғыздан таңғы беске дейін үйлерінен шығуға тыйым салынды. Сондай-ақ, бұдан бұрын Германияда локдаун енгізілетінін хабарлағанбыз. Елдегі барлық көңіл көтеру орындары, мейманханалар, дәмханалар мен көптеген қызмет көрсету нысаны бір айға жабылады. Жаңа шектеулер 2 қарашадан бастап айдың соңына дейін жалғаспақ. 30 қазаннан Франция да өзін-өзін оқшаулау режимі енгізілді. Карантин бүкіл Франция аумағында енгізіліп, 1 желтоқсанға дейін созылады.