Нұрымжан Жұмағазиев: Биыл қандастарға бөлінген грант толық игерілмей қалды
Нұрымжан Жұмағазиев: Биыл қандастарға бөлінген грант толық игерілмей қалды
Биыл шетелден келіп Foundation факультетте білім алып жатқан талапкерлер ЖОО-ға түсу көрсеткіші жылдағыдан анағұрлым аз. Осы жайында және шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқытуға қатысты мәселелер бойынша «Отандастар қорының» Білім бағытының жауапты қызметкері, Білім және ғылым министрлігінің Республикалық білім гранттарын беру жөніндегі конкурстық комиссияның мүшесі Нұрымжан Жұмағазиевпен әңгіме өрбіткен едік.
– Қандастарға арналған дайындық бөлімінің мүмкіндіктері жайлы айтыңызшы.
– 2011 жылы Білім және ғылым министрлігінің №554 бұйрығымен 20-дан астам ЖОО-да этникалық қазақ жастарын жоғары оқуға түсіруге даярлайтын арнайы дайындық бөлімдері Foundation факультет болып құрылды. Оқу мерзімі қазан-мамыр аралығын қамтиды. Әр жыл сайын құжат қабылдау уақыты – 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін. Емтихан қазақ тілі және математика пәндерінен тапсырылады. Шектік балл қарастырылмаған, жалпы ұпай саны – 40. Талапкерлер 40 балдан төмен қарай толық грант игерілгенше қабылдана береді.
– Бұл ретте дайындық бөлімдеріне «Отандастар қоры» тарапынан қандайда бір қолдау бар ма?
– 2019 жылдан бастап құжаттарды тапсыру ережесі «Отандастар қоры» КеАҚ ұсынысымен онлайн форматқа ауыстырылды және дайындық бөлім жұмыстарын ұйымдастыратын арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар құжаттарды аудармасыз қабылдайтын болды. Жатақханалар тегін берілу ұсынылды, медициналық сақтандыру секілді мәселелерінде «Отандастар қоры» өз қолдауын көрсетіп келеді.
Одан бөлек, «Отандастар қоры» КеАҚ ұсынысымен биыл шекараның ар жағында қалған қандастар үшін алғаш рет ҰБТ онлайн форматта өткізілді. Талапкер өзінің бір реттік құпия сөзімен платформаға кіріп, тестті тапсырды. Талапкердің мониторы бақылауда болды және тест тапсыру уақытын бөлек видеоға түсіріп, тест жауаптарымен бірге жіберу арқылы жүзеге асты. Нәтижесінде 2 025 талапкер құжат тапсырған. ҰБТ-ны Қазақстанда 1 276 талапкер тапсырса, оның 700-і шектік балл жинаған. Онлайн тапсырғандардың саны – 733, ал оның 434-і шектік балл жинады.
– Шектік балл жинай алмай қалған қандастар еліне қайта ма, әлде басқа да мүмкіндік бар ма?
– Иә, бұл өте маңызды мәселе. Биыл конкурсқа қатысып грант иеленбей қалған 132 талапкердің мәселесі бойынша «Отандастар қоры» атынан ЖОО ректорларына қолдау көрсетілуін сұрап, арнайы хат жаздық.
ҰБТ-ға қатысып, шектік балл жинай алмай қалған қандас талапкерлер не істеу керегі жайлы мынадай нақты мысалдарды келтіре кетейін. Мәселен, талапкер 3 міндетті пәннің балын сақтай отырып, шығармашылық емтихан тапсыруға болады. Мысалы, шығармашылық бағыттарда өнер, сызу, денешынықтыру және журналистика секілді мамандықтар бар.
Шығармашылықтан жинаған балын міндетті 3 пәннің балына қосып, гранттық конкурсқа қатыса алады. Ал ЖОО-ға түсе алмаған жағдайда қандастарымыз колледждерге құжат тапсыруға мүмкіндігі бар. Жалпы республикалық гранттың 4 пайыздық квотасы қандастарға беріледі. Сондықтан мүмкіндіктер мол.
Колледждерге түсу үшін құжаттарды қабылдау 20 маусымнан бастап 25 тамызға дейін. Емтихан екі міндетті пән (қазақ немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы) және 2 бейімді пән тапсырады. Биыл 539 талапкер құжат тапсырып, барлығы дерлік грант иегері атанды.
– Жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда биыл дайындық бөліміне түскен қандастар саны анағұрлым аз. Бұған не себеп болды?
– Биыл Үкіметтен бөлінген грант саны көп, бірақ игеру жағы расында төмен болды. Мысалы, Үкіметтің 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 199 қаулысына сәйкес, 2018-2019 оқу жылы бөлінген грант саны – 1 200, оқуға түскендер саны – 992, ал 2019-2020 оқу жылы бөлінген грант саны – 1 000, оқуға түскендер саны – 1238 болса, биылғы 2020-2021 оқу жылы бөлінген грант саны – 1 300, ал оқуға түскендер саны – 825. Әрине, бұл мәселеге биылғы пандемия жағдайы да кері әсерін тигізді. Дей тұрғанмен Foundation факультеттер бұл көрсеткішке қарап, білім сапасы мен талапты жоғарылатуы қажет. Әйтпесе, жоғарыдан бөлінетін грант саны азайып қалуы мүмкін. Бұл дайындық бөлімі еліміз үшін де қандастар үшін де, әсіресе көші-қон саласын арттыруда ең тиімді бағдарлама болғандықтан бұған салғырттық танытуға болмайды.
– Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай гранты» тағайындалды. Осы жайлы айта кетсеңіз?
– Иә, Үкіметтен қандастарға бөлінген гранттан бөлек, шетелдік талапкерлерге Назарбаев университеті арнайы «Абай грантын» ұсынды. Ол іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өткен және қабылдау комиссиясы оқуға қабылдауға ұсынылған талапкерлерге беріледі. Сонымен бірге оқу төлемін, медициналық сақтандыруды және айлық шәкіртақыны өтейді. Ал магистратура бағдарламаларының дайындық жылына (NUZYP) ұсынылған шетелдік үміткерлерге де «Абай гранты» қарастырылады.
«Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен Назарбаев университетi Кабылдау департаментiнiң аға менеджерi Лаура Палуановамен кездесу өткізіп, қандастарға түсіндірме жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде АҚШ, Канада, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен 56 қандасымыз қатысып, 13 талапкер грант иеленді.
– Ал дайындық бөлімдерінен бөлек, магистратура және докторантураға түсу көрсеткіші қай деңгейде?
– Мұны да сараптап көрдім. 2019-2020 жылғы білім гранттарының статистикалық көрсеткішіне сәйкес, магистратура саны – 125, PhD докторантура – 10. Кейбір сараптамаларға қарағанда, қандастарды көбінде магистратура гранттары қызықтырады екен. 125 орынға 526 үміткер қатысты (шетел азаматтарын қоса алғанда). Грант иеленген 125 магистранттың 48-і қандастар.
– Елге келмеген шетелдегі қазақ диаспорасын, соның ішінде оқу жасындағы жастармен қандай байланыс бар?
– Шетелде тұратын қазақ оқушылар арасында ұйымдастырылатын шығармашылық конкурстар бар. Қазір олардың көбі пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта жүруде.
Биыл ұйымдастыру комитетінің шешімімен тұңғыш рет «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, олимпиада түрінде қашықтықтан 1-20 маусым аралығында өткізілді. Оған Ресей, Қытай, Иран, Монғолия, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы және Түркия елдерінен барлығы 146 оқушы қатысты. Өткен жылы 38 адам қатысқан болатын. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда бұл жағы жыл сайын дамып келеді. Одан бөлек, «Отандастар қоры» белгілі математик қандасымыз Ырысбек Мәуіт мырзаның «Зерделі» мектебімен бірлесіп, әлемнің 12 еліндегі қандастарды онлайн форматта оқытуды қолға алып отыр.
2019 жылы әлемнің 12 елінен 31 онлайн қазақ сыныптары ашылған болатын. Аталмыш сыныптар теледидар, камера, колонка, ноутбуктармен толық жабдықталды. Олардың әрқайсысымен келісімшарт бар. 2020 жылдан бастап, тeams трансляция форматында ақпан-мамыр айларында курстың І семестрі өткізілді. Әр елден 17 жеке WhatsApp топ құрылып, тыңдармандардың сұрақтарына жауап беріліп, хабарландырулар жіберіледі. Трансляция видеоға жазылып Otandastar channel арнасына жүктеліп тұрады.
– Онлайннан бөлек, шетелдерде қазақ тілін оқытатын орталықтар бар ма?
– Өте заңды сұрақ. Бұл мені де толғандырады. Расында әлемнің біраз елінде мәдени орталықтар бар. Қазақ тілін оқытуды сол жерлерде қолға алу қажет. Бұл жұмыс қазірден қолға алына бастады. Мәселен, биылғы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, әлемнің біраз елінде «Абай мәдени-іскерлік үйі» ашылды. Оны ақпараттардан біліп отырсыздар. Алда бұл мәдени-іскерлік үйлер қазақ тілін оқыту және мәдени іс-шара ұйымдастыру жұмыстарын жүргізбек. Мәселен, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен келісімшартқа отырып, шарт аясында Бельгия, Иран, Түркия, АҚШ, Ресей мемлекеттерінде қазақ тілі курстары ұйымдастырылды.
– «Абай мәдени-іскерлік үйі» қазақ тілін оқытады деп жатырсыз. Онда нақты жауапты мамандар бар ма, оларды кім қаржыландырады?
– Әр мемлекеттен қазақ тілін толық меңгерген кураторлар бекітілді және оларға жалақы белгіленді. «Тіл-қазына» орталығының жасақтауымен оқыту бағдарламасы бекітілді. Қазақстаннан қазақтілді жоғары білімі бар әдіскер тағайындалды. Бекітілген бағдарлама бойынша әдіскер аптасына 2 рет кураторларға онлайн форматта әдіскерлік сабақ өткізеді.
– Дәрістер қай елдің білім стандарттарына сай оқытылады?
– Бұл да шетін мәселе. Шетел уәкілетті органдары қазақстандық білім стандарттарына сәйкес әзірленген оқулықтарды қабылдаудан бас тартуына байланысты, шетелдегі қандастарымыздың ана тілін үйренуіне жағдай жасау үшін халықаралық тәжірибеге сай мектептен тыс пайдалануға арналған әмбебап тіл үйрету басылымын (Оксфорд, Кембридж баспаларының ағылшын тілін үйрету құралдарына ұқсас болуы мүмкін) әзірлеп шығару жөнінде тапсырма берілген. Бұл идеяны «Отандастар қоры» КеАҚ-ның мамандары ұсынған болатын.
Сұхбаттасқан
Бақытбек ҚАДЫР