Автобуста вирус жұқтыру ықтималдылығы қандай болса, кинотеатрда да сондай

Автобуста вирус жұқтыру ықтималдылығы қандай болса, кинотеатрда да сондай

Автобуста вирус жұқтыру ықтималдылығы қандай болса, кинотеатрда да сондай
ашық дереккөзі
Халық пандемия жағдайында өмір сүруге үйрене бастады. Алғашында түшкірсе бір-біріне үрке қарап, вирустың табиғатын түсінбей тосырқағанымызбен уақыт өте келе ауырмаудың, ауру жұқтырмаудың және оны таратпаудың жолдарын қарастыра бастадық. Бүгінде жағдай біршама тұрақталып, ауырғандарға қарағанда жазылғандар саны артып келеді. Алайда карантин шарасына қарамастан дүркіретіп той өткізіп жатқандар азаймай отыр. Сонымен қатар осы аптада еліміздің үш қаласында кинотеатрлардың ашылуына рұқсат берілді. Ірі қалалардағы театрлар да өз жұмысын бастады. Қатаңдатылған карантиннен шаршаған халық мәдени, көңіл көтеру орындарына ағылатыны анық. Бірақ қалай сақтану керек? Вирусты таратпаудың жолдары қандай? Айдын ҚЫДЫРМАНОВ, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, Вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы:

Екінші толқынды бұрын ауырмағандар жалғастырады

 width= – Локдаун, карантин шаралары ауруды шектейді, таралуын уақытша тоқтатата тұрады. Мысалы, алғаш төтенше жағдай жарияланғанда вирустың таралуы бәсеңдеді. Кейін адамдар қайтадан көпшілік орындарға барып, базарлар жұмыс істей бастағанда ауру қайтадан бұрқ ете қалды. Бірінші толқында ауырған адамдарда иммунитет қалыптасты, ал осыған дейін өзін сақтаған, вируспен кездеспеген адамдар екінші толқынды «жалғастырады». Өйткені әлі көптеген адамдар вируспен кездеспеген, ал вирус өздігінен жоғалып кетпейді. Карантин шаралары вирустың таралауын азайтып, жағдайды уақытша түзеуге көмектеседі.  Бірақ карантинде вирустың азаюы, карантин шаралары жеңілдетілгенде қайтадан өршуі – тоқтаусыз процесс. Оны тоқтатудың бір жолы – вакцина егу. Вирусқа қарсы вакцинамен халықтың 100 пайызын қамти алмасақ та, ауруға бейім, қауіпті топтарға вакцина жасаса, қауіп азаяды. Бірақ қазір вакцинаға ешкімнің қолы жеткен жоқ. Біздің институт вирустың табиғатта таралуын зерттейді, осыған қатысты бұрын жасалған жұмыстар да бар. Қазір маңыздысы – вирусқа қарсы препараттардың болуы. Препараттар жасауда біздің институттың әлеуеті зор. Бүгінде вакцина жасайтын маманданған орталық өзінің мойнына препарат жасаймыз деп міндеттеме алып жатыр. Әсел ЖАСАНОВА, Ұлттық сараптама орталығының сарапшы маманы:

Кинотеатрлардың қайта ашылуы вирусты өршітуі мүмкін

 width= – Коронавирустың екінші толқыны жылдың соңында деп болжанған еді. Алайда нақты айту қиын, бұл аурудың алда өзін қалай көрсететініне, ауруды жұқтырғандар арасында иммунитеттің қанша уақыт сақталатынына, адамдардың жалпы иммунитетіне, сонымен қатар шет елдерде аурудың қайта өршуіне байланысты. Карантин шараларын жеңілдету немесе қатаңдату туралы шешім еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады. Covid-19 вирусы ауамен жұғатындықтан тойхана, ұшақ, мектеп, кинотеатр, театр сияқты халық тығыз жиналатын орындардың ашылуы вирустың жұқтыру қауіпін жоғарылататыны анық. Сондықтан, халық көп жиналатын орындарға келушілер санитарлық ережелер мен ұсыныстарды орындауы керек. Жоғарыда аталған орындарға барғанда адам өзін жайсыз сезінсе, үйде болғаны дұрыс. Театр, кинотеатр сынды мәдени-демалыс орындарына қойылатын шектеу іс-шараларына: ғимаратқа кіре берісте келушілерге байланыссыз термометрия жүргізу, көрермендерге және жұмыскерлерді жіті бақылау, яғни респираторлық аурулардың белгілері, жоғары температура, жөтел, мұрынның бітелуі сияқты белгілері жоқ адамдарды жіберу. Ауданы 50 шаршы метрге дейінге жабық үй-жайларда ауаны кварц, бактерицидті шамдарды немесе ауа рециркуляторларын пайдалана отырып зарарсыздандыру міндетті. Кинотеатр әкімшілігі қызметтерді сату орындарында, сондай-ақ кіруді бақылау орындарында адамдардың жиналуына жол бермеу, ол үшін кіру билеттерін сату ресми сайтта немесе арнайы сервистерді пайдалана отырып, барынша онлайн жүзеге асырылуы керек. Қызмет көрсетуші және техникалық қызметкерлер жұмыста бетперде және қолғап киіп жүруі қажет. Объектіні ашу алдында дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күрделі жинауды жүргізу маңызды. Кассаларда, кіреберістерде, залдарда, дәліздерде әрбір 50-100 м сайын, лифтілерге, сондай-ақ әрбір кинозалда тері антисептигі бар санитайзерлер орнату, көрермендерді санитарлық нормалар ережелері мен қауіпсіздік талаптары туралы хабардар ету қажет. Келушілер болса, билеттерді алу кезінде кассаларда немесе залға кіру кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтау, міндетті түрде бетперде қолдану, кинозалда тамақ пен сусын ішпеуі қажет. Тамақты тек арнайы бөлінген бөлмеде, тамақ ішетін бөлмеде қабылдау керек.