Қазақстанда 2021 жылы амнистия жарияланады
Қазақстанда 2021 жылы амнистия жарияланады
2021 жылы елімізде амнистия жарияланады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Шара тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналмақ.
Рақымшылық азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндірмеген қылмыс үшін жауапқа тартылғандарды қамтиды, деп хабарлады Ақорда.
Президент полиция қызметін цифрландыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, есірткінің заңсыз айналымымен күресті күшейтіп, түзету жүйесін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.
"Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыстың өршуіне және түрме "тәртібінің" таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім" , – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаны орындау бойынша қордаланған мәселе көп.
"Министрлік қылмыстық-атқару жүйесі проблемаларын шешудің нақты нәтижесін көрсетуі тиіс", – деп түйіндеді Президент.