Тәлім Trend: Тәлімді кім береді, ақылды кім айтады?

Тәлім Trend: Тәлімді кім береді, ақылды кім айтады?

Тәлім Trend: Тәлімді кім береді, ақылды кім айтады?
ашық дереккөзі
Ұлттық арна ұсынған «Тәлім Trend» бағдарламасы басталмай жатып, қоғам белсенділерінің қарсы пікіріне ұшырады. Қарсылық танытушылар бағдарламаға емес, оның жүргізушісіне шүйлікті. «Асыл арнаның» бас директоры М.Тазабековтің ұлттық арнадағы бағдарламаның тізгінін ұстауы кей көрерменнің ұйқысын қашырғандай. Тазабековтің діни көзқарасына күмәнмен қарайтын қоғам белсенділері оның жүргізушіліктен кетуін талап етіп жатыр. Алайда М.Тазабеков «Тәлім Trend» бағдарламасына қарсы адамдар көп емес екенін айтады. Қоғам белсенділерінің қарсылығын қолдан жасалған шу деп қабылдаған ақын бағдарламаны ұнатпауы мүмкін көрермендер саны 10 пайызды құрайды деп жазды фейсбуктегі парақшасында. Осы мәселеге орай біз пікір сұраған азаматтардың біразы ат тонын ала қашты. Енді бірқатары нақты арна, бағдарламаның, адамдардың есім-атауын атамай, жалпы тәлім-тәрбие жайлы ой-пікірін ортаға салуды құп көрді. Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты:

Тәрбиені көрінген адам жүргізбеу керек

– Бүгінгі таңда ғылым мен білім әлемдік, ал тәрбие ұлттық болу керек деген ойымнан әлі айныған жоқпын. Ал тәрбиені көрінген адам жүргізбеу керек. Кез келген педагог тәрбие ісін жүргізе алмайды. Оның ішінде өзінің бойында адами, асыл қасиеті мол, әке-шешесінен жақсы тәлім-тәрбие алған, . ауыл ортасынан шыққан адамдардың болғаны жақсы. Атам қазақ баяғыда «қора толған қой бер, бесік толған бала бер, ол балаға сана бер, сана бермесең ала бер» деп айтып кеткен. Сондықтан не нәрсе жасасақ та саналы түрде жасауымыз керек. Содан кейін ол ұлттың бойындағы қасиет, қазақтың бұрынғы ата-бабасынан келе жатқан ең құнды дүниесі – тілі, әдеті, ғұрпы, салты, тарихы мен мәдениетін білмеген адамға кімге тәрбие береді? Мен баланы да, үлкенді де фольклор арқылы тәрбиелеуге болады деп ойлаймын. Батырлар жырын оқытсаң, баланың бойында батылдық қасиет пайда болады. Жалпы ұлтыңның бойындағы адами, асыл қасиеттерді бүгінгі баланың бойына сіңіруіміз керек. Оны немен сіңіресің? Оны тек қана тәрбиемен ғана сіңіресің. Ал ол тәрбиені жеткізген не? Тәрбиені жеткізетін көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. «Өлді бәрі. Өлмеген көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Ана деген сөзге тілі келмеген Ана болып жарытпайды қыз балаң. Сүйем деген сөзге тілі келмеген Сүйіктің боп жарытпайды ұл балаң» деген ақын өлеңі осыған дәлел. Қазақ деген халықтың дархандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған. Қазақ тектілігін сақтау үшін ата-бабамыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жалғауымыз керек. Тәрбие мәселесінде бүгінгі күннен кеш қалдық демеймін. Қазақ өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас лақтырады дейді. Сондықтан өткенімізді еске ала отырып, бүгінгі қоғамның өміріне сай болғанымыз дұрыс. Серік ӘБІКЕН, Жетісу телеарнасының директоры:

Ақылды да абайлап айту керек

  – Бүгінде эфирде отырып елге ақыл айту – ең оңай жұмыс. Біз қалай ақылман халыққа айналып бара жатқанымызды байқамай жүрміз. «Сен өмірді былай сүр» деп ақыл айтумен өміріміз өтіп жатыр. Әрекетіміз жоқ. Индустриясы дамымаған, кәсіпорындары тоқыраған елде ақыл айту мәселесі көбейіп кетеді. Әйтеуір босып жүрген елді бір сөзбен болса да алдаусыратып отырайық деген  секілді. Біздің алдыңғы буын өкілдері жастарды ауызбен емес мінезбен, өзіміздің өнегелі өмір үлгімізбен тәрбиелейтін ұлт болуға ұмтылуымыз керек. Эфирден өмірден түйгені, күйгені бар, өмір үшін күресіп жүрген адамдарды үлгі қылсақ, көрерменге әлдеқайда өтімді болар еді. Экранда ақылды сөз айтып отырған адамның айтқаны менің ақылыммен үйлеспеуі мүмкін. Неге біз біреуді біреуден ақылды санауымыз керек? Ақылды да абайлап айту керек. Өзімнің айтқанымдың бәрі ақыл екен деп ойлаған адам – нағыз ақымақ. Журналистика мұндай дүниеден биіктеу болуы керек деп ойлаймын. Журналистиканың мақсаты, міндеті бөлек. Танымал тұлғаларды үлгі қылу, оларға халыққа ақыл айтқызып, халықты соңынан ілестіріп түзейміз деу – жаңсақ пікір. Отандық телеарналардағы бағдарламалар мемлекеттің экономикалық жағдайына сай жасалады. Аграрлық ел болғандықтан эфирден осы тақырыпта бірді-екілі бағдарлама жүреді. Біз әзірге тек қана қарабайыр қадамдар жасап келе жатырмыз. Біздің БАҚ түзелуі үшін, телевизия саласында ғылымға, технологияға негізделген  дүниелер болуы үшін Қазақстанда сондай ғылым болуы керек. Ғылымы жоқ мемлекетте қандай ғылыми тележоба болуы мүмкін? Бар нәрсеге бағдарлама жасалады, ал жоққа қандай бағдарлама жасайды? Жоқтың орнын немен толтырады? Жоқтың орнын жеңіл сөз, арзан күлкімен толтырады. Яғни босты боспен толтырасың. Телевизия – біздің бүгінгі өміріміздің айнасы. Телевизия неге арзандап кетті деп өкпелей алмаймыз, өйткені қоғамның бет-бейнесі сондай. Технологиясы мен ғылымы дамыған елге айналсақ телевизия ұсынатын өнімдер де өзгерер еді. Біздің бағытымыз дұрыс болса, сала мамандарынан бастап мемлекетке дейін осыған ұмтылсақ ұтарымыз көп. Оразкүл АСАНҒАЗЫ, қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы:

