Нұрымжан Жұмағазиев: Биыл қандастарға бөлінген грант толық игерілмей қалды

Нұрымжан Жұмағазиев: Биыл қандастарға бөлінген грант толық игерілмей қалды

Нұрымжан Жұмағазиев: Биыл қандастарға бөлінген грант толық игерілмей қалды
ашық дереккөзі
Биыл шетелден келіп Foundation факультетте білім алып жатқан талапкерлер ЖОО-ға түсу көрсеткіші жылдағыдан анағұрлым аз. Осы жайында және шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқытуға қатысты мәселелер бойынша «Отандастар қорының» Білім бағытының жауапты қызметкері, Білім және ғылым министрлігінің Республикалық білім гранттарын беру жөніндегі конкурстық комиссияның мүшесі Нұрымжан Жұмағазиевпен әңгіме өрбіткен едік. – Қандастарға арналған дайындық бө­лі­мінің мүмкіндіктері жайлы айтыңызшы. – 2011 жылы Білім және ғылым министрлігінің №554 бұйрығымен 20-дан астам ЖОО-да этникалық қазақ жастарын жоғары оқуға түсіруге даярлайтын арнайы дайындық бөлімдері Foundation факультет болып құрылды. Оқу мерзімі қазан-мамыр аралығын қамтиды. Әр жыл сайын құжат қабылдау уақыты – 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін. Емтихан қазақ тілі жә­не математика пәндерінен тапсырылады. Шектік балл қарастырылмаған, жалпы ұпай саны – 40. Та­лап­керлер 40 балдан төмен қарай толық грант игерілгенше қабылдана береді. – Бұл ретте дайындық бөлімдеріне «Отандас­тар қоры» тарапынан қандайда бір қолдау бар ма? – 2019 жылдан бастап құжаттарды тапсыру ере­жесі «Отандастар қоры» КеАҚ ұсынысымен онлайн фор­матқа ауыстырылды және дайындық бөлім жұ­мыс­тарын ұйымдастыратын арнайы жұмыс тобы құрыл­ды. Сонымен қатар құжаттарды аудармасыз қа­былдайтын болды. Жатақханалар тегін берілу ұсы­нылды, медициналық сақтандыру секілді мәсе­ле­лерінде «Отандастар қоры» өз қолдауын көрсетіп ке­леді. Одан бөлек, «Отандастар қоры» КеАҚ ұсыны­сы­мен биыл шекараның ар жағында қалған қандастар үшін алғаш рет ҰБТ онлайн форматта өткізілді. Та­лапкер өзінің бір реттік құпия сөзімен платформаға кі­ріп, тестті тапсырды. Талапкердің мониторы бақы­лауда болды және тест тапсыру уақытын бөлек видео­ға түсіріп, тест жауаптарымен бірге жіберу арқылы жү­зеге асты. Нәтижесінде 2 025 талапкер құжат тап­сырған. ҰБТ-ны Қазақстанда 1 276 талапкер тап­сырса, оның 700-і шектік балл жинаған. Онлайн тап­сырғандардың саны – 733, ал оның 434-і шектік балл жинады. – Шектік балл жинай алмай қалған қандас­тар еліне қайта ма, әлде басқа да мүмкіндік бар ма? – Иә, бұл өте маңызды мәселе. Биыл конкурсқа қа­ты­сып грант иеленбей қалған 132 талапкердің мә­селесі бойынша «Отандастар қоры» атынан ЖОО рек­торларына қолдау көрсетілуін сұрап, арнайы хат жаз­дық. ҰБТ-ға қатысып, шектік балл жинай алмай қал­ған қандас талапкерлер не істеу керегі жайлы мынадай нақты мысалдарды келтіре кетейін. Мәселен,  та­лапкер 3 міндетті пәннің балын сақтай отырып, шы­ғармашылық емтихан тапсыруға болады. Мысалы, шы­ғармашылық бағыттарда өнер, сызу, денешы­нық­тыру және журналистика секілді мамандықтар бар. Шығармашылықтан жинаған балын міндетті 3 пән­нің балына қосып, гранттық