Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ
Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ
Кезінде Қытай үкіметі орнатқан қатаң тәртіптің тезіне түсіп, алдымен Пәкістанға, кейіннен Түркияға үдере көшкен қазақтардың ұрпақтары арасында атадан балаға мұра болып, қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан кәсіпті жандандырып жүргендер баршылық. Стамбұлда жеке дүкенімен қоса, шағын зауыты бар Тұран Баһадүр есімді қандасымыз теріден киім тігіп, әшекей бұйымдар жасаумен айналысады. Сонымен қоса Түркия аумағында түсірілетін тарихи киноларға арнайы киім тігеді, танымал түрік әншілерінен де көп тапсырыс алады. Тіккен киімдері мен жасаған бұйымдары Түркиядан тысқары Еуропа және Батыс елдерінде де үлкен сұранысқа ие қандасымызбен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Ал тігін цехы сол дүкеніңіздің ішінде орналасқан ба?
– Иә, шағын зауыт пен дүкен бір жерде орналасқан. Қоластымда он шақты адам жұмыс істейді. Кейбірі түрік, енді бірі өзіміздің қазақтар, арасында енді үйреніп жүрген жастар да бар. Киім тігуді кезінде өзім әкемнен қалай үйренсем, оларға да солай үйретуге барымды салып жүрмін.
–Дүкеніңіздің жеке сайтын ашып қарағанымда, бұйымдарды, әсіресе бас киімдерді сатып алушылардың көптеген жағымды пікір қалдырғанын, сонымен қатар Түркиядағы тарихи кино түсірушілердің де сізге тапсырыспен киім тіктіргенін байқадым. Олармен қалайша байланыс орнаттыңыз?
– Айта кетерлігі, бұл жақта оғыздардың бас киімдеріне сұраныс көп. Сонымен қатар көпшілігі киімнің сызбасын сызып я болмаса белгілі бір суретті әкеліп «Тура осылай тігіп беріңізші» деп тапсырыс береді. Сексен миллион халқы бар Түркия елінде қазіргі таңда мен секілді ұлттық нақыштағы киім тігетіндер мен әшекей бұйымдарын әзірлеушілердің қарасы көп. Десек те, бәсекесі биік бұл нарықта біздің зауытта тігілетін киімдерге сұраныс көбеймесе, азайған емес. Бүгінгідей интернет дәуірі жүріп тұрған заманда тапсырыс алу мәселесі жеңілдеді. Тарихи киноларға қалай тапсырыс алғанымды сөз ететін болсам, «Қорқыт ата» киносын түсірушілер біз жасаған өнімді интернеттен көріп «Бізге сіздің өніміңіз ұнады. Зауытыңызға барып, қолыңыздан шыққан киім үлгілерін көрейікші» деп хабарласты. Кейіннен киім үлгілері, әсіресе мұның сапасы ұнаған соң, аталған киноның екінші бөліміне де тапсырыс алып, ақырында кино түсірушілер тарапынан тапсырыс беретіндер күрт көбейіп кетті. Осылайша Direnis Karatay, Hürkuş секілді тарихи кино түсірушілер тобы хабарласып, көптеген киім үлгісіне тапсырыс берді. Бұдан бөлек, Түркияның Алперрен Кекилли деген танымал әншісі концертіне киімді біздің зауытқа келіп, арнайы тіктіреді. Мұнымен қоса, есімі белгілі әншілер де клипіне қажетті ұлттық киімдерді біздің дүкеннен келіп, таңдап я тіктіртіп алады. Сосын Стамбұлдағы бірнеше театр әкімшілігі де қойылымдарына киім тігіп беру туралы ұсыныстар жасайды. Мұнымен қоса, садақ атудан жарыс ұйымдастырушылары жиі тапсырыс береді. Түркиядан бөлек, Еуропа елдерінен де тапсырыс алып тұрамыз. Сосын онлайн тапсырыс арқылы Канада, Австралия, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей және Украина елдерінен де клиенттеріміз бар. Қайыра айтсам, атадан қалған кәсіптің тізгінін ұстап қалғаныма, бұл істі бүгінде табысты түрде жалғастырып келе жатқаныма қуанамын.
– Келесі жылы жағдай түзелсе елдегі бір-екі өңірді асықпай аралайтыныңызды айтып қалдыңыз. Қазақстанның қай өңіріне саяхаттауды жоспарлап отырсыз?
– Бәрінен бұрын Семей өңіріне барғым келеді. Әкем кезінде Шығыс Түркістан деп аталған аумақта туылғанымен, атам сол Семей жақтың тумасы. Ата-бабам жүріп өткен, үйдегілердің бала күнімнен құлағыма құйып айтқан сол өңірді өз көзіммен көргім келеді. Сондай-ақ ел астанасы Нұр-Сұлтан шаһарын Дубай секілді әсем қала дегенді жиі естимін. Сол қаланы да асықпай аралағым келіп жүр. Сосын елге барып, сары қымызды сапырып ішіп, қалың топпен бірге Наурыз мерекесін тойлатқым келеді. Қымыз демекші, Түркияның Измир қаласында қымыз әзірлеумен айналысатын қазақ бауырымыз бар, десек те, Қазақстанда жасалатын қымыздың дәміне ештеңе жетпейді екен. Атажұртта жылқыны бағудың қыр-сыры басқа ма, әлде ауасы мен табиғаты бір бөлек пе, білмедім, Қазақстанның қымызының дәмі өте ерекше. Елде әзірленетін қымызды бір татқаннан-ақ ұнатып қалған біздер Түркияда туып-өсіп, қазіргі күні Қазақстанға көшіп кеткен қазақтар немесе осында оқитын студенттер арқылы тапсырыспен қымыз алдыртамыз.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