Руханият

Ұлт руханиятын түгендеу − өркениетті елдің ісі

ашық дереккөзі

Мемлекет дамуы деген ұғым − көптеген түсініктердің басын қосатын ұғым. Сондықтан экономикасы дамыған елден рухани дамуды да көргіміз келетіні қалыпты нәрсе.

Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңында мемлекеттің экономикалық жағдайын біршама түзеп алғаннан кейін рухани салада атқарылуы тиіс шаруаларды кешіктірмей қолға алу керектігін түсініп, елдің басшылығы аса ауқымды жобалардың қолға алуды бастады. Соның ең алғашқыларының бірі және атқарылуы жағынан аса көлемді істерді жобалағаны − «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы еді. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамасымен іске асырылған бұл мемлекеттік бағдарлама − стратегиялық тұрғыдан ұлттық мәндегі аса маңызды жоба болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы халықтың аса ауқымды мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет пен фольклорын, салт-дәстүрлерін зерттеп, қазақ тарихына зор маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру көздеді. Сондай-ақ, ұлттық әдебиет пен тарихымызға қатысты материалдарды жүйелеп, баспадан шығару,  мемлекеттік тілде үздік әлемдік ғылыми ойларды сөйлету, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің озық үлгілері мәдени қор жинап, оларды зерттеу жүйесін құруды көздеген жоба болды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру 2004 жылы басталып, оны екі жылда атқару есептелген еді. Бірақ жұмыстардың ауқымдылығы оның атқару уақыты ұзарту керегін көрсетті. Солайша бағлардама тағы екі кезеңге: 2007 жылдан 2009 жылға дейін және 2009 жылдан 2011 жылға дейін созылды. 2004-2011 жылдар аралығында  тарих пен мәдениеттің 78 ескерткішінде реставрациялық жұмыстар жасалып, толығымен бітті. Осы жылдар ішінде ғылымға мыңдаған артефактылар қосқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілді. Мәселен,  Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті мен Берел қорғандарында жүргізілген қазбалар негізінде «скиф-сібір аң стиліне» немесе өнерге жататын табылған алтын бұйымдар әлемге әйгілі атақ алды. Еліміз тарихында алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің кең көлемдегі инвентаризациясы өткізіліп, сол бойынша 218 республикалық және 11 277 жергілікті маңызы бар нысан тарих пен мәдениет ескерткіштері негізінде арнаулы тізім жасалды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения және АҚШ, Батыс Еуропа мемлекеттеріне жасалған ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде 5000-нан аса тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты архивтік құжаттар, қолжазбалар мен баспа өнімдері алынып, еліміздің деректік қорын байытты. Ал ел ішіндегі жұмыстарға келсек, аталған бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі гуманитарлы білім беру қорын молайту үшін тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге байланысты түрлі сериялармен 537 аталымдағы кітап бір жарым миллионнан аса тиражбен басып шығарылды. Оның ішінде 100 томдық «Бабалар сөзі» атты ұлттық фольклорлық шығармалардың баспадан шығуы ерекше оқиға болды. Бағдарлама арқылы қазақ музыкасының тарихы зерттеліп, осы кезге дейін жиналған мол музыкалық мұрамыз «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы деген атпен шығарылды. Бұл − қазақтың ұлттық мәдениеті тарихындағы халық әндері мен күйлерінің түпнұсқалық орындауларын реставрациялап, сандық форматқа көшіріп, CD-дискілерге шығару ісінде ең ірі жұмыс болды. Аса маңызды бұл жоба аясында «Казахфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи ескерткіштер 20-дан аса деректі фильм түсіріп,  «Мәдени мұра» «Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп Ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері» т.б. циклдағы деректі фильмдерді таспалады. «Мәдени мұра» жобасының аясында жасалып, сәтті аяқталғаны − ұлтымыз бен мемлекетімізге қатысты шетелде іске асқан ауқымды істер болды. Мәселен, Дамаскідегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарс кесенесі мен Каирдегі Сұлтан Бейбарс мешітін реставрациясын жасау, сондай-ақ, Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталық және кесенесін салу істері толық аяқталды. Бұл қазақ даласынан шығып әлемге танылған әлемдік дәрежедегі ұлы ғалым Әбу-Насыр әл-Фараби мен Египетте патшалық құрған Сұлтан Бейбарыс секілді тарихи тұлғалардың Ұлы Дала перзенттері екенін танытқан маңызды мәдени жұмыстар болды. Солайша, жыл сайын елімізде және шет елдерде тарихи-мәдени мұрамызды дәріптеу бағытында 200-ге жуық шаралар ұйымдастырылу арқылы жеті жыл ішінде тоқтаусыз әрекетте болған «Мәдени мұра» бағдарламасы аса табысты жоба ретінде тарихи миссиясын орындады. Айта кету керек, аталған жобаның өз деңгейінде орындалуына «Мәдени мұра» атты Мемлекеттік бағдарламасының қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде Иманғали Тасмағамбетов зор еңбек сіңірді. Дамушы ел ретінде Қазақстан республикасы мемлекеттің біртұтастығы үшін қызмет ететін ұлттық мәдениеттің бағасын көтеріп, оның құндылығының маңызын танытатын істерді әрдайым жүзеге асырып келеді. Бұл орайда Ұл көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірі күні еліміздің көптеген БАҚ-тарында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ерекше атап өту қажет. Елбасы мақаласында жаңа ғасырда ұлттық сананы ояту арқылы «Бәскелік қабілетті» күшейту үшін  «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар негізінде Қазақстан