Ізденіс пен ізгілік
Ізденіс пен ізгілік
Тетелес өскен телқоңыр дос, жайсаң азамат, әдеби жолын ақындықтан бастап, ұстаздық ұлы мамандыққа бой ұрған Сейфитден Назымбекұлы Сүтжан жөнінде жазуға ден қойғанда өткен күндер мен жастық жылдарымызды еске алуға тура келеді. Өткен ғасырдың 70-жылдары болатын. Ол кезде мен Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға енді түскен студентпін. Оқу ордасының осынау айтулы факультетінде Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестік бар екен. Кезінде ұлы қаламгер дәріс оқыған аудиторияларда оның қоңыр даусы қалған-ды. Әлем таныған Әуезовті мәңгілік есте қалдыратын бір игілікті іс – оның атындағы әдеби бірлестік болатын. Біз әуелі осы бірлестік өткізетін әдеби-өнер кештеріне қатысушы болып бастадық.
Бірлестік жанынан айтулы даталы күндер мен мейрамдарда тұрақты шығатын «Шағала» атты қабырға газеті де бар болып шықты. Тұтас қабырғаға созылып кететін, тіпті кейде 10-15 метрге дейін кетіп қалатын сол қабырға газеті шыққанда оны оқуға Мұқағали, Қадыр, Тұманбай бастатқан ақындар да келетінін естіп, көріп, осы газетке шығуға деген құмарлық бойымызды кернеді. Газеттің сол кездегі редакторы бесінші курстың студенті Болат деген жігіт болатын. Оны көргенде сыртынан қызыға қарап, біз қашан осындай дәрежеге жетер екенбіз деп армандайтынбыз. Осы газетте қазақтың белгілі ақындарының өлеңдері жарияланып, олардың өздері келіп оқып, жастармен кездесіп, мәре-сәре болып жататын.
Ұмытпасам, 1970 жылдың жазға ұласар шағы, шамасы мамыр мерекелерінің басталған кезеңі болса керек, екінші курстың студенті Сейфитден Сүтжановтың да өлеңдері «Шағаладан» студенттер назарына жол тартты. Сонда балғын ақынның «Адамның жастық шағы да, өтіп те кетер көктем ғой» деп түйінделетін өлеңін оқып, оған сыртынан жанкүйер болдым. Суретін де беріпті, тастүйін балаң жігіт қабырғадан бізге «мені біліп жүріңдер» дегендей қарап тұрды. Бірте-бірте біздер де осы бірлестік жұмысына араласып, қабырға газетіне жақындауға мүмкіндік алдық. Үшінші курста менің де бір топ өлеңдерім жарияланды. Үшінші курсты енді бастап жатқан кезде біздің курсқа алдымыздағы курстан 2-3 студент келіп қосылды. Таныстық. Бірі өзім сыртынан біліп жүрген ақыным Сейфитдин, екіншісі шымыр денелі, түр-тұлғасы спортшыға келетін Әбдіғали Бекішев деген жігіт, үшіншісі жүзінен келбетті, ұяңдық пен ақылдылықтың лебі ескен Шәрбану Әбдірахманова деген бойжеткен болып шықты. Сыртынан біліп, көрсем деп жүрген Сейфитден, қазақы пайыммен айтқанда, киіктің лағындай, тез сөйлеп, шапшаң қимылдайтын, қаршығадай қағылез жігіт екен.
1989-1992 жылдары еңбек жолын ҰҒА-ның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде жалғастырды. 1992-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарған. Осы жылдарда, қалың бойжеткендердің ортасында жүргенде, өзі уақытша қоштасып кеткен поэзиясына қайыра айналып соғып, жастықтың жауқазын шақтары туралы жыр жазып, «өлеңнің өрісіне ат шалдырды» деген сөз жүрді. Кім білсін, ақындық деген атүсті жойылып кететін қасиет емес қой.
1994 жылы қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «М.Ж. Көпеевтің әдеби мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен филология ғылымдарының кандидаты деген атқа ие болды. 1998 жылы Павлодар университетіне ауысып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында педагогтік қызметті әрі қарай жалғастырған. 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап, 2004 жылға дейін С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің қазақ филологиясы кафедрасында доцент, аға ғылыми қызметкер болып, ал 2004-2007 жылдары ПМПИ-де «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2007-2008 жылдары сырттай қысқартылған нысанда оқыту факультетінің деканы, ал 2009-2010 жылдары филология факультетінің деканы болып жұмыс істеді. Қазіргі кезде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында профессор қызметін атқарады.
Төл әдебиетімізде ешкімге ұқсамайтын өз шығармашылық беті, өзіндік стилі, өзгеше суреткерлік болмыс-бітімі бар әдебиетші-ғалым Сейфитден Сүтжановтың «Рухани алмасу арналары» және «Қазақ және түркі руханияты» атты монографиялық еңбектерінде қазақ пен түркі халықтарының XX ғасыр басындағы әдеби байланыстары белгілі бір аспектіде қарастырып, түркі әлемінің тыныс-талғамын тереңдеп жүйелейді». Рухани жақындық пен ұлттық ерекшеліктің тіні тарихи ғасырларда жатқанын дәлелдеп, түркі дүниесіне қалтқысыз еңбек сіңіріп келеді. Әлемдік әдебиеттегі түркілік стильдің ортақтығын танытуда, қазақ поэзиясының ежелгі сарыны мен дабылын даралауда ол көп ізденіп, көз майын тауысып, көсіле жазуда.
«Қазіргі таңда Сейфитден Назымбекұлының 200-ге жуық ғылыми еңбектері мен әдеби-публицистік шығармалары шетел және республикалық түрлі халықаралық конференцияларда, сондай-ақ отандық газет-жорнал беттерінде жарық көрген. Әсіресе, «Мәшһүр мұрасы», «Мәшһүртану курсы», «Әдеби байланыс негіздері», «Сопылық таным тағылымы», «Сопылық ғибратнама», «Түрік тектес халықтар әдебиеті» (оқу құралы, хрестоматия) деген оқу құралдары мен «Рухани алмасу арналары», «Қазақ-түркі әдеби байланыстары», «Қазақ және түркі руханияты», «Сопылық таным тағылымы», «Сопылық ғибратнама», «Түрік тектес халықтар әдебиеті» (оқу құралы, хрестоматия) атты монографиялары атап өтуге тұрарлық. Қазақ даласында кезінде кең тараған сопылық ілімнің тарихы, оның ағартушылық ағысы мен ақидалық канондары туралы жазуды ислам іліміндегі Ханафия мазхабы аясында кеңінен баяндауда Секең таймас табандылық танытып, өзі де іс жүзінде үлгі-өнеге болып жүр.
Сондай-ақ Сейфитден Назымбекұлы университет жанынан құрылған «Ұлағат» атты әдеби-педагогикалық орталық құрастырған Ы.Алтынсариннің өмірі мен әдеби-педагогикалық шығармашылығы туралы бес томдық зерттеулер жинағын құрастырушылардың бірі болды. Оның облыстық, республикалық баспасөз беттерінде әдеби-танымдық тұрғыдағы мақалалары жиі жарияланып тұрады.
XX ғасырдың бас кезіндегі түркілік ақындар шығармашылықтарындағы үндестік, типологиялық ұқсастық негізіндегі алмасу процесін қарастыру және әдеби байланыс тұрғысында төл сөз өнеріміздің даму үрдісін саралау еңбектің көкейкестілігін аңғартады. Ол тарихи-мәдени процеске орай туындаған түркі халықтарының өзара тығыз қарым-қатынастарын зерттеу объектісі ете отырып, байланыс арналарын, әдеби ағым, бағыттағы бірлестігін, жекелеген ақын-жазушылардың бір-біріне еткен ықпал-әсерін көркемдік-эстетикалық тұрғыда зерделейді.
«XX ғасырдың бас кезіндегі түркі халықтары әдебиетінің көрнекті тұлғалары, қазақ – Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар, Мақыш, Ахмет, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Сәбит, Бернияз, татар – Дәрдменд, Гаспринский, өзбек – Фитрат, Чолпан, ұйғыр – Нәзірқожа, қырғыз – Сыдық, Қасым сынды қаламгердің бұрын осы зерттеу мәселесіне байланысты нысанаға алынбаған шығармаларын қарастыруда тың ізденістерге бой ұрды.
Тектес халықтар әдебиетттерінің үндестіктері олардың байланысу арналарына кең жол ашқаны, өзара әсер-ықпалы тиянақты түрде тұжырымдалған еңбегінде Дәрменд, Тоқай, Фитрат, Авлони, Ғафури, Бабич т.б. шығармаларында көтерілген мәселелердің Шәкәрім, Мәшһүр, Сәбит Дөнентаев т.б. шығармаларына өзек болғаны жайлы салыстыра талдаулар жасады. Мұның бәрі шындығына келгенде талай жылдар мен жолдардың айқын айғағы, қияға құлаш ұрған азаматтың маңдай тері мен ел әдебиеті алдындағы өтеулі қызметі.
Сейфитденнің қазақ әдебиеті ғылымындағы іргелі ізденістері ізгілік жолындағы тынымсыз еңбек екенін аша көрсеткен пікірлерді мысалға келтіре отырып, ғалымның туған әдебиетке сіңірген еңбегін бағалауда ортақ мәмілеге келеміз.
Жайсаң дос, жарқын мінез азамат, іргелі ғалым Сейфитден Сүтжан жеті белеске жемісті көтеріліп, қазақ баласы қызығатындай өмір жолдарынан өтті. «Адамның жастық шағы да, өтіп бір кетер көктем ғой» деген оның жиырма жаста жазған жырын еске түсіре отырып, ол туралы пейілді пікір білдіру – мен үшін де бір ғанибет. Сен туралы сөз – ізденіс пен ізгілік туралы сөз. Көңіліміздегі көктем туралы сөз. Көктем өтеді, қайыра келеді. Жастық шақтың жарқын ізі жүрек жылнамасында жазылып қала береді.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері