Әлем қазақтары ана тіліндегі ақпаратқа сусап отыр

29 қазан, 2020 / Бақытбек ҚАДЫР
ашық дереккөзі
Әлем қазақтары ана тіліндегі ақпаратқа сусап отыр «Отандастар қоры», Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қол­дауымен Túrkistan халықаралық газетінің Atajurt айдарын таныстыру және алыстағы ағайынмен рухани-мәдени, ақпараттық байланыс орнату мақсатында алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастармен онлайн жүз­десуі өтті. «Túrkistan қандастарға төрін ұсынады» деген Zoom плат­фор­масында өткен шараға Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасының басшысы Мұхтар Кәрібай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этно­саралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсінбаев, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сар­басов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы Сырым­бек Төлеу, халықаралық Тúrkistan газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай және әлемнің 30-ға жуық елінен қандастарымыз қатысты. Онлайн жүздесу бары­сында алыстағы ағайынға Тúrkistan газетінің қандастарға арналған Atajurt жобасы таныстырылды. Еске сала кетейік, елге оралған ағайын­ды қолдау мақсатында «Nur Otan» партиясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қорының» бірлесуімен Тúrkistan газетінде қандастарға арналған Аtajurt жобасы қолға алынған еді. Жыл ба­сынан бері газет тілшілері Аtajurt жо­басы­мен қандастар көп шоғырланған Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына арнайы іссапармен барып, ондағы қандастарға қатысты өзекті мәсе­лелерді көтеріп келеді. Аталған онлайн жиынға қатысқан қан­дас­тар мен шетелдегі мәдени орталық­тар­дың жетекшілері өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, «Отандастар қоры» КеАҚ баспасөз хатшысы (модератор): – Тúrkistan газеті – еліміздегі ең беделді қазақ­тілді басылымның бірі. Бұл газеттің өзіндік ерекшелігі – сараптамалық және тарихи танымдық тақырыптармен қоса қан­дастар мәселесі тұрақты жазылады. Ба­сылым сонау  90-жылдары көші-қон сая­саты енді қалыптаса бастаған тұста қан­дастарға арналған «Қоныс» қосымшасын шығарған еді. Оның заңды жалғасы ретінде Аtajurt жо­басы жыл басынан бері өз жұмысын жүр­гізіп келеді. Біздің мақсатымыз – шетелдегі қан­дастармен ел азаматтары арасында ақ­па­рат­тық пікір алмасатын алаң қалыптастыру. Бұр ретте Тúrkistan газетінің Аtajurt жоба­сы­ның орны ерекше.  Сондықтан да біз жиын­ға қатысып отырған барлық қандасты осы жобаға атсалысуға шақырамыз. Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы: – Газетіміздің Аtajurt жобасында қан­дас­тары­мызға қатысты әртүрлі өзекті мә­се­ле­лер көтерілді. Әсіресе, елге оралған кезде ке­з­де­сетін әкімшілік кедергілер және әлеу­меттік мәселелерден бөлек, мәдени-рухани же­тістіктері де кеңінен қамтылды. Тек ма­қала ғана емес, қазіргі заман талабына сай бей­несюжеттер дайындалды. Баспасөз қандай да бір мекемеге тапсырма беруге немесе міндет жүктеуге құзыретті емес, әри­не. Десек те, біз біраз кейіпкеріміздің мә­­­селесінің оң шешім табуына әсер етке­ні­міз рас. Мәселен, Қытайдан көшіп келген қан­дасымыз, Қазақстан азаматы Қарақат Әбдеш  күйеуі мен оның әкесі және екі інісі Қы­­тайда жазықсыз сотталып, отбасы екіге бө­­лінгенін айтып, редакциямызға мұңын ша­ғып келді. Өзі туыстарына бара