Жаңалықтар

Батырдың жеке хатшысы

ашық дереккөзі

Батырдың жеке хатшысы

Шығыс Қазаақстан  облысы Ұлан ауданы – қаншама танымал тұлғалар, ғалымдар, батырлар шыққан қасиетті мекен. Солар­дың бірі – жерлесіміз, қазақтың біртуар азаматы, аты аңызға айналған тарихи тұлға, хас батыр, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов. Осындай елі сүйген батырдың жеке хатшысы қызметін атқарған, Көр­кем­сурет академиясының корреспондент – мүшесі, ҰҒА  М.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтының бейнелеу өнері бөлімінің ғылыми редакторы Ер­кін Нұразханмен әңгімелескен едік. Қазақтың бейнелеу өнерінде шарж жанры кенжелеу дамыған. Кезінде ұлы Шо­қаннан бастау алған өнерді кәсіби дең­гейге жеткізген санаулы ғана суретші бар. Соның бірі – Еркін Нұразхан. Еркін Ыбырайымұлы 1953 жылы Шы­ғыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауда­ны Жаңғызтал (бүгінгі Жетіарал) ауы­лында дүниеге келген. 1978 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет учи­лищесін, 1986 жылы Т.Жүргенов атын­дағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын (қазір өнер академиясы) бітірген. Қазақ бейнелеу өне­рінде карикатура, шарж (достық  әзілді портрет) жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан, бүгінде танымал көшбасшысы саналатын белгілі суретші. 1982 жылдан бері әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлерінің  әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Ол еліміз тәуел­сіздік алған жылдар ішінде әлеу­мет­тік-экономикалық, саяси өміріміз­дегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасын дүние­ге әкелді. «Балдырған» журналында, «Түр­кі­стан» халықаралық саяси апталығында көр­кемдеуші редактор, суретші, журналист, «Өнер» баспасында бас редактор бо­лып жұмыс істеді. 2000-2006 жылдары Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазу­шы Қасым Қайсеновтің жеке хатшы­сы қызметін қосымша атқарды.  2008-2015 жылдар аралығында Мем­ле­кет­­тік Ә.Қастеев атындағы өнер му­зейін­де директордың орынбасары қыз­метін атқарса, 2015-2018 жылдары  Ә.Қастеев мұражай-үйінің жетекшісі болды. Елімізге танымал карикатурашы-суретшінің көптеген кітаптары жарық көрді. Өскемен, Семей, Алматы, Астана қалаларында жеке көрмелері болып өтті. Сондай-ақ республикалық көр­ме­лерге белсене қатысуда. Суретші туындылары Тұңғыш Президент музейінде, Ә.Қастеев атындағы МӨМ-де, Қазақстан Ұлт­тық музейінде, Өскемен, Семей қала­ларындағы бейнелеу өнері, Тарбағатай аудандық тарихи-өлкетану мұражай­ларында сақтаулы. Еркін Нұразхан Қазақстан Суретші­лер, Журналистер, Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі. «Мәдениет қайраткері» төс­белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, қоғамдық «Қасым Қайсенов» орде­ні­мен, Суретшілер одағының «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Көр­кем­сурет академиясының арнайы дипломы және медалімен марапаттал­ған. – Халық Қаһарманы Қасым ағамен ме­ні тағдыр жолықтырды. Екеуміздің та­биғатымызда бір ұқсастық болды ма, әл­де көзқарасымыз үйлесті ме, әйтеуір, көп­тің ішінен таңдауы маған түсті. Сөй­тіп ол кісі ұнатып, телефонмен хабарла­сып, тапсырма бере бастады. Мен оны тас-түйін орындап қоямын. Батырдың алты жыл хатшысы болдым. Басымыздан тәтті күндер де, қатты күндер де өтті. Қасекең – юморист. Адамды отырып күлдіреді, – деп Еркін Ыбырайым­ұлы көзі тірісінде айтқан соңғы сөзін тебіреніспен еске алды: – Қасым аға 2006 жылы қыста қатты сыр­қаттанып ауруханаға түскенде көңі­лін сұрай барған маған: «Мен