Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ымыра – бір-біріне жол беру

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ымыра – бір-біріне жол беру

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ымыра – бір-біріне жол беру
ашық дереккөзі
Қай істің де ақырының қайырын күтуде үлкен мән бар. Себебі соңы жақсылықпен, яғни бітіммен, келісіммен аяқталған келіссөздердің алғышарттарынан гөрі кейінгі салдары қандай болмағы маңыздырақ. Сегіз айдан аса уақытқа созылған Ресей-Түркия арасындағы дүрдараздыққа Қазақ елінің басшысы тоқтау салғанын әлем саясаткерлері бірауыздан мойындап отыр. Атажұрт Анажұрттың мұңын бөлісті әрі Құдайы көршінің ақысын ескерді. Қазақтың ежелден келе жатқан бейбіт бітімге шақыру өнеріне салып, ұлттық мінез – арағайындық танытып, екі іргелі елдің арасын жалғады, түп төркіні дүдәмал жанжалдың жалынын басты. Қазіргі кезде Түркия өз тарихындағы ауыр кезеңдердің бірін бастан өткеруде, бір ай бұрынғы сәтсіз әскери төңкерістен соң бұл елдегі саяси ахуал күрделене түсті. Түркиядағы соңғы айлардағы саяси аласапыран Ердоғанды сыртқы саясаттағы ұстанымын қайта қарауына мәжбүр еткендей. Мұны Ердоғанның АҚШ пен Еуропалық одақ елдеріне қарата қайта-қайта жасап жүрген ащы мәлімдемелерінен аңғаруға болады. 15 шілде күнгі сәтсіз әскери төңкерістің бір анық салдары осы. Ердоған өз елінде бүлік тудыруға талпынған күштің шын себепкері – мұхиттың ар жағында екенін қайталаудан танған жоқ. Себебі АҚШ пен Германия бастаған батыс елдерінің бұл мәселеде салқынқандылық танытуын кешіре алмады. Бұл елдегі әскери бүлік туралы мақалада жазғанымыздай («Түркістан», 21 шілде, 2016 жыл), соңғы кездегі саяси оқиғалардың шиеленісуінен Түркия өзіне дос пен дұшпанның кім екенін ажырата алмай дағдарды. «Менің жауымның досы – менің дұшпаным» сынды ұйғарымға сай, ол бүлікшілерді қолдап отырған батыстық елдерге деген наразылығын ашық білдірді. Бірақ қиын-қыстау күндері шын бауыр әрі дос ниетті ел екенін танытқан Қазақстанға – түріктердің өз сөзімен айтқанда, Атажұртқа деген ризашылығы бөлек. Бұған себеп – Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік саясаты.

Екі қошқар сүзіссе...

Темір қақпаны тарс жауып алып, сырт елдермен қырғи-қабақ болып отырудың күні өткен. Технологиялар тұрмысқа төңкеріс енгізіп, ғаламдану процесі белең алғалы, әлемнің саяси картасының реңі өзгерген. Әсілі, Ресей бұрынғы КСРО-ның мұрагері ретінде шынжырлы жүйенің кейбір құлықтарын қайталауы бек мүмкін. Бәлкім, онсыз да АҚШ және Еуропа елдерінің тарапынан экономикалық құрсауда қалған Ресей үшін жан-жағының бәрі жаудай көрінер. Ресей-түрік қарым-қатынасы 2015 жылдың 24 қарашасынан соң күрт суыды. Түркия мен Сирия шекарасында ресейлік Су-24 ұшағы атып түсірілгеннен кейін ресми Анкара өз әрекетінің дұрыстығын айтып, ақталуға тырысқаны рас. Осыдан соң Ресей Түркияға қарсы визалық және экономикалық санкциялар жариялаған болатын. Қалай дегенмен де, бір қазанда басы піспейтін екі қошқар сүзісті. Сүзісті де, тең түсті. Бірін-бірі ала алмай, өзара аңдысумен, алыстан торлап жүріп жарты жылды өткізді. Обалы нешік, бұл аралықта батыстық ақпарат құралдары Ердоған мен Путиннің арасындағы келіспеушілікті барынша қарабайырлап, мұны екі диктатордың жеке басының теке-тіресі ретінде сипаттады. АҚШ пен Еуропа елдері бұл екі президентті авторитарлы басшы санайтыны ешкімге жасырын емес. Бірақ екеуара жанжалдан ешкімнің есесі түгенделе қоймады. Керісінше, Ресей де, Түркия да екіжақты саяси, экономикалық, дипломатиялық, мәдени байланыстардың күрт үзілуінен ойсырай зиян шекті. Мысалы, осы аралықта Ресей экономикасы түрік инвестициясынан қағылса, Түркия туризмнен түсетін жыл сайынғы пайдадан айрылды. Бұл жанжал Ресейге де оңай тиген жоқ: осы елде кәсіп етіп, экономикаға инвестиция құйған түрік кәсіпкерлері өз қаржыларын сыртқа шығара бастады. Мұның бәрі екі елдің басшысына сабақ болған сияқты. Енді «ер шекіспей, бекіспейді» деген қағидаға салып, екіжақты саяси, дипломатиялық, экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға кірісті.

