Жаңалықтар

30 қазаннан бастап франциялықтар үйлерінен себепсіз шыға алмайды

ашық дереккөзі

30 қазаннан бастап франциялықтар үйлерінен себепсіз шыға алмайды

Францияда 30 қазаннан бастап өзін-өзі оқшаулау режимі енгізіледі. Бұл туралы ел президенті Эммануэль Макрон халыққа арнаған телеүндеуінде мәлімдеді.  Мемлекет басшысының сөзінше, өзін-өзі оқшаулау режимін қайта енгізу вирустың таралуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Карантин бүкіл Франция аумағында енгізіліп, 1 желтоқсанға дейін созылады, деп хабарлайды РИА Новости. Ел тұрғындары  үйден аса қажетті заттарды сатып алуға, жұмысқа және жақын адамдарына баруға ғана шыға алады. Үйден шығу үшін жазбаша куәлік талап етілмек. ​Маңызды қажеттіліктер тізіміне енбеген мейрамханалар мен барлар, сауда орындары жабылады. Президент сонымен бірге көпшілік жиналысқа тыйым салынатынын айтты. Бір өңірден екіншісіне баруға да рұқсат жоқ. Сондай-ақ, Франция басшысы Шенген аймағының сыртқы шекаралары жабық болатынын атап өтті. Айта кетейік, пандемия басталғалы Францияда коронавирус жұқтырғандар саны 1,2 миллионға жуықтады. Індет құрбандарының саны 35 мыңнан асты. Еске салсақ, 2 қарашадан бастап Германияда бір айлық локдаун енгізіледі. Ал Украинада төтенше жағдай режимі жыл соңына дейін ұзартылды.