Жаңалықтар

Түркістан облысы халқының саны 2 млн 36 мың адамға жетті

ашық дереккөзі

Түркістан облысы халқының саны 2 млн 36 мың адамға жетті

2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 036 029 адамды құрады. Оның ішінде қалалық жерде 412 819 адам (20,3%), ауылдық жерде 1 623 210 адам (79,7%) бар, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. Өткен жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда халық саны 1,4%-ға өскен. Республика бойынша облыс туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша 1-орында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлімдеді. Бұдан өзге, 2020 жылдың ІІ тоқсанында Түркістан облысы бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы - 168 301 теңгені құраған. «Ең жоғары орташа айлық жалақы Созақ ауданында - 243 324 теңге болып белгіленсе, ең төмен жалақы Сарыағаш ауданында – 137 498 теңге көлемінде. 2020 жылғы ІІ-ші тоқсанда ең жоғары айлық жалақы «Каржы және сақтандыру» саласында - 220 355 теңге болып белгіленсе, ең төмені «Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар» саласында - 70 121 теңге. Облыста азық-түлік тауарларының бағалары - 7,1%-ға, азық-түлік емес тауарлары – 3%-ға, ақылы қызметтер – 5,5%-ға қымбаттаған», - деді департамент басшысы. Сонымен қатар, 2020 жылдың қаңтар-маусым айлары бойынша Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 770 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі бойынша облыс республикада бірінші орынды иемденген. Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіптің үлесі – 19,7%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 14,6%, білім беру – 12,7%-ды алып отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Түркістан облысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі - 414 млрд 53 млн. теңгеге жетіп, 2019 жылдың тиісті кезенімен салыстырғанда 66,7%-ға артқан. Негізгі инвестициялық салымдардың 86,2%-ын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған.