Әмен Қайдаров атындағы халықаралық фестиваль басталды

Әмен Қайдаров атындағы халықаралық фестиваль басталды

Әмен Қайдаров атындағы халықаралық фестиваль басталды
ашық дереккөзі
Бүгін ÁMEN Animation film festival басталды. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған байқау онлайн форматта өтіп жатыр. Байқаудың  ерекшелігі – өнер додасының халықаралық деңгейге ұйымдастырылуы. Шараға түркі елдерінің,  атап айтқанда,  Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан өкілдері қатысады. Биыл  фестивальге  40-тан аса жұмыс ұсынылып, 37 фильм іріктеуден өтті. Байқау  төменде көрсетілген бағыттарды  қамтиды:
  • Анимациялық фильмдердің жалпы конкурсы (2019-2020 жж. аралығында түсірілген барлық анимациялық фильмдер бойынша);
  • Студенттік жұмыстардың конкурсы (2019-2020 жж. аралығында түсірілген студенттердің дипломдық,  курстық  анимациялық жұмыстары қабылданады);
  • Комикстер конкурсы (өтінім білдірген барлық суретші-мультипликаторлар қатыса алады).
Шара аясында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қатысуымен «Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері» және «Түркітілдес елдердің анимациялық киноөнерінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстелдер және «Қазақстан: табиғат және адам» атты комикстер көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының атсалысуымен отандық  және  шетелдік озық мультипликаторлардың мастер-кластары мен тренингтері өткізіледі.  Атап айтсақ, олардың қатарында Түркияның белгілі режиссер-аниматоры Исмаил Фидан, «СОЮЗМУЛЬТФИЛЬМ» киностудиясының  директоры Борис Машковцев және өзге де танымал тұлғалар бар. Кәсіби мамандар сапалы  анимациялық жоба жасаудың ең ұтымды тәсілдерін үйретіп, Disney фильмдерін дубляждау тәжірибесімен де бөліседі. Бұдан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен қазақ анимациялық фильмдері ретроспективасы, яғни 1967-2020 жылдар аралығында жарық көрген «Ақсақ құлан», «Қаңбақ шал», «Тігінші мен ай» сынды ең таңдаулы 13 мультфильмнің   және  «Керей мен Жәнібек», «Мұзбалақ», «Күлтегін»   толықметрлі фильмдерінің көрсетілімі болады. Шара барысында режиссер Қасиет Сақиолланың «Махамбет» мультфильмі тұңғыш рет халықаралық деңгейде көпшілік назарына ұсынылса,  Түркиялық режиссер-аниматор Исмаил Фиданның  «Рафадан Тайфа жер асты хикаялары» атты анимациялық фильмінің  Қазақстандағы  тұсаукесері өткізіледі. Байқауға отандық және шетелдік кино саласының ең білікті мамандары, анимациялық кино режиссерлері төрелік етеді.