«Nur Otan» партиялық тізімдерді қалыптастыру бойынша нұсқаулық әзірледі
«Nur Otan» партиялық тізімдерді қалыптастыру бойынша нұсқаулық әзірледі
«Nur Otan» мәслихаттар мен Мәжіліске партиялық тізімдерді анықтайтын конференциялар өткізу жөніндегі нұсқаулықты әзірледі
«Nur Otan» партиясының Орталық аппараты партия филиалдары конференцияларының әрбір кезеңін регламенттейтін нұсқаулықты бекітті, оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және Мәжіліске партиялық тізімге әр өңірден кандидаттар анықталатын болады.
Сонымен, партияішілік іріктеу – праймериздің екінші деңгейі аясында кандидаттарды конференцияларда пікірсайыстар күтуде. Мәжіліске үміткерлер, республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда, екі рет – аудандық және облыстық конференцияларда пікірсайысқа түседі. Парламенттің төменгі палатасының қызметтегі депутаттары бірден облыстық сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар конференцияларындағы пікірсайыстарға қатыса алады.
Партияның nurotan.kz ресми сайтында және primaries.kz сайтында жарияланған нұсқаулыққа сәйкес коронавирус пандемиясын ескере отырып, аудандық, қалалық және аймақтық партиялық конференциялар әлеуметтік арақашықтық қамтамасыз етілген үй-жайларда, сондай-ақ барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақтала отырып өткізілуі керек.
Нұсқаулыққа сәйкес аумақтық партия конференциясына делегаттарды бастауыш партия ұйымының жиналысы сайлайды. Праймеризге қатысқан кандидаттар және олардың сенімді өкілдері конференцияға делегат ретінде сайланбайды.
Ең жоғары рейтингке ие болған кандидаттар арасынан аумақтық партия конференциясына пікірсайысқа қатысушылардың тізімін филиалдың Саяси кеңесінің Бюросы бекітеді.
Конференцияларда дауыс беру «Праймериз» ақпараттық жүйесінде өткізілетін пікірсайыстардың қорытындылары бойынша дауыс беруді қоспағанда, делегаттың қол немесе мандатын көтеруі арқылы өткізіледі.
Ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық пікірсайыс әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілетінін атап өткен жөн.
Пікірсайыс қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған кандидат Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушы ретінде облыстық конференцияға ұсынылады. Әрбір аудан, қала Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа бір қатысушыны ұсынады. Облыс орталығы Мәжілістің партиялық тізіміндегі өңірдің өкілдік квотасына тең санда пікірсайысқа қатысушыларды ұсынады.
Облыстық мәслихаттарға партиялық тізімдер тиісті конференцияларда бекітілетін болса, ал Мәжіліске қорытынды тізім «Nur Otan» съезінде бекітіледі.
Еске сала кетейік, праймериз – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партияны «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі.
Праймеризге 10 мыңға жуық кандидат қатысты. Олардың 37%-ті – әйелдер, 29%-ті – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан кандидаттардың 30%-і ұсынылса, ал 70%-і - өзін-өзі ұсынушылар. Кандидаттардың орташа жасы – 43 жас. Бұл ретте партияішілік сайлаудың бірінші деңгейіндегі дауыс беруге 662 687 партиялық қатысты.