осыдан ана жаққа кетіп қалсам сен мақала жа­зар­­сың. Сонда тақырыбын «Өмірден өкі­­ніші жоқ адам өтті» деп қоярсың. Өйткені мен сұрапыл соғыстан аман ора­лып, міне алпыс жылдай олжа өмір сүрдім. Балалы-шағалы болдым, немере-шө­берелерімді сүйдім. Өмірімде ылғи жақ­сы адамдар жолықты. Басымнан кеш­кендерімді жазып, жазушы атандым. Ха­лықтың сый-құрметіне бөлендім. Соғыста бермеген жұлдызды өз Үкі­ме­тім кеудеме тақты. Менде ешқандай өкі­ніш жоқ. Тағдырыма ризамын. Мүм­кін соғыста мерт болар ма едім. Бір Алла мені сақтады, тірі қалдым. Соған шү­кір­ші­лік етемін...» деген еді. Ал Қаракерей Қабанбай батырдың 310, Көкжарлы Барақ батырдың 300 жыл­дық тойларына барған сапарымызда: «Шіркін, Қабанбай мен Барақтың соң­дарынан еріп соғыспаған соң, өзіңді батырмын деу ұят сияқты. Біздің соғыс олардың қасында қулық пен айланың, техниканың соғысы болды. Таза соғыс, шын батырлық соларда еді ғой...» дегенді қайталап айтқан. Өзінің жау тылында жүріп жасаған ерліктеріне осылайша баға беруінен ұлы бабалар рухы алдында бас иген батырдың қарапайым таби­ғи мінезін көреміз. Еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мем­­лекеттік құрылысын бастаған қа­дам­дарының жетістігіне қуанып, кеміс­тігіне налып отырды. Бұл тарапта біраз ма­қалалары, ой-толғамдары, баспасөз бе­тінде жарияланып, сұхбаттары теле-ра­диодан беріліп жатты. Қасым аға мем­лекетшіл еді. Ел іргесі бекіп, үкімет­тің нығая түсуін тіледі. Қасым аға елін, туған жерін қанша сүйсе де, жалпы қа­зақ халқының тағдырына қатты алаң­дау­шылық білдіретін. Сондықтан ел мүд­десін көздеген қандай да ашық хат, үн­деулерге ең алдымен қол қоятын. Ұрпақ тәрбиесіне де аса мән беріп, жас­тар­дың болашағына алаңдап отырушы еді. Бейберекет телехабарлар мен фильмдерді көріп ашуланатын. Ал зиялы қауым ішіндегі жайсыз әңгімелерге, дау-дамайға кейде кейіп, кейде күліп, пі­кірін әділінен айтатын. Білмейтін бір кісі­лердің «Сіздің руыңыз кім?» дегеніне: «Менде ру жоқ, ұлт қана бар. Ұлтым – қа­зақ», – деп жауап беретін. 2006 жылы 2 желтоқсан күні қар жауып тұрғанына қарамастан әйелім Нұр­камал, ұлым Ерсайын үшеуіміз ата­ның көңілін сұрап қайтайық деп тау­да­ғы үйіне бардық. Қасым аға төсегінде жатыр. Біздің кел­генімізге қуанып, мейірлене амандасып, қал-жағдайымызды сұрады. Қасын­да Асыл апа мен інісі Қадылбек отыр екен. – Мен тау жаққа (Кеңсай дегені) ке­­ту­ге дайындалып жатырмын. Сен ме­нің жеке хатшым болып қаншама жыл қасымда жүрдің, ертең олай-былай болып қанша Алланың берген ғұмырын жа­­са­дым, оған жете алмаймын, – деп бір тоқ­тады. Қадылбек інісінің көңілі бос екен, көзіне ыстық жас үйіріліп, жылап жіберді. – Еркін, сен маған ұлымдай болдың. Қа­сымда бірге жүріп, нағыз адал досым бола білдің. Бір-бірімізді жақыннан та­ни­мыз. Саған өте ризамын. Әкеңдей бол­ған Қасым ағаң өмірден өтіп кетсе қан­дай да бір құжаттар, деректер қажет болса, үйге келіп, керекті ақпаратыңды алу­ға саған әрдайым есік ашық. Елді, жер­ді сағындым. Қайран туған жерім, да­лада қалатын болдым, – деді. Қасым ағаның осы бір мұңынан кейін Асыл апа: – Егер Жұмағали бол­ма­ғанда Украинада қалар едің. Осыған да тәубә десеңші, – деді көңілі босап. Ұлы батырлардың соңғы тұяғындай тұл­ғалы бола тұра, бабалары мен өмір­ден өткен замандастары ақын-жазу­шы­лардың, Баукең, мен Рахымжанның аруақ­тарын аялай еске алып, сағыны­шын жасырмаған, өз бабаларына ғана емес, маңайында жүрген бәрімізге әке­лік мейірімін аямаған ұлы жүрек соғуын тоқ­татты.... «Әй, қарағым» деген қоңыр үн үзілді...  

Эльмира АХМЕТОВА