Жаңалықтар

Қандастарға солтүстіктен үй беру жайлы ұсыныс ұнады – Асхат Хасенғали

ашық дереккөзі

Қандастарға солтүстіктен үй беру жайлы ұсыныс ұнады – Асхат Хасенғали

Асхат Хасенғали, блогер:  – Ұлттық Кеңестің кезекті отырысы өтті. Түрлі мәселелер көтерілді. Әсіресе, шеттен келген қандастарға солтүстікке келсе бірден үй беру керектігі, әлеуметтік демеуді арттыру жайлы ұсыныс ұнады. Осыған дейін де талай жазған едік. Отыз жылдың ішінде елімізге 1 млннан астам қандас келді. Нақты айтатын болсақ, 1-қаңтар, 2 020 жылдың мәліметіне сай Қазақстанға 313 256 мың қазақ отбасы немесе 105 7280 адам келген. Бұл салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіш. Қоныс аударушы қандастардың басым бөлігі көршілес Өзбекстаннан келген. Нақты сандарды сөйлететін болсақ 61,6% қандасымыз Өзбекстаннан, 14,2% қандасымыз Қытайдан, 9,2% қандасымыз Моңғолиядан, 6,8% қандасымыз Түркіменстаннан, 4,6% қандасымыз Ресейден, ал қалған 3,6% қандасымыз өзге елдерден келген. Түркия, Иран, Еуропаның бірқатар елдерінен туған жерге қоныс аударған қандастар да жетерлік. Тағдырдың тезі мен тепкісін көріп, туған жерден кетуге мәжбүр болған қазақ қайта Атажұртқа жиналып жатқаны қуантады. Әрине, әлі де істелетін жұмыс көп. Азаматтық беруді жеңілдету мәселесі шешіліп жатыр, ал ең бастысы әлеуметтік қамсыздандыру болып табылады. Қазір солтүстік өңірімізде халық саны азайып барады. Шекаралық аймақтар бос қалудың алдында. Өзге ұлттар өз отандарына өмір заңымен кетіп жатыр. Оңтүстіктен солтүстікке халықты көшіру бағдарламалары іске қосылды. Бірақ әлі де күш салу керек. Енді біз қандастарымызды солтүстікке қоныстандырып, бірден үй берсек, онда екі мәселені шешеміз: Сырттағы қандасты отанға әкеліп, үймен қамтамасыз етеміз. Ал солтүстік халқының санының кемуін тоқтатып, қазақтандыруды іске асырамыз. Артынша тіл мәселесі ақырындап реттеліп, жер-су атаулары да қазақшалана бастайтын болады. Бұл дұрыс шешім. Ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды мәселе. Келер жылы тәуелсіздікке 30 жыл. Президент аста-төк тоймен атап өтудің қажеті жоқ деді. Дұрыс. Оданда осындай мемлекеттік мүддеге сай шешімдерді асыруға қаржы жұмсайық.