Ақсақалсыз қоғамнан ақыл қашпай қайтеді...
Ақсақалсыз қоғамнан ақыл қашпай қайтеді...
Жер шарының 37 пайыз аумағын алып, аймағында жүзге жуық мемлекеттерде 5 жарым миллиардқа жуық адам өмір сүретін Еуразия құрлығы рухани әлемде «батыс», «шығыс» болып бөлінетіні бәрімізге белгілі. Міне, осы құрлықтың дәл ортасында жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды алатын Қазақстан «батыс» пен «шығыстың» қақ ортасында тұрып, өз болмысын қалыптастырған мемлекет. Еуропаға жатса да, азиялық қасиеті бар Ресей секілді Қазақ елі де Азияға жататын мемлекет бола тұра, шығысы мен оңтүстігі жағындағы өзге көршілеріне қарағанда еуропалық мәдениетке жақындау...
Болмысы Ұлы далаға қатысты «қазақлық» ұғымынан бастау алған қазақ халқы кең даладағы еркін өмір сүру салтына байланып, қанша ғасыр азат ғұмыр кешіп, дала демократиясын қалыптастырған халық. «Екі ауыз сөзі ердің құнын кешкен», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді ұстанып, «Алашағым кетсе де, айташағым кетпесін» деп айтарын көмейінде іркіп қалмаған елде адам құқығына қиянат жасау, шындыққа қараулық ету – сүйекке таңба болар масқара іс саналған. «Қой асығы демей-ақ қолыңа толса сақа тұт, жасы кіші демей-ақ ақылы асса, аға тұт» дейтіні де адамды ақыл-парасатына қарап үлгі тұтқанын көрсетеді. Бірақ... Аласапыран замандарда еркіндігінен айрылып, дін-ділі басқа жұртқа бодан болып, неше ұрпағы бостандықты аңсаумен опат болған ел ноқтаға басы сыймас асаулығынан айырылып, рухы жаншылғаны кейінгі екі ғасырда оны адам айтқысыз ұсақталуға жеткізді...
Мінсіз қоғам қай кезде де болмағаны секілді, бір ауылы бір ақсақалдың төрелігінен аттай алмайтын тақуа тәртіптілік кезінде де шырық бұзбаса ішкені бойына сіңбейтіндер болмай қалған жоқ, есесіне елдің көбі баба жолынан тайып, бұра тартуды өз басына ғана емес, тұтас әулетіне мін санайтын. Бұл – қазақтың ру-тайпашылдық кезеңінде қалыптасқан «әр руға – бір көсем» ұстанымының культі кезінде өз міндетін жақсы атқарды. Онда адамның жеке басынан гөрі ру намысы жоғары тұрды. «У ішсең – руыңмен» деген мәтелдің туған шағы сол. Алайда зырылдаған уақыт екпінімен мың құбылып, жүз түрленген қоғамның жекеленген адамдар түгілі тұтас халықтардың үйреншікті өмірін басқа арнаға бұрып, қалыптасқан тұрмыс-салтты өзгертпей қоймайтыны белгілі.
ХІХ ғасырға келіп ру-жүзді уысында ұстаған билердің дәуірі өтті, оның елді аймаққа бөліп билейтін ұлықтар иеледі. Басында ұлық біткеннің бәрі орыс болса, кейін оған қазақтар да араласа бастады. Бұрынғы ақсақалдар беретін пәтуаның күші кетіп, оны «штатной би-болыстардың» пәрмені ауыстырды. Демек, қазақтың ақсақалдық институты ендігі жерде өмір сүруін тоқтатып, тек оның кейбір көріністері (ағайын арасындағы дауда жасы үлкендердің бітімге шақыруы, әулеттегі ең құрметті адамның айтқанымен санасу сияқты) ғана сақталды.