конкурсқа қатыса ала­ды. Ал ЖОО-ға түсе алмаған жағдайда қандас­тары­мыз колледждерге құжат тапсыруға мүмкіндігі бар. Жалпы республикалық гранттың 4 пайыздық кво­тасы қандастарға беріледі. Сондықтан мүмкін­діктер мол. Колледждерге түсу үшін құжаттарды қабылдау 20 маусымнан бастап 25 тамызға дейін. Емтихан екі мін­детті пән (қазақ немесе орыс тілі, Қазақстан тари­хы) және 2 бейімді пән тапсырады. Биыл 539 талапкер құжат тапсырып, барлығы дерлік грант иегері атан­ды. – Жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда биыл дайындық бөліміне түскен қандастар са­ны анағұрлым аз. Бұған не себеп болды? – Биыл Үкіметтен бөлінген грант саны көп, бірақ игеру жағы расында төмен болды. Мысалы, Үкіметтің 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 199 қаулысына сәйкес, 2018-2019 оқу жылы бөлінген грант саны – 1 200, оқу­ға түскендер саны – 992, ал 2019-2020 оқу жылы бө­лінген грант саны – 1 000, оқуға түскендер  саны – 1238 болса, биылғы 2020-2021 оқу жылы бөлінген грант саны – 1 300, ал оқуға түскендер саны – 825. Әри­не, бұл мәселеге биылғы пандемия жағдайы да кері әсерін тигізді. Дей тұрғанмен Foundation факультеттер бұл көрсеткішке қарап, білім сапасы мен талапты жоғарылатуы қажет. Әйтпесе, жоғарыдан бөлінетін грант саны азайып қалуы мүмкін. Бұл дайындық бөлімі еліміз үшін де қандастар үшін де, әсі­ресе көші-қон саласын арттыруда ең тиімді бағ­дарлама болғандықтан бұған салғырттық танытуға бол­майды. – Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай гранты» тағайындалды. Осы жайлы ай­та кетсеңіз? – Иә, Үкіметтен қандастарға бөлінген гранттан бө­лек, шетелдік талапкерлерге Назарбаев университе­ті арнайы «Абай грантын» ұсынды. Ол іріктеудің бар­лық кезеңінен сәтті өткен және қабылдау ко­миссия­сы оқуға қабылдауға ұсынылған талапкерлерге беріледі. Сонымен бірге оқу төлемін, медициналық сақ­тандыруды және айлық шәкіртақыны өтейді. Ал ма­гистратура бағдарламаларының дайындық жылына (NUZYP) ұсынылған шетелдік үміткерлерге де «Абай гранты» қарастырылады. «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен Назарбаев университетi Кабылдау департаментiнiң аға менеджерi Лаура Палуановамен кездесу өткізіп, қан­дастарға түсіндірме жұмысын жүргіздік. Нәти­жесінде АҚШ, Канада, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен 56 қандасымыз қатысып, 13 талапкер грант иеленді. – Ал дайындық бөлімдерінен бөлек, магис­тратура және докторантураға түсу  көрсеткіші қай деңгейде? – Мұны да сараптап көрдім. 2019-2020 жылғы бі­лім гранттарының статистикалық көрсеткішіне сәй­кес, магистратура саны – 125, PhD докторантура – 10. Кейбір сараптамаларға қарағанда, қандастарды көбінде магистратура гранттары қызықтырады екен. 125 орынға 526 үміткер қатысты (шетел азаматтарын қоса алғанда).  Грант иеленген 125 магистранттың 48-і қандастар. – Елге келмеген шетелдегі қазақ диаспорасын, соның ішінде оқу жасындағы жастармен қандай байланыс бар? – Шетелде тұратын қазақ оқушылар арасында ұйымдастырылатын шығармашылық конкурстар бар. Қазір олардың көбі  пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта жүруде. Биыл ұйымдастыру комитетінің шешімімен тұңғыш рет «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, олимпиада түрінде қашықтықтан 1-20 маусым аралығында өт­кізіл­ді. Оған Ресей, Қытай, Иран, Монғолия, Өзбек­стан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы және Түр­кия елдерінен барлығы 146 оқушы қатысты. Өт­кен жылы 38 адам қатысқан болатын. Бұрынғы жыл­дармен салыстырғанда бұл жағы жыл сайын да­мып келеді. Одан бөлек,  «Отандастар қоры» белгілі математик қандасымыз Ырысбек Мәуіт мырзаның «Зерделі» мектебімен бірлесіп, әлемнің 12 еліндегі қандастарды онлайн форматта оқытуды қолға алып отыр. 2019 жылы әлемнің 12 елінен 31 онлайн қазақ сы­ныптары ашылған болатын. Аталмыш сыныптар теледидар, камера, колонка, ноутбуктармен толық жабдықталды. Олардың әрқайсысымен келісімшарт бар. 2020 жылдан бастап, тeams трансляция форматында ақпан-мамыр айларында курстың І семестрі өткізілді. Әр елден 17 жеке WhatsApp топ құрылып, тың­дармандардың сұрақтарына жауап беріліп, хабар­ландырулар жіберіледі. Трансляция видеоға жа­зы­лып  Otandastar channel  арнасына жүктеліп тұра­ды. – Онлайннан бөлек, шетелдерде қазақ тілін оқытатын орталықтар бар ма? – Өте заңды сұрақ. Бұл мені де толғандырады. Ра­сында әлемнің біраз елінде мәдени орталықтар бар. Қазақ тілін оқытуды сол жерлерде қолға алу қажет. Бұл жұмыс қазірден қолға алына бастады. Мәселен, биылғы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, әлемнің біраз елінде «Абай мәдени-іскерлік үйі» ашылды. Оны ақпараттардан біліп отырсыздар. Алда бұл мәдени-іскерлік үйлер қазақ тілін оқыту және мәдени іс-шара ұйымдастыру жұмыстарын жүргізбек. Мәселен, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» Ұлт­тық ғылыми-практикалық орталығымен келі­сім­шартқа отырып, шарт аясында Бельгия, Иран, Түркия, АҚШ, Ресей мемлекеттерінде қазақ тілі курстары ұйымдастырылды. – «Абай мәдени-іскерлік үйі» қазақ тілін оқы­тады деп жатырсыз. Онда нақты жауапты мамандар бар ма, оларды кім қаржыландырады? – Әр мемлекеттен қазақ тілін толық меңгерген кура­торлар бекітілді және оларға жалақы белгіленді. «Тіл-қазына» орталығының жасақтауымен оқыту бағдарламасы бекітілді. Қазақстаннан қазақтілді жо­ғары білімі бар  әдіскер тағайындалды. Бекітілген бағ­дарлама бойынша әдіскер аптасына 2 рет куратор­ларға онлайн форматта әдіскерлік сабақ өткізеді. – Дәрістер қай елдің білім стандарттарына сай оқытылады? – Бұл да шетін мәселе. Шетел уәкілетті органдары қа­зақстандық білім стандарттарына сәйкес әзір­лен­ген оқулықтарды қабылдаудан бас тартуына байланысты, шетелдегі қандастарымыздың ана тілін үй­ренуіне жағдай жасау үшін халықаралық тәжірибеге сай мектептен тыс пайдалануға арналған әмбебап тіл үйрету басылымын (Оксфорд, Кембридж баспа­ларының ағылшын тілін үйрету құралдарына ұқсас болуы мүмкін) әзірлеп шығару жөнінде тапсырма берілген. Бұл идеяны «Отандастар қоры» КеАҚ-ның ма­мандары ұсынған болатын.

Сұхбаттасқан

Бақытбек ҚАДЫР