Путин және Ердоған

Осы аптада Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресейге ресми сапармен барды. Бұл – оның Кремльмен арадағы түсініспеушілік болғалы бері осы елге бірінші рет келуі. Ердоған Ресейге ресми сапары алдында «ТАСС» агенттігіне сұхбат беріп, өз ойымен бөлісті. Сұхбатта «ДАИШ» террорлық ұйымы туралы, оның қаржыландыру көздері жайлы, Сирияның жағдайы және ортақ газ құбырының құрылыс жобасы сөз болған. Бірақ түрік президенті бұған дейін Анкара мен Мәскеу арасындағы өзара айыптасу әрекеттерін еске алмауға тырысқаны байқалды. Ақыры, сейсенбі күні Ердоған мен Путин көзбе-көз кездесіп, тоғыз айлық дүрдараздықтың аяқталғанын ресми түрде жариялады. Петербордағы тарихи кездесуден соң екі президент журналистерге арнап брифинг өткізіп, енді екіжақты қарым-қатынас толығымен қалпына келтіріледі деп мәлімдеме жасады. «Ведомстволар арасында ұзақ талқылауды қажет етпейтін мәселелер бойынша біз жақын апталарда қарым-қатынасты толықтай қалпына келтіреміз», – деді Путин. Бірақ екі президент бұл кездесуде өзара айыптасуды да, Сирия мәселесін де қозғамауға тырысқан.

Назарбаев сапарының мәні

Режеп Тайип Ердоғанның Ресейге ресми сапарының алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Анкарада болған еді. 5 тамыз күні Қазақ елінің басшысы Түркия басшысымен кездесіп, бұдан соң екі президент ортақ брифинг өткізді. 15 шілде күнгі сәтсіз әскери төңкерістен соң және саяси аласапыраннан кейін бұл елге ресми сапармен барған бірінші мемлекет басшысы Н.Назарбаев болды. Осы сапар барысында Назарбаевтың Ердоғанмен көзбе-көз келіссөз жүргізгені белгілі. Р.Ердоған Қазақстан Президентінің келуін қуана қарсы алып: «Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапармен келуі мен үшін, елім және ұлтым үшін үлкен абырой болып тұр», – деді. Бұл жолы Назарбаев пен Ердоған Түркиядағы сәтсіз әскери бүліктің салдарларын талқылады. Оның ішінде, Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің мәселесі де сөз болды. Фетхуллах Гүленнің мектептері саналатын бұл лицейлерді жабу туралы түрік басшылығы бұған дейін де сұрау салған болатын. Сондықтан қазақ-түрік лицейлерін толықтай тексеру жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды. Түрік сапарын қорытындылаған Елбасы: «Жаһандық сын-сынақтар мен қауіп-қатерлер арта түскен алмағайып заманда Қазақстан мен Түркия әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайын. Осы орайда біз ХХІ ғасырдың басты кеселі – терроризмге қарсы үзілді-кесілді тойтарыс беруге келістік. Елдеріміздің арасындағы әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық орнықты дамуда» деп атап көрсетті. Ал Түрік басшысы Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын қалпына келтіруде сіңірген еңбегі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ағынан жарылып, алғыс айтты. Қалай дегенмен де, түрік бұлғағынан соң бұл елге аяқ басқан бірінші президенті Қазақ елінің басшысы Н.Назарбаев болуы, одан соң Ердоғанның бүліктен кейінгі алғашқы ресми сапарының Ресейге жасалуы кездейсоқтық емес. Мұның бәрі белгілі бір себеп-салдар факторлары арқылы байланысқан оқиғалардың тізбегі. Маусым айындағы Ердоғанның ресми хатынан соң, Владимир Путин телефон арқылы түрік әріптесіне қолдау білдірді. Хат-хабар алысу, телефон арқылы пікірлесу мемлекетаралық қарым-қатынастың бұрынғы қалпына келуіне түрткі болса да, бітімді толық жүзеге асыру үшін әлі де жеткіліксіз еді. Ақыры, 5 тамыз күні Қазақстан Президентінің Түркияға ресми сапары және Түрік Республикасының басшысымен жүргізген келіссөзі бітімге келу ісінің жемісті аяқтауға себепші болды.

