Жауапты хатшылар неге үмітті ақтамады?
Жауапты хатшылар неге үмітті ақтамады?
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегінше, Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің саны – 89 мың 5 адам. Бұл – жалпы штат санының 91,4 пайызы. Оның ішінде саяси қызметшілер, ірі бастықтар – 699, «А» корпусының әкімшілік қызметшілері – 80, «Б» корпусының әкімшілік қызметшілері – 88 226 адам. Президенттің тапсырмасы бойынша мемқызметшілер саны биыл жыл соңына дейін 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға қысқаруы тиіс. Бұл – санды азайтып, сапаны арттыруды, жалақымен бірге өнімділікті де өсіруді көздеген қадам. Қысқартудың көші министрліктердегі жауапты хатшыларынан басталмақ. Басталып та кетті. Нәтижесі қандай болмақ?..
«А» корпусына жататын жауапты хатшылар – айрықша статусқа ие мемлекеттік қызметкерлер. Оларды Президент Әкімшілігінің ұсынуымен, Мемлекет басшысы Премьер-Министрмен ақылдаса отырып тағайындайды және қызметінен босатады. О баста жауапты хатшыларға мемлекеттік саяси қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік органдардың жұмысында кадрлық сабақтастықты сақтау міндеті жүктелген еді. Алайда уақыт өте келе «қойшы көп болсаның» кері келіп, бұл лауазымның маңызы кеміді. Бұл мәселеге биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша тоқталып, жауапты хатшыларды қысқарту керегін айтты.
«Жауапты хатшылар институтына тоқталғым келеді. Осы институтты енгізген кезде олардың ауыспалы болмауы министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босатады, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп қарастырылған әдіс іс жүзінде олай болмады», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, министрлер мен жауапты хатшылар арасында дұрыс жұмыс жүргізілмейді.
«Нәтижесінде, ортақ іске нұқсан келтіріледі. Сұрау бір адамнан болуы керек, яғни Президент тағайындаған министр жауапты болуы тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын қысқарту керек. Олардың міндетін министрліктердің аппарат басшыларына жүктеу қажет. Жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға жыл соңына дейін түзетулер пакетін қабылдауды тапсырамын», – деді Қ.Тоқаев.
Сенат депутаты Еділ Мамытбековтің пікірінше, жауапты хатшылар институтын жою – революциялық шешім.
«Мемлекеттік аппаратты және мемлекеттік қызметшілер санын 2020 және 2021 жылдары 25 пайызға қысқарту туралы міндет қойылды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Ал еңбекақы төлеудің факторлық-балдық жүйесіне көшу синэргетикалық нәтиже алуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, жауапты хатшылар институтын жою – революциялық шешім. Аталған институт министрліктердің тұрақты жұмысы мен нақты кадр саясаты бөлігінде өзіне жүктелген үміттерді ақтамады. Сонымен қатар министрлер мен жауапты хатшылар арасында мүдделер қақтығысы жиі туындады, бұл мемлекеттік органның қызметіне теріс әсер етті. Сондықтан бұл шешім тек пайдалы болады», – дейді сенатор.
Қазақстан Үкіметінің дерегіне сүйенсек, қысқартылғалы отырған жа-уапты хатшылардың жалақысы – еңбек өтіліне қарай 685-830 мың теңге аралығында. Оған мемлекеттік қызметтегі өлшеусіз бонус, сыйақы және тағы да басқа үстеме төлемдерді қоссаңыз, қомақты сома. Демек, жаухатшыларды қысқарту арқылы жүктемесі ауыр, жұмысы жүйелі 7 мемқызметшінің жалақысын 100 мың теңгеге дейін арттыруға болады.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, қысқартылатын жауапты хатшылардың тағдырын Президент пен министрлер ақылдаса шешеді. Қазақстанның 15 министрлігінде 15 жауапты хатшы болса, өткен аптада олардың үшеуі қызметімен қоштасып, жаңа орынға жайғасып үлгерді. Әнуар Ахметжанов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауапты хатшылығынан босатылып, осы ведомство басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Биыл шілдеден бері Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы болған Әсем Нүсіповаға да вице-министр креслосы бұйырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылған Мереке Пішембаев төтенше жағдайлар министрінің орынбасары болды.
Жемқорлықпен аты шыққан жаухатшылар
Қызметімен қоштасқалы отырған, қоштасып үлгерген жауапты хатшылардың осы күнге дейін атқарған ілкімді істері мен баянды бастамаларына тоқталып, ел атынан алғыс айтпаққа өткенге шолу жасап көрдік. Ерек оқиғаларды еске түсіруге тырысқанымызбен, ойға мардымды ештеңе орала қоймады. Жаухатшылардың өнімді жұмысы жайлы ғаламторда да мағлұмат сараң. Есесіне, желіде олардың жемқорлығы туралы дерек жетерлік. Мәселен, ақпарат құралдары жуырда сыбайлас жемқорлыққа барған Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Қ.Уәлиев жайлы жарыса жазды. Ол осы министрліктің әкімшілік департаментінің экс-директоры Е.Дәржібаевпен бірге «ҚазАқпарат» баспа корпорациясы» басшысынан діни тақырыптағы әдебиетті басып шығару бойынша мемлекеттік тапсырыс шартын жасау арқылы көрсеткен жалпы көмегі үшін 37 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған. Нұр-Сұлтан қалалық №2 сотының үкімімен Қ.Уәлиев пен Е.Дәржібаевқа 8 және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өткен жылы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариевтің де «атағы» жер жарған еді. Шенеунік 48 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Ол тіпті заңсыз құжаттарға қол қоймаған мемлекеттік сатып алулар департаментінің директорына қоқан-лоққы көрсеткен. Департамент басшысына жала жауып, түрлі әкімшілік іс қозғатып, сөгіс жариялатқан. Оны жұмыстан шығаруға да әрекеттенген көрінеді. Әділетті талап еткен департамент директоры жауапты органдарға Өрсариевтің ұйымдасқан топпен ақша жымқырып отырғанын дәлелдейтін мәліметтер ұсынып, саланы жемқорлардан тазартуды өтінген еді. 2018 жылы парақорлықпен сотталып, ісі cотта 2 жылға жуық уақыт қаралған Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашевті де жұрт ұмыта қоймаған болар. Іс материалдарына сүйенсек, экс-шенеунік ШЫҰ, ЕурАзЭҚ және елордада өткен Сирия келіссөздері сияқты маңызды халықаралық іс- шараларды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету шарттарын жасағаны үшін пара алған. Аталған қызметтер үшін А.Қарашев 52 миллион теңгені қалтаға басқан. Оның 7 миллион 400 мың теңгесі жаухатшы барған сауналар мен мейрамханаларға жұмсалған. Сондай-ақ сот барлық істе Анарбек Қарашевке 4 адамның көмектескенін дәлелдеді. Олар 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы екі жылға сотталды.Қысқартуға түрткі болған төрт себеп
2021 жылдың соңына дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің саны 25 пайызға кемиді. Бұған дейін де елімізде шенеуніктерді азайту, атауы бөлек болғанымен, атқаратын қызметі бір лауазымдарды қысқарту ұдайы жүргізіліп келеді. Алайда бір штат қысқарғанымен, екіншісі ашылып, мемқызметшілердің жалпы санында аса көп өзгеріс бола қоймаған еді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бұдан былай қысқарту сөз жүзінде емес, іс жүзінде қарқын алуы тиіс екенін қадап айтты. Президенттің мұндай тапсырма беруіне не себеп болды, қысқарту не үшін қажет деген сауалдарға жауап іздеп көрейік. Біріншіден, таң атқаннан қас қарайғанша құжаттан бас көтермейтін, түгесілмейтін тапсырмалардан қажитын мемлекеттік қызметшілер жалақының аздығына, жүктеменің көптігіне жиі шағымданады. «Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметшінің қоғам үшін пайдасынан зияны көп!», – деді Президент. Расында да, санасын тұрмыс билеген адам қоғамның игілігі, елдің ертеңі жайлы толғана қоюы екіталай. Сондықтан қысқартудан үнемделген қаражат өзге қызметкерлердің жалақысын көбейтуге, сәйкесінше жұмыстың өнімділігін арттыруға бағытталмақ. Екіншіден, мемлекеттік басқаруды ықшам, жинақы күйге келтіру – заман талабы. Елімізде екі-ақ адам ұршықша иіретін жұмыстың айналасында екі жүз қызметкер жүретіні жасырын емес. Ал дамыған мемлекеттер сан сапаның көрсеткіші бола алмайтынын әлдеқашан ұққан. Мәселен, Швейцарияда министрлер кабинеті небәрі 7 адамнан тұрады. Канада үкіметінде – 27, Жапония үкіметінде 17 адам қызмет етеді. Штат саны көп министрліктер мен ұлттық компаниялардың дәуірі өтті. Президент көркем көрсеткіштерге құрылған мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтатыңдар деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жоба форматына көшуі тиіс. Үшіншіден, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша мемлекеттік басқару органдары ел тұрғындарының өтініштеріне жедел жауап беріп, азаматтардың мәселесін дер кезінде шешуге күш жұмылдыруы тиіс. Өткен жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат қызметіндегі проблемалар көбінесе азаматтар мен жергілікті жерлердегі шенеуніктер арасындағы кері байланыстың болмауына байланысты екенін айтқан еді. Ендігі жерде шенеуніктер халыққа жоғарыдан қарауды доғарып, толыққанды серіктес ретінде қабылдауы тиіс. Жұртшылықпен қоян-қолтық жұмыс істеп, маңызды шешімдерді қабылдау барысында жеке сектор мен қоғам өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін ескеруі қажет. Демек, көп құрылымдағы кеңесші, сарапшы секілді мамандардың қызметіне қажеттілік болмайды. Төртіншіден, пандемия мемлекеттік қызметтердің көбін электронды түрде алуға болатынын, кеңсе жағаламай-ақ, ешкімнің есігін қақпай-ақ ісімізді тындыра алатынымызды көрсетті. Кесірлі кесел таралғалы мемлекеттік және квазисектор қызметкерлерінің сексен пайызы қашықтан жұмыс істеді. Олардың біразы ештеңе істемей, жалақысын алып, үйде отырды. Осы кезде көптеген шенеунікті қысқартып, мемлекеттік функцияларды жекеменшікке немесе қоғамдық секторларға беруге болатыны көрініп қалды. Міне, осы себептер мемлекеттік басқару жүйесіндегі күрделі реформаларға жол ашпақ.Жылы орнынан кімдер айырылады?
Жылдың аяқталуына екі-ақ ай қалды. Алайда қай құрылымда қанша адам қысқаратыны, қызметімен кімдер қоштасатыны белгісіз. Бекітілген тізім жоқ көрінеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанованың айтуынша, оңтайландыруға жататын қызметтерді айқындау кезінде, ең алдымен, тұрақты бос қызметтер қаралмақ. «Бүгінде бос жұмыс орындарының жалпы саны шамамен 8 мың бірлікті немесе мемлекеттік аппараттың жалпы санының 8,5 пайызы. Бұдан басқа, жыл сайын жұмыскерлердің зейнеткерлікке шығуы есебінен 1 мыңнан астам орын босатылады, сондай-ақ 6 мыңға жуық қызметші жеке секторға және өзге де ұйымдарға ауысады. Осы резервті пайдалану мемлекеттік қызметшілердің нақты қысқаруын барынша азайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Осылайша, бұл мемлекеттік қызметшілерді механикалық қысқарту ғана емес, ең алдымен олардың тиімділігін арттыру мақсатында оңтайландыру болады», – дейді агенттік басшысы. Сондай-ақ оңтайландыру нәтижесінде жұмыстың қайталануы болмайды, артық басшылар алынып тасталады, басым емес міндеттер бәсекелестік ортаға беріледі. Ал бизнес-процестер барынша автоматтандырылмақ. Тағы бір айта кетерлігі, қысқартуға болмайтын, керісінше, қорғауды қажет ететін әлеуметтік осал санаттағы азаматтар да бар. «Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне сәйкес жүкті әйелдер қысқартылмайды. 3 жасқа дейінгі балалары бар аналар, жалғызбасты аналар, балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдар, сондай-ақ зейнеткерлікке шығуға 2 жылдан аз қалған қызметшілерді де қысқартуға болмайды. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің жоғарыда аталған құқықтарының сақталуын бақылау жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет туралы заңда мемлекеттік қызмет өтілі кемінде 3 жыл болған жағдайда жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу қарастырылған», – деді Анар Жайылғанова. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы басшыларды әлеуметтік осал топтарға жататын мемлекеттік қызметшілерді, әсіресе, отбасындағы жалғыз асыраушыларды жұмысынан босатпауға және қысқартылған әріптестеріне жұмыс табуға көмектесуге үндеді. Пандемия басталғалы бүкіл әлемнің бас ауруына айналған жұмыссыздық мәселесі біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Ендеше, бір түйткілдің түйінін тарқатамыз деп, екінші түйткілдің күрмеуін көбейтіп алмауды да ойлауымыз керек.