Жаңалықтар

Ломтадзе Kaspi.kz акциялары арқасында миллиардер атанды

ашық дереккөзі

Ломтадзе Kaspi.kz акциялары арқасында миллиардер атанды

Бүгінгі Kaspi.kz-тегі техникалық ақау жиған-тергенін Kaspi Bank-ке сеніп тапсырған қазақстандықтардың барлығын алаңдатып қойғаны рас. Көп ұзамай Грузиядан аталмыш банкке қатысты тағы  бір күтпеген жаңалық жетті.  Лондон биржасына қазақстандық Kaspi Bank-ке тиесілі Kaspi.kz компаниясының акциялары шығарылғаннан кейін грузиялық қаржыгер Михаил Ломтадзе долларлық миллиардер атанды, деп хабарлайды Новости-Грузия. Forbes-тың хабарлауынша, компания акциялары бастапқыда 38 доллардан сатылып, кейіннен 46,9 долларға көтерілген. Барлығы 4,4 миллион акция сатылған. «Kaspi.kz тәулігіне орта есеппен 3,8 миллион акциясын сататын ресейлік «Яндекстен» де асып түсті. Бұл үлкендігі жөнінен 2020 жылғы екінші IPO және жалпы Еуропа бойынша төртінші IPO», - деп жазады басылым. Бұл жетістіктен кейін Kaspi.kz Қазақстандағы ең қымбат бұқаралық компанияға айналды, ал компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе әлемдік миллиардерлердің элиталық клубына енді. Кимге компания акцияларының 32 пайызы тиесілі болса, Ломтадзе 26 пайызына иелік ететін. Демек, Bloomberg-тің миллиардерлер индексі бойынша IPO 33,75 доллар тұратын болса, олардың дәулеті 1,9 және 1,8 миллиард долларға жетті. «Қазақстан экономикасы мұнай бағасының құлдырауы мен коронавирустың таралуына байланысты енгізілген локдауннан зардап шеккеніне қарамастан, 2020 жылдың бірінші жартысында Kaspi-дің таза табысы 50 пайызға артты. Ал банктің мобильді қосымшасын пайдаланушылар қатары өткен жылы 72 пайызға өсті. Айына 7,8 миллионға жуық қолданушы есепшоттарды төлеп, несие рәсімдеп, жеке қаржысын басқару құралдарын пайдалана алады», - деп жазады Bloomberg. Михаил Ломтадзе – Батуми тумасы. 1997 жылы Тбилиси Еуропалық басқару мектебін бітірген, 2002 жылы Гарвард Бизнес мектебінде магистр дәрежесін алған. Студент кезінде Тбилисиде Georgia Consulting Group Audit аудиторлық және консалтингтік компаниясының негізін қалаған. 2002 жылы бұл компанияны жаһандық Ernst&Young желісі сатып алды. 2007 жылдан бері Ломтадзе «Kaspi Bank» АҚ басқарма төрағасы. 2017 жылы ол грузиялық төлқұжатын  Қазақстан төлқұжатына ауыстыруға ниетті емес екенін мәлімдеген еді. 2020 жылдың маусымында Михаил Ломтадзе ҚР Президентінің жарлығымен пандемиямен күреске қосқан үлесі үшін "Халық алғысы" медалімен марапатталды.