алмайды екен, бір рет барғанда екі жыл үйқамақта ұста­­ған көрінеді. Өте қиын жағдай. Жап-жас келіншек, өрімдей балаларымен ата­жұртқа келіп, шарасыз күйде отыр. Жағ­дай­ды бүге-шүгесіне дейін баяндап, газетке мақала жарияладық. Ізінше халықаралық конвенцияларға сүйене отырып, екіге бө­лінген отбасын қосуға ықпал жасауын сұрап еліміздің Сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған едік. Жақында хатқа жауап ал­дық, онда бұл мәселе бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай Елшілігіне нота жолдап, екіжақты кездесуде көтере­тінін мәлімдеген. Сол сияқты астана іргесінде негізінен қан­­­­­дастарымыз қоныстанған «Нұрбесік» деп аталатын шағын елді мекен бар. Шетел­ден қоныс аударған қандас­тарымыздың сол жер­де тұрып жатқанына он шақты жыл бол­са да, әлі күнге дейін үй-жайларын заң­дастыратын құжаты жоқ. Және елді мекенге бірде-бір коммуникация тартылмаған еді. Біздің редакция тілшілері бірнеше рет осы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ви­деорепортаж жасап, газетке мақала жа­рия­ла­ды.  Әрі құзырлы мекемелерге сұрақты төтесінен қойып, хатты қарша боратты де­сем артық айтқан болмас едім. Нәти­же­сінде үйлерді құжаттандыру бірден ре­т­тел­мегенмен, қазір сол елді мекенге жол са­лынып, ауызсу, газ тартылып жатыр. Тізе бер­сек, мұндай мысалдар өте көп. Қысқасы, заңымыздың құзыреті, газетіміздің пәр­менділігі жететін жерге дейін аянып қалған тұсымыз жоқ. Одан бөлек, газетімізде «Шетелдегі 100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Онда шет­елдерде әртүрлі салада қызмет істейтін, әлем­ге әйгілі ірі компанияларда жұмыс іс­теп, табысқа жеткен, бірақ есімі жалпыға бей­таныс отандастарымызды газетімізге жазып, елге таныту, оны насихаттауды мақсат тұтқан едік. Алдағы уақытта қиыр қонып, шет жайлаған қазақтар жайлы материалдарды жинақтап, кітап қылып шығару жоспарымызда бар. Еркін ҮЙСІНБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары: – «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Тúrkistan газеті – қазіргі заман талыбына сай отандық бас­пасөз саласында оқырманға жаңаша ақпарат беріп келе жатқан басылым. Аtajurt жо­басы ел ішіндегі және шетелдегі қан­дас­тарымызға қатысты ақпараттарды оқырман на­зарына ұсынып келеді. Қоғам жылы қа­был­даған газет жобасы болашақта қандас­тары­мызбен отандастарымыздың пікір алмасатын медиа алаңына айналады деп се­немін. Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистр­лігі мұндай оқырманға пайдалы жобаларды әр­дайым қолдайды. Қаламгер қауым кө­терген өзекті мәселелер өз шешімін табуына тілектеспін! Мұхтар КӘРІБАЙ, Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті қазақ диаспорасымен жұмыс істеу басқармасының басшысы: – Сыртқы істер министрлігінің құра­мын­дағы өзім басқарып отырған басқар­ма­ның құрылғанына биыл бір жыл толды. Біз әзірге Консулдық департаменттің құра­мын­дамыз. Алда департамент әлде ко­­митет ретінде дербес мекеме болып құ­ры­лады деп жоспарлап отырмыз. Ол кезде де «Отан­дастар қоры» және Дүниежүзі қа­зақ­тары­ның қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз деген ойдамын. Қандастарға халықаралық деңгейде қызмет көрсетсек деген жоспарларымыз бар. Осы орайда, ақ­парат құралдарының орны ерек­ше. Бұл ретте бүгінгі таныстырылымы өткі­зі­ліп жат­қан Тúrkistan газетінің