халқын ХХІ ғасырдың талаптарына даярлауды шешуді ұсынды. Сонымен бірге, «Прагмаитизмді» дамытып, «Ұлттық бірегейлікті сақтау» үшін елімізде «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» қажеттігін қадап айтып, осының бәрінің іске асуына «Сананың ашықтығы» болуы керек екенін түсіндірді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» аясында мемлекеттік маңызы бар көптеген жобалар іске асты. Оның басты-бастыларына тоқталсақ, ең алдымен қазақ тілін жаңа деңгейде дамыту үшін «Латын әліпбиіне көшу» ісі есімізге түседі. Осыдан 70 жылда бұрын кирилл жазуындағы әліпбиге көшіп, сол әліпби арқылы араб-парсы және орыс тіліндегі сөздерді дұрыс айту деген сылтаумен тілімізде жоқ көптеген дыбыстардың таңбасы қазақ тілініе зорлықпен енгізілген болатын. Бұл тіліміздің дыбысталу ерекшелігін жойып, дамуына зор кесапатын тигізген іс болатын. Жаңа латыннегізді қазақ әліпбиі осы кемшілікті жойып, тіліміздің өз бояуын қалпына келтірмек. Сондықтан Елбасы осыған мән беріп, 2017 жылы 27 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Одан бері латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиінің бірнеше жобасы көрсетілді. Бірақ әлі белгілі бір доба түбегейлі қабылдана қоймаса да, ол бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта қазақ жазуы латын графикасына көшіп, әлемде аса танымал латын графикасын қолданатын елдердің қатарына қосылмақ. Рухани жаңғыру бағытындағы жүзеге асырылуы тиіс жұмыстардың бірі − «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Бұған қатысты жұмыстарды өз деңгейінде жүргізу үшін ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» деген орталық құрылып, осы орталық жанынан құрылған кеңес мүшелері еліміз облыстары тарапынан ұсынылған киелі жерлерді қарап шығып, тізімдін жасайтын болады. Осыған орай,далалық зерттеу жұмыстары: Солтүстік Қазақстан: Қостанай, Петропавл, Көкшетау; Оңтүстік Қазақстан: Қызылорда, Шымкент, Тараз; Қарағанды облысы: Қарағанды, Жезқазған; Шығыс Қазақстан: Павлодар, Семей, Өскемен; Батыс Қазақстан: Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе; Алматы облысы: Алматы, Талдықорған секілді алты бағытта жүргізілді. Солайша, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында 600 нысан белгіленіп, олардың отызға жуығында ғылыми-реставрациялық жұмыстары жасалды. Осы жұмыстардың жүзеге асуында Рухани жаңғыру аясында құрлыған Қазақстан өлкетанушыларының «Туған жер» деген бірлестігі киелі орындарда далалық зерттеу жұмыстарымен айналысуға атсалысып, ғалымдарға қажетті ақыл-кеңестерін беріп, зор көмек көрсетті. «Рухани жаңғыру» арқылы жүзеге асқан «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы және оның өңірлік нұсқасын жасау ісі болды. Осы арқылы елімізге кең танымал және әр өңірдің танымал азаматтары насихатталып, еліміз дамуына еңбегі сіңген тұлғаларды таныту ісі лайықты атқарылды. «Рухани жаңғыру» өткен тарихымыздың құндылықтарын дәріптеу ғана емес, жаңа замандағы даму үрдісін де жетілдіруді қалайтын әмбебап жоба. Соның бір дәлелі − «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жобаның іске асуы. Ол − гуманитарлық бағытта, яғни тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, филология, педагогика және түркітануға байланысты әлемдегі 100 жоғары оқу орынында қолданылатын 100 оқулықтарды аудырып шығару. Осы істі атқару үшін Wikibilim қоғамдық қорының базасында «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, оның жұмыс тобы аталған оқулықтарды толық аударып бітуге таяп қалды. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша бүгінде үздік туындылардың тізімі жасау ісі де «Рухан жаңғыру» тудырған озық жобаның бірі саналады. Бұл жоба бойынша, әдебиет саласындағы 216, театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма іріктеліп, сараптамалық топтарға ұсынылды. Іріктеуден өткен толымды туындылар ұлттық мәдени мұрамыздың жетістігі ретінде жан-жақты насихатталатын болады. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы еліміздің рухани әлемінде өрлеу, жаңа бағытта даму жұмысы лайықты жүрсе де оны одан әрі тереңдете түсу Елбасы тағы бір бағдарламалық мақаласын жариялады. 2018 жылдың 21 қарашасында елім із БАҚ-тарында жарық көрген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бүгінгі біздің мемлекетіміз аумағында пайда болған жеті мәдени жетістікті атап көрсетті. Олар: «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген атаулар арқылы ерекшеленді. Бұлардың бәрі, шын мәнінде, қазақ даласының адамзаттық мәдениетке қосқан зор үлесі және жетістігі еді. «Ұлы даланың жеті қырын» жан-жақты ашу үшін ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы жасалып, «Ұлы даланың ұлы есімдері» әспетелді. Сондай-ақ, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобасы қолға алынып, түгел түркінің атамекені Қазақ даласының түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне қосқан үлесі көрсетіліп жатыр. Осы орайда, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашып, мыңжылдық «Дала фольклорының антологиясын» жасау ісі де қолға алынды. Осы мақсаттардың толық іске асуы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жолға қойылып, Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалану көзделген. Тоқсан ауыз сөзің тобықтай түйіні, 15 жылдан аса уақыт бойы еліміздің рухани мұрасын біртұтас және аса бағалы, әлемдік мәдени үдерісте өз орны бар құбылыс ретінде танытып, дәріптей алдық. Бұл жаңа ғасырды әлемнің ешбір елінде бола қоймаған жетістік.