Қазақ халқының өмірінде кеңестік кезеңнің басталуы халық тағдырын заң мен өкімет шешеді деген ұғымды қалыптастырды. Сөйтіп, адамдар арасында қарым-қатынаста неше ғасыр бойы бітімгерлік рөл атқарған ақсақалдықтың туы іс жүзінде құлады. Себебі адам құқықтары заңмен шешілетін заманда ондай дәрежедегі құқықтың жеке адамға берілуі мүлдем мүмкін емес қой! Дегенмен халық санасында қалған ақсақалдық түсінігі біржола құрып кеткен жоқ. Бұрынғы билер айтатын билік пен ақсақалдар беретін төрелік енді қоғамдағы беделді танымал адамдарға жүктелді. Сөйтіп, халық арасында әдебиет, өнер және ғылымда танылған тұлғалардың сөзін сыйлау үрдісі қалыптасты. Оларды «елдің еркесі», «қоғам және мемлекет қайраткері», «көрнекті тұлғалар» ретінде бағалап, елдің бет-бейнесі деп тану қалыпты жағдайға айналды. Шындап келгенде, мұның бәрі елдің идеологиясын жасап отырғандардың көшбасшылық-тұлғалық қасиетті іштей мойындауы еді.
«Жаңа дегеннің бәрі – ұмытылған ескі» демекші, жоғарыдағы билік-ақсақалдықтан идеологиялық тұлғаларға дейінгі үрдістің бәрі де ежелгі ұстанымды түрлеп, өзгертіп қолдануды танытып тұр. Алайда ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында тәуелсіздік алып, капиталистік жүйеге көшкен елімізде қоғамдық өмірде ақсақалдардың не көрнекті тұлғалардың рөлі бар ма? Осы әңгіме бүгіннің өте күрделі бір мәселесіне айналды. Ал қоғамдағы көптеген талас-тартыстың өзегіне айналған бұл даулы мәселенің асқынуына не себеп?
«Әр дәуір өзінің әнін айта келеді» дегендей, кезінде «барлық адам теңдей» деген ұстанымды әспеттеген социализмнің кезінде адам жеке қабілетіне қарай көп табыс табуға, баюға мүмкіндігі болмаса (адамдар емес, мемлекет бай болу керек!), тәуелсіздікпен бірге босағамыздан аттаған қатал капитализм «адам іскерлігіне қарай бағаланады» деген ұранды ізіне ерте келді. Құндылықтар өзгерді, бір кезде «алаяқтық» деп танылатын саудагерлік енді «іскерлік» деп танылатын болды. Бұрынғы «аузы дуалы» емес, қалтасы қалың азаматтар тұлға саналатын болды. Төрде академик емес, бизнесмен отыратын болды. Қоғамда солардың сөзі өтімді. Бұрын сөз ұстағандар маңайын ықтырып жүретін болса, енді қызыл тілін жалдап, бай-бағланды әспеттейтінді шығарды. Себебі өз күніңді өзің көретін заманда баяғыдай дені саудың бәріне жұмыс тауып беретін – «өлтірмейтін өкімет» жоқ. Мұның соңы өнер адамдарын мәдени қайыршылыққа итермелеумен аяқталғаны белгілі: яғни, қаламгерлер кітаптарын шығаруға, режиссерлер киноларын түсіруге, әншілер концертін өткізуге... біреуге алақан жаюға арланбайтын болды.
Әрине, бүгінде мемлекет тарапынан берілетін гранттар, тендерлер бар, бірақ бүгінде қоғам қайраткерлері саналатын адамдардың баяғыдай беделі жоқ. Себебі, рухани дүниедегі халыққа зор әсер ететін шығармашылық ұйымдардың мәртебесі көп төмендеп қалды. Мәселен, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы, Киногерлер одағы, Театр қайраткерлерінің одағы дегендердің бәрінің мәртебесі – кез келген қоғамдық ұйымдармен тең! Осындай жағдайда белгілі ақын-жазушының немесе көрнекті композитор мен талантты кинорежиссердің, сол сияқты Халық әртістерінің беделі қоғамға қалай әсер етпек? Капиталистік әлемде «ақылың көп екен, ақшаң неге жоқ» деген тәмсіл бар. Демек, аузыңмен құс тістесе де, мына қоғамда ақшасы жоқ адамның құны көк тиын!
Талғамы төмен қоғам тобырлық сана қалыптастырады. Яғни, арзан мен қымбаттың сапасын айыра алмайтын, көрген-білгенін өз бетінше талдап, түсінуге білім-білігі жетпейтін, сондықтан нені ұсынсаң да талғамай жұта беретіндер тобы қалыптасып, құны төмен нәрсені пайдалануға дайын тұратындар қоғамда нағыз тұлғалық қасиеті бар адамдар емес, лайықты жарнамасын жасап – «мата даңқымен бөзін өткізетіндер» танымал һәм сыйлы болады. Мұны біз бүгінгі қоғамнан көп көреміз...