Аtajurt  жо­басы үшін атқарар жұмыс көп. Сырттағы ағайындардың көбі төтеше жә­не латын әліпбиін қолдануына байла­ныс­ты, біздегі кириллицамен жазылған ақ­параттың оқылуы қиын. Сондықтан сырт­тағы қандастарымыз үшін ақпаратты бірнеше әліпбиде жүргізу өте маңызды. Сыртқы істер министрлігі және оның сырт­тағы барлық дипломатиялық мекеме­лерінің көмегімен Тúrkistan газетін шетелге таратуды қолдауға әзір. Мағауия САРБАСОВ, «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті: – Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері сырттағы ағайынмен байланыс үзілген жоқ. Мейлінше жыл сайын артып келеді. Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақтардың жал­ғыз Отаны бар, ол – қасиетті қазақ елі» де­ген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев та шетелдегі қандастарымызбен ты­ғыз байланыс орнатып, оларға қолдау көрсетуді тапсырды. Бұл қолдаудың бір пара­сы – қандастарды ақпараттық қолдау мә­селесі қашанда өзекті. Осыған орай 2020 жыл­дан бастап Тúrkistan халықаралық га­зеті қандастарға арналған Аtajurt жобасын қол­ға алды. Газет журналистері еліміздің әр өңіріне арнайы іссапармен барып, қандас­тардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жер­гілікті жердегі қордаланған түйткілді мә­селелерді көтеріп, оң шешім табуына ықпал етті. Қандастарды құжаттандыру, білім беру, көші-қон және тағы басқа тақырыптарды қоғам талқысына салды. Одан бөлек, шетел­дегі әлемдік ірі компанияларда жемісті қызмет атқарып жүрген отандастарымызбен эксклюзивті сұхбаттар жасап, кейінгі буын жастардың білімге қызығушылығын арт­тыруға жол ашты. Тúrkistan халықаралық газеті және газеттің веб-сайтында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отан­дастар қоры» өткізген іс-шаралар мен жоба­лар туралы ақпараттар үнемі жарияланып тұрады. Сондай-ақ біздің де сарапшы ма­ман­дарымыздың мақалалары газетке жа­рияланып келеді. Осы сәтті пайдалана отырып ел игілігі жо­лында қолына қалам ұстаған Тúrkistan газетінің ұжымына «Отандастар қоры» жә­не жеке өз атымнан алғысымды білдіремін. Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ: – Осы тұста қосымша бір ақпаратты бере кетейін. «Отандастар қорының» төрт ба­ғытты жұмысының бірі – ақпараттық қауым­дастық. Әзірге шартты атауы – «Ата­жұрт». Ол – шетелдегі барлық қазақтілді ақ­парат құралдарын бір ортаға біріктіріп, қауым­дастық құру. Қазірдің өзінде «Отан­дастар қорының» зерттеуі нәтижесінде 77 ақпарат құралының дерегі жиналды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Келесі жылы індет тоқтап барыс-келіс қалпына келсе, қауым­дас­тықты ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Сырымбек ТӨЛЕУ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы: – Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы «Отандастар қорымен» бірлесіп, көп­те­ген жобаларды іске асырып келеді. Бүгін де, міне, Тúrkistan газеті шеттен келген қан­дастарымызды қолдау бағытында олар­дың әртүрлі түйткілді мәселелерін шешуде көп жұмыс атқаруда. Шетелде тұратын та­нымал қандастарымызды газет бетінен үз­бей оқып тұрамыз. Еліміздің дамуына өз үле­сін қосып жүрген, жетістіктерге жеткен қандастарды таныту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Атқарылған жұмыстарға ал­ғыс айта отырып, алдағы істеріңізге сәт­тілік тілеймін! Мұрат ЕРМИШ, Еуропадағы қазақ қоғамдары федерациясының президенті /Швеция/: – Тúrkistan газеті – бізге жеткен бірінші га­зет. Сондықтан да Тúrkistan газеті өте ыс­тық, жанымызға жақын. Аtajurt айдары құт­ты болсын! Өте жақсы жұмыс істеп жа­тыр­сыздар. Шетте жүрсек те сіздер арқылы   мәлімет алып тұрамыз. «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақ­тарының қауым­дастығына, Тúrkistan газе­тіне және барша қатысушыларге көп-көп рақмет. Серхан ДИНЧТУРК, Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының төралқа мүшесі, «Қазақ елі» журналының баспагері /Түркия/: – Біз Түркия қазақтары осында 70 жыл­дан аса өмір сүріп жатырмыз. Біздің ұйым қа­зір Еуропа елдерінде өмір сүретін қазақ­тар­ға арнап «Қазақ елі» журналын шығарып келеді. Журнал 4 жылдан астам уақыттан бері қазақ және түрік тілінде шығады. 80 млн жан саны бар Түркияға қазақ халқын та­ныту мақсатында шығарып отырмыз. «Қазақ елі» журналы мен Тúrkistan газеті ара­сында байланыс орнатуға әзірміз. Жо­ғарыда атап өткен «Шетелдегі 100 жаңа есім» жобасы да қуанышты жаңалық болды. Біздің Түркиядағы қазақтар арасында Түр­кия­ға танымал көптеген азаматтар бар. Олар­мен де байланыс орнатсаңыздар құба-құп. Тúrkistan газеті сыртта жүрген қан­дас­тарға мұндай іс-шаралар ұйымдастырып, үлкен жоба жасап, бізбен тығыз байланыс ор­натамыз деген ізгі ниеттеріңізге алғыс айтамын. Галина НҰРТАЗИНОВА, Германиядағы қазақтар бірлестігінің жетекшісі /Германия/: – Тúrkistan газетінің Аtajurt жобасына қа­тысты бірер сауалым бар еді. Мен 30 жыл­дан бері Германияда тұрамын. Көптеген са­лада орыс тілі қажет болғандықтан тілі­міз солай қарай ауып кетті. Сондықтан да біз Аtajurt айдарын қалай оқи аламыз? Қан­дай форматта, қай тілдерде шығады? Орыс­ша шыға ма? Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы: – Газет аптасына бір мәрте шығады. Ал сай­тымызда ақпараттар күнделікті жаңа­рып отырады. Газет орыс тілінде шықпайды. Ке­ле­шекте ағылшын тілінде материалдарға орын беруіміз мүмкін. Торғын ӘШЕНОВА, «Омбы қазақтары» газетінің қызметкері, /Ресей Федерациясы/: – Біз Омбыда тұрамыз. Біз де осында өз кү­шімізбен «Омбы қазақтары» газетін шы­ғарып келеміз. Газетіміздің шыққанына биыл 6 жыл толды. Газет айына бір рет шы­ғады. Пошта арқылы Омбы қаласының 22 ауданына таралады. Қазақша және орысша жа­замыз. Бір өкінштісі – қазақ тілінде жа­за­тын авторлар аз. Сондықтан да егер мүм­кін­дік болса, атажұрттағы қаламгерлер бізге де материалдар ұсынып, ақпараттық қолдау білдірсеңіздер жақсы болар еді. Еркін БАЙҒАБЫЛҰЛЫ, «Отандастар қоры» КеАҚ баспасөз хатшысы (модератор): – Шетелде жүріп, өз қаражатымен қазақ тілінде газет шығару ерлікке пара-пар жайт. Өз мүмкіндіктерімен мұндай газет шығарып отырған Нәзия Исакова, Қуаныш Елеутаев және Торғын Әшенова қандастарымызға зор алғыс білдіреміз! Нұрлан УСМАНОВ, «Халық сөзі» газеті орыс бөлімінің жауапты хатшысы /Өзбекстан/: – Өзбекстандағы қазақ мектептері үшін қол­дан келгенше кітаптар шығарып жатыр­мыз. Соның ішінде бізде балаларға арналған әдеби оқулықтар тапшы. Осы мәселені ескерсеңіздер. Өзбекстан министрлер ка­бинетінің қолдауымен қазақ тілінде шы­ғатын республикалық «Нұрлы жол» деген газетіміз бар. Зәуре СӘМИНОВА, Душанбе қаласындағы «Бәйтерек» қазақ қауымдастығының жетекшісі /Тәжікстан/:

2021 жылға Тúrkistan газетіне жазылсақ...

– Душанбеде біздің «Бәйтерек» орта­лы­ғында шағын кітапханамыз бар. Өзім қазақ ті­лінен сабақ беремін. Жыл сайын 30 шақты оқу­шыны қазақша оқытудамыз. Өздеріңіз білесіздер, осындағы қазақтардың тілі пар­сы тіліне ауып барады. Оларды 100 пайыз қа­зақша оқытпасақ та 70-80 пайызына қа­зақ тілін үйретудеміз. Одан ары қарай Қа­зақстанға барып, оқуға түсуі өздеріне бай­ланысты. Ал сіздерге айтар ұсынысымыз мынау, біз­де ауылды жерлерде де қазақтар тұрады. Онда интернет жоқ. Сондықтан бізге газеттің қағаз нұсқасы керек. Міне, 2021 жыл келе жатыр. Осыған орай, Тúrkistan га­зетіне жазылсақ. Пошта арқылы бізге жі­берсеңіздер, қазақтар тұратын ауылдарға та­ратсақ деген ниеттеміз.   Оспан НӘБИ, Баян-Өлгей аймағындағы қазақтілді бұқаралық телерадио орталығының директоры /Моңғолия/: – Моңғолия қазақтарының 90 пайызы ел­дің батысында орналасқан Баян-Өлгей аймағында өмір сүреді. Баян-Өлгей қазақ ра­диосы 1965 жылдан бері бір сағат көле­мінде қазақша хабар таратып келеді. Ата­мекен Қазақстанмен байланысымыз қашан да тығыз. Қазақстандық телеарналардың бар­лығын OTAU TV арқылы көріп отыра­мыз. Одан бөлек, газет-журнал және кітап­тар келіп тұрады. Оның оң әсері Баян-Өлгей қазақтарының ана тілін ұмытпауына зор үлесін қосты.   Жапарбай ШАДКАМ, Зейнеткер, тәуелсіз журналист /Иран/:

Ирандағы қазақтардың тыныс-тіршілігін газет тілшілері келіп, өз көзімен көрсе...

– Тúrkistan газетін бұрыннан білеміз. Газет­тің көптен бергі оқырмандарының бірі­мін. Сайттарыңызды оқып отырамыз. Иран қазақтары жайлы да жазып тұра­сыз­дар. Менің айтар ұсынысым: Иран қазақтары Қа­зақстандағы баспасөз беттеріне жақсы та­н­ыстырылмаған. Егер мүмкіндік болса, қа­зіргі пандемиядан құтылған кезде газет тіл­шілері келіп Ирандағы қазақтардың ты­ныс-тіршілігімен жақыннан танысып, то­лыққанды материалдар жазсаңыздар дей­міз. 80 млн халық өмір сүретін Иран елінде спорт және білім саласында үлкен нәти­же­лер­ге қол жеткізген қазақ жастары бар. Олар туралы жазып, рухын көтеріп қой­саңыз­дар қуанар едік. Гауһар ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ, Иран телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосының директоры және Parstoday.com.kz сайтының аудармашысы, /Иран/: – Мен негізі Семейдің тумасымын. 10 жыл­дан бері Тегеранда тұрамын. Қазір қа­зақ тілінде күнделікті шығатын 30 ми­нут­тық хабарымыз бар. Негізінен Иранның жаңалығын береміз. Ал жаңадан ашылып жат­қан айдар арқылы ақпарат алмасып тұруға әзірмін. «Шетелге шыққан әрбір адам елші» деген сөз бар ғой. Сондықтан мен де елімді Иран еліне таныстыру мақсатында әртүрлі іс-шараларға атсалысып жүрмін. Атап айтсам, қазақ әдебиетін парсы тіліне аударып, насихаттаудамын. Бір ғана мысал айтқым келеді, Ирандағы қа­зақтарға «Абай жолы» романы әлі толық­қанды жетпегеніне көзім жетті. Мұндағы қан­д­астар оқи алатын әліпбиімен Абай шығар­малары жетуі қажет. Бұл мәселеге Қа­зақстан тарапы өзі атсалыспаса ол ше­шіл­мейді. Қуат ӘУЕСБАЙ, Тúrkistan газетінің бас редакторы: – Өте бір қуанышты көңіл күйде отыр­мыз. Елордада отырып, дүниенің төрт бұры­шындағы қандастармен салиқалы сұхбат өт­кіздік деп ойлаймын. Бұл сұхбатымыздың басы ғана. Өйткені әлі де мұндай мәдени-рухани байланыс одан ары нығая түсетініне сенімдімін. Жоғарыда біраз нақты ұсыныс-пікірлер ай­тылды. Оның бәрі ескерусіз қалмайды. Тиіс­ті жерлерге жеткізуге тырысамыз. Қазіргі жаһанға жайылған індет кезінде әлем қазақтарымен дидарласуға көпір бо­лып отырған Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы және «Отандастар қорына» ал­ғыс айтамыз.

Дайындаған Бақытбек ҚАДЫР