Бітімгер

Шындығында, Қазақ елінің басшысы бітімгерлік болмысын осы жолы анық танытты. Бұған дейін Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруда, Ресей мен Украина арасында бейбіт келіссөздердің басталуына, Иранның ядролық бағдарламасына орай келісімнің жасалуы т.б. ғаламдық саясаттағы шетін мәселелерде бастамашылдығымен әрі бітімгерлігімен көзге түсіп жүрген Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Түркия басшыларын татуластыруда аянып қалмады. Осы орайда, Елбасының осыдан екі жыл бұрын Ресей мен Украина арасындағы Қырым дауынан кейін өткен бірінші келіссөзден соң айтқан сөзін қазіргі жағдайға қатысты қолдануға болар. «Мен тараптар келісімге келіп, барлық мәселені шешуі үшін бар күшімді салдым. Кез келген соғыс, тіпті, әлемдік соғыстар да әрқашан келіссөздермен аяқталған, сондықтан, тараптар ымыраға келуі тиіс, ымыра деген – бір-біріне жол беру» деген еді Н.Назарбаев сол кезде. Бұл сөз Ресей – Түркия жанжалы тұсында да өзекті. Тараптардың ымыраға келіп, келіссөзге кірісуі – Қазақ елі басшысының саяси әрі дипломатиялық өнерінің жемісі. Батыс елдері Путин мен Ердоғанның теке-тіресін сырттай бақылап отырғанда, Нұрсұлтан Назарбаев бұл жанжалдың үлкен өртке айналмай тұрғанда жалынын басуға барынша күш салды. Кремль мен Анкараның қырғи-қабақ болған жағдайы ең әуелі Астананың арқасына аяздай батқандай. Соңғы алты ай ішінде ресейлік тараппен де, түрік жағымен де жеке кездесулер кезінде, телефон арқылы әңгімелесу барысында екі ел басшыларын бітімге келтірудің бар талпынысы жасалды. Егер Н.Назарбаевтың бітімгерлігі бол­маса, орыс-түрік жанжалының одан әрі созылуы ықтимал еді. Бітімгершілік ісінің жай-жапсарын баяндасақ, Ердоған ресейлік ұшақтың атып түсірілгені үшін  өкініш білдірген (кешірім сұраған) хат жазды. Шындығында, бұл хаттың жазылуы және оның ресейлік тарапқа қолма-қол тапсырылуы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың еңбегі екені бүгінде ашық айтылып жүр. Бұл хат ресейлік тарапқа маусым айының соңында Ташкентте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті кезінде тапсырылған. Хаттың Ташкентке жеткізілуіне ықпал еткен Нұрсұлтан Назарбаев оның мәтінімен ресейлік әріптесінен бұрын танысып, мақұлдаған көрінеді.

Баспасөздің үні – шындықтың жаршысы

Осы күндері орыс баспасөзі де, түрік басылымдары да Қазақстан президентінің бұл бітімнің жасалуына сіңірген еңбегін жарыса жазып жатыр. «Путин мен Ердоғанды Назарбаев татуластырды» деген тақырыптар көзге ұрады. Түркияның «Yeniçağ» газеті Н.Назарбаевтың Түркияға осы сапары жайында жариялаған мақаласында «Назарбаев – Қазақстан үшін ғана емес, басқа түркітілдес мемлекеттер үшін де маңызды тұлға. Ол өзінің кемелдігімен, даналығымен, мол тәжірибесімен, ақылымен, қабілет-қарымымен аймақта және халықаралық саясатта маңызды рольдер атқарып келеді» деп атап көрсеткен. Басылым қазақ басшысының Путинді бітімге келуге көндіргенін және Ресей мен Түркия ара-қатынасын жақсарту ісіне Қазақстан елшілігінің де еңбек сіңіргенін хабарлайды. «Мұндай іс тек нағыз бауырдың қолынан келеді, Назарбаев мұны істеді» деп тұжырады. Батыстық басылымдар Ердоған мен Путиннің кездесуін елеусіз қалдыра алмады. Бірақ бұл тақырыптағы мақалалардың сыни көзқарасы басым. Егер Қазақстан Президентінің Ресей мен Түркия арасындағы жанжалды одан әрі өршітпей, керісінше, татулықпен, бітіммен аяқтау ісіндегі еңбегі батыстық ақпарат құралдарының тарапынан ескерусіз қалса, онда мұның астарында Ердоған мен Путиннің «одағынан» үркудің белгісі бар деп қарастыруға болар. Осы күндері Францияның «La Croix» газетінде жариялаған «Путин мен Ердоған Батысқа қарсы бірігіп жатыр» деген мақаланың тақырыбының өзі неге тұрады? Германияның «Der Spiegel» журналында басылған мақала да осыған ұқсас ой айтады.

Әр елдің мұңы басқа

Қазақстан Ресеймен де, Түркиямен де стратегиялық әріптес. Екі елмен де саяси, экономикалық, сауда-саттық, рухани-мәдени, дипломатиялық, т.б. салаларда алыс-берісі көп. Қазақстанда түрік қаржысының атсалысуымен құрылған 1600-ден аса кәсіпорын бар. Шындығында, Түркияның Қазақ елімен экономикалық, инвестициялық, сауда-саттық, құрылыс салаларындағы серіктестігі аса маңызды. Былтыр Ердоғанның Астанаға ресми сапары кезінде «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарлама қабылдануы бұл байланысты одан әрі күшейте түсті. Түркия – түбі бір, тамыры жақын рухтас ел болса, Ресей – шекарасы шектес, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қоңсы. Оның үстіне, Ресей бұрыннан стратегиялық әріптес ел әрі Еуроазиялық экономикалық одақ бойынша серіктес. Саяси ұғымға сәйкес, әрбір елдің төл мүддесі болуы шарт. Осы қисынға салсақ, сол мүддесі үйлескенмен – әріптес, ал мүддесі қайшымен – қарсылас болуы заңды. Мысалы, Ресей Қазақстанның түркітілдес елдердің интеграциясына кірігуін қаламауы да мүмкін. Түркітілдес елдер одағын құру идеясын Кремльдің тіксіне қабылдағаны мәлім. Бірақ Қазақ елінің басшысы арағайындық жасар тұста, Кремль бұрынғы саяси амбицияларын кері ысырды, керісінше, Н.Назарбаевтың Түркия басшылығына сөзі өтетін ықпалды тұлға екенін түсінгендей. Ал Анкара болса, Кремльмен қарым-қатынасын жаңартуға Еуразиялық экономикалық одақтың мінберін пайдалануды жөн көрді. Мұның өзі татулықтың маңызын түсінген екі тараптың да Астананың араағайындығын мойындауы деп бағалауға болар.

Қалтарыстағы қатпарлар

Шындығында, Ресей мен Түркияның Батыс елдеріне деген ішкі өкпесі ұқсас. Бұл мемлекеттердің екеуі де Еуропаға қарайлас орналасқанымен, Еуропа оларды өзіне терезесі тең санамаған. Сондықтан екеуі де еуропалық әріптестеріне бұрыннан наразы. Ең бастысы, әскери ұшақ атып түсірілген оқиға кезінде Ердоғанның ең алдымен НАТО-ға хабарласуы Кремльдің арқасына пышақ қадағандай әсер етті. Анкара өзінің Солтүстік альянс одағына мүше екенін арқаланатынын жасырмады, тіпті Ресеймен дипломатиялық ара қатынас нашарлап, жанжал әскери теке-тіреске ұласу ықтималдығы күрт артқан кезде де айылын жимады. Бірақ ел ішіндегі саяси бұлғақтан соң АҚШ пен Еуропалық одақ елдері Анкараны оқшау қалдырды. 15 шілде оқиғасынан бері бірде-бір еуропалық мемлекеттің басшысы Түркияға ресми сапар жасамаған, тіпті Ердоғанмен телефон арқылы тілдесуді сиреткен. Осындай алмағайып кезеңде Қазақстан басшылығы Түрік еліне бауырластық пейілін анық танытып, қиын күндері көмек қолын созды. Нұрсұлтан Назарбаев ғаламдық геосаясаттың желі қалай қарай өзгере бастағанын дер шағында сезіп, аймақтық қақтығыстың, тіпті жаһандық тұрақсыздықтың алдын алуға барын салды. Бұл істе Қазақстан Президентінің еңбегін әлемдік дипломатиядағы үлкен жеңісі әрі ғаламдық қауіпсіздікті сақтауға қосқан зор үлесі деп бағаласа, артық емес. Бұған бітімге келген екі тараптың да – ресейлік және түрік ресми билігінің ашық мәлімдемелері дәлел.

Тиімді әріптестік

Ердоған мен Путиннің Санкт-Петербургтағы кездесуі – екіжақты қарым-қатынасты қайта жандандырудың кепілі болмақ. Владимир Путин ресейлік туристер үшін Түркияға саяхат қақпасын қайта ашуға уәде берді, тек түрік әріптесінен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өтінді. Биылға дейін жыл сайын 3 миллион ресейлік азамат өз демалысын Түркияда өткізетін. Биылғы жылдың бірінші жартысында ресейлік туристердің саны 87 пайызға азайған деген дерек бар. Бұл Түркияның туризм саласынан түсетін табысына орасан көп шығын әкелді. Бұған қоса, екі президент «Түрік ағысын» атты газ құбыры жобасына бірге атсалысу мүмкіндігін ақылдасты. Бұл жоба ресей газын Украинадан тысқары жолмен Еуропаға тасуға мүмкіндік береді. Қалай дегенмен де, екіжақты қарым-қатынасты әскери қақтығысқа дейін ушықтырмай, өзара татулықты сақтап, стратегиялық әріптестікті қалпына келтіру Ресей үшін де, Түркия үшін де тиімді екені анық. Оның үстіне, бұл екі ел де АҚШ бастаған Батыстық мемлекеттердің қысымына тойтарыс беру үшін бір-бірінің қолдауына мұқтаж. Ресейлік «Ведомости» газеті астарлап жеткізгендей, екіжақты мемлекетаралық қарым-қатынас екі саясаткердің жеке тұлғалық мінез-құлқының кесірінен нашарлады. Ал құлықтың ақылдан басым түспеу керектігін еске салып, екіжақты тиімді әріптестіктің жібін жалғаған Қазақстан Президенті болатын. Осылайша, тоғыз айға жуық уақыт созылған ресей-түрік жанжалы тарих еншісінде қалды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау көпқатпарлы дүрдараздықты тоқтатып, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздіктің сақталуына сіңірген еңбегі де тарихи дерек түрінде жазылып қалды.

Ұлыбритания, Лондон