Бір қызығы, бүгінгі қазақ қоғамында бір кітабын оқымаса да қаламгерді, не жазғанын ұқпаса да ғалымдарды тұлға санайтын, мемлекет солармен санасады деп есептейтіндер көп. Сондықтан кейбір оқиғалар тұсында солардан төрелі сөз не орнықты пікір күтетіндер бар. Бұл бір жағынан адамдар санасында советтік кезең тудырған кейбір құбылыстардың әлі инерциясы тоқтамағанын көрсетсе, екінші жағынан, адамдардың өздеріне рухани жағынан тірек болатын тұлғаларды жасауға атсалыспай, тек сырттан сынап-мінеп отыру секілді дағдыларға бой үйретіп алғанын көрсетеді.
Расында, бәрін жасайтын халық. Егер халық өнер мен ғылым саласының жетістіктерін дұрыс пайдаланып, соларды жасаушыларды төбесіне көтеріп отырса, олардың қоғамдағы беделі артып, мемлекет, халық санасатын тұлғаларға айналмас па еді?
Қоғамда сыншылдықтың болғаны дұрыс, бірақ ол бас-аяғы жоқ жалған міншілдікке ұласса, ақты қара, қараны ақ деу үйреншікті жағдайға айналары сөзсіз. Ондай әдеттен арылмаған қоғамнан әділетті бірдеңе күту қиын.
Әрине, ауылдан, халықтың қайнаған ортасынан ерте кетіп, білім іздеп, атақ қуумен әуре болып, қазаққа өзге жұрттың көзімен қарауға дағдыланған белгілі тұлғалар жоқ емес, бірақ сәл сүрінген не кемшілік жіберсе, бар білім-талантын еліне арнаған тұлғалардың өзінің артына шала байлап, абыройын төгуге дайын тұру бүгінгі қоғам үшін айып саналмайтын болып бара жатыр. Бұл шыншылдық па әлде шыншылдықтың шапанын киген қатыгез қаралаушылық па?
Елдің аузынан түспей жүрген бір-екі әңгіме жайлы айта кетейік.
2009 жылы желтоқсанның 5-і күні елордадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында қазақтың аса дарынды қаламгері Әбіш Кекілбайдың 70 жасқа толған мерейтойы аталып өтіп, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып сөз сөйледі. Сонда ол: «Мен осынау жылдарда талай азаматтарды жаныма тарттым, жақсы қызмет беріп, мәртебелерін өсірдім. Олардың елге танылуына жағдай жасадым. Бізде қызметтен кеткенде ғана «білгір де іскер» болып көрінетіндер де бар. Әбекең ондай осалдық көрсеткен жоқ. Әрқашан азаматтық биіктен көрінді» дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбіш Кекілбайдың әдебиетке сіңірген зор еңбегін бағалайтынын айтып, оған еліміздің ең жоғарғы марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» белгісін тақты. Сонда сол кездегі Мемлекет басшысының ықыласымен үлкен марапатқа ие болған Әбіш Кекілбай: «Жер бетінде қаламгер еңбегінің қадірі азайып, қасиеті кеміп жатқанда біздің елімізде ол бұрынғысынша ардақталып, бұрынғысынша ұлықталуда» деп толқып сөйлеп, президенттің қолынан сүйіп ризашылығын білдірді. Бар болғаны осы ғана. Ал енді содан кейін не болды деңіз... Бірен-саран әр нәрсені ақылға салып бағалайтын адамдар болмаса, былайғы жұрттың бәрі сұмдық іс көргендей Әбішті жерден алып, жерге салды. Дүниедегі ең жөн білмейтін де, жағымпаз да сол екен. Адамның қолынан сүюге болмайды екен! Әлеуметтік желіде сандаған пост жарияланып, оған есепсіз пікір жазылып, жүздеген адамдар ішінде бардың бәрін ақтарды десе болады. Ау, Мемлекет басшысына қаламгер болар-болмас ілтипат білдірген екен, соны ел көрмеген сұмдық санап, тілі жеткенше балағаттауға бола ма? Әрі-беріден кейін Әбекеңдікі дұшпанына құрмет көрсету емес қой...
Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов та еліне сіңірген еңбегі көп, бірақ жиі дауға ұрынып қалып жүретін тұлғалы азамат. Анау, қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның кезінде Мәскеуде үлкен мінберден үш минуттың ішінде қазақтың рухын көтерем деп қан-жоса болған Желтоқсан оқиғасында айыпталған қазақ жастарының тағдырына ара түсіп, оларды ақтау керек деген сөзді айтқалы бері ақынның құлағына тыныштық болған емес. Біреулер оны тіпті, «желтоқсаншылардың жауы» дегенге дейін барды. Одан бері де Мұқаңды анда-мында тартып, өз мүдделеріне пайдаланғысы келгендер аз болған жоқ. Тіпті, қытайдағы қазақтар мәселесіне орай да оны арандатқысы келген сұрқия біреулер айтқанына жүрмегесін ақынға арсыздықпен жала жауып, қорлайтын сөздер айтты. Пасық істерін Шахановтың абыройы арқылы бітіріп алғысы келгендерге не дерсің? Құдайлығына келер болсақ, Шахановтың осы кезге дейін ұлты үшін жасағаны аз емес. Сүрінбейтін тұяқ болмайды, оның да біреулердің алдау-арбауына түсіп қалған кезі аз емес шығар, бірақ ол ұлтының абыройына дақ болар іске бармағаны анық.
Кейінгі ширек ғасырда қоғамда үлкен тұлғалар арасында болған кейбір кикілжіңдерден сенсация жасап, халыққа өзін көрсеткісі келгендердің кесірінен бүгінде біреудің сыртынан біреудің ғайбат айтып, жала жабуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны рухани апатқа апара жатқан секілді...
Атақты Мөңке биден қалған сөз төбе құйқамызды шымырлатса да, оның айтқандарының бүгінде ақиқатқа айналып жатқанын жоққа шығара алмаймыз:
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ
жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады, – депті өзінен кейінгі дәуірге қапысыз болжам жасаған би. Неліктен олай болды, неге осыдан үш ғасырдай бұрын айтылған сөз айна-қатесіз шындыққа айналды? Шамасы, үлкенді сыйлау, дұрыс сөзге тоқтау деген қасиеттердің сол заманда-ақ іргесі сетінегенін көрген би пенденің құлқы өзгермесе, жоғарыдағы айтқандарының өмірде қалыпты жағдайға айналатынын айтқан болса керек. Бірақ, өкініштісі сол, Мөңке би қателеспеді...
Бір кезде «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп үлкендерді қадірлесе, қазір білмегенін Googlе ақтарып тауып аламын дейтін ұрпаққа жасы үлкендердің қадірі бар ма? Шынына келгенде, баяғының өмір көрген өнегелі ақсақалдарының заманы өтіп кетті ғой, бүгінде кеңестік кезеңде өмір сүргендер бұрынғының ақсақалдарының орнын баса алмай жатқаны байқалып жатады. Бірақ бұл тек қазақтың басында ғана бар жағдай ма? Кавказ дейсің бе, анау Түркия, мынау Өзбекстан дейсің бе, бізбен бір дәуірде өмір сүріп жатса да, ол елдерде үлкенді сыйлау, жасы үлкеннің бетінен алып салғыласу деген ұят саналады. Демек, бізге де халқымыздың баяғы үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болатын ізгі дәстүрін оятпай болмайды. Егер осы күнгі жастардың бойында сондай қасиет қалыптастыра алмасақ, ертеңгі күні бүгін үлкендердің жағасынан алуды айып санамайтындардың ұрпағы оларды да қадірлемей, ұлт ретінде құрдымға кетуіміз мүмкін.
Қазақ елі өркениет көшіне қосылған, әлемнің бар жаңалығына тосырқамайтын ел болғанымен, халықтық дәстүрін ұмытуға хақысы жоқ. Ұл-қызы өзгенің жетегінде кеткен, өнегесіз, дәстүрсіз, ғұрпы тозған, құлқы азған елдің болашағы сенімсіз.