Тазабековтің айтқанын істе деп жатқан ешкім жоқ

  – Бала тәлім-тәрбиені ата-анадан алатыны бесенеден белгілі. М.Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бесіктегі баланың тәрбиесі дұрыс болуы үшін аналарымыз мықты болуы керек. Өкінішке қарай, кешегі Кеңес өкіметінің кезінде ұлттық құндылыққа негізделген педагогика болған жоқ. Аналарымыз мектептің қабырғасында білім алғанда баланы қалай тәрбиелеу туралы пән болған жоқ. Әлі күнге дейін қыздарымызды мектеп қабырғасында, отбасында бала тәрбиелеуге бейімдеу жетіспейді. Мектеп тәрбиесінің ақсауына ҰБТ-ға дайындық елеулі әсер етіп отыр. Балалар ҰБТ-ға енетін сабақты ғана оқып жатқаны жасырын емес. Қарапайым тілмен айтсақ, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби бабамыздың сөзі шындыққа айналғандай. Елімізде тәрбие ісі жөніндегі проректорларын қысқартып тастаған оқу орындары бар. Бұл дұрыс емес, біздің ең кемшін тұсымыз да – осы. Ел боламыз, бесігімізді түзейміз десек, біз қыздарға беретін тәрбиені мықтауымыз қажет. Бұл әр отбасының, мемлекеттің саясаты болғаны дұрыс. Шыр етіп дүние есігін ашқан бала ата-анадан кейін тәрбиені ұстаздан алады. Ұстаздарымыздың ішінде де жүріс-тұрысы реттелген, өмірден өз орнын тапқан, үлгі болатындар бар. Өзінің жеке басын алып жүре алмайтын, өз білімі өзіне жетпейтін ұстаздар да бар. Сондықтан ұстаздардың өзін балаға тәрбие беретіндей дәрежеде тәрбиелеу керек. Ата-аналар университетін, әкелер мен аналар мектебін жолға қойып, еліміз бойынша жалпыға ортақ бағдарламасын жасап, БАҚ бойынша насихаттауымыз керек. «Тамшы тасты бұзады» дегендей, келісілген ортақ бағдарламамен жастарды тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелей аламыз. Өйткені қоғамда бала тәрбиесін ақсатып алған, баласын, әйелін ұратын қатыгез әкелер бар. Қазақ «ауруын жасырғанды өлім әшкере қылады» дейді. Ол әр отбасының ішкі мәселесі деп айта алмаймыз. Өйткені ата-ана болудың жауапкершілігін түсінбейтін жастар бар. Агроном болу үшін 5 жыл, дәрігер болу үшін 7 жыл оқытамыз. Қыздарға ана болуды, ұлдарға әке болуды бір сағат та оқытпаймыз. Сондықтан қоғамды кім тәрбиелеу керек деген өзекті мәселе көтеріліп отыр. Баланы ата-ана, ұстаз, мектептен кейін қоғам, орта тәрбиелейді. Ұлың жақсы болса, ұлы жақсымен көрші бол деген қазақ. Қоғамның, достарының, сыныптастарының, курстастарының бала тәрбиесіне әсері өте көп. Осы орайда көпшілік алдына шығып уағыз айтатын имамдар қазақтың құндылықтары мен ұлттық тәрбиесіне мән берсе деймін. Мәшһүр Жүсіп, әл-Фараби, Абай, Шәкәрім сынды өзіміздің ғалымдарымыздың сөзін қосып тағылым айтатын имамдар осы күні аз болып тұр. Жақында өзім М.Тазабеков жүргізетін Tәлім Trend бағдарламасына ұл тәрбиесі тақырыбы бойынша қатысып, қонақ болдым. Сол жерде танысқан психолог жігітті өзімнің Instagram парақшам арқылы тікелей эфир ұйымдастырып, жұртқа таныстырдым. Баланы қалай тәрбиелеу керек, оған қандай сұрақ қою керек, қалай оқыту керек деген маңызды сұрақтарға жауап алдық. Өйткені біздің қоғамда бірнеше баласы бар, бірақ баланың жанын тәрбиелеуде ата-ана болудың не екенін білмейтіндер жеткілікті. Осы орайда олардың көкірек көзін ашар тәрбие туралы бағдарламалар керек-ақ. М.Тазабековтың жеке басы біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Оның айтқанын 100 пайыз істе, қайтала деп жатқан ешкім жоқ. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену керек. Адамның өзге тіршілік иелерінен айырмашылығы – естігенінің бәрін жасай бермейтіндігінде. Естігеніңді саралап, жақсысын алып, жаманын таста.