Премьер-министр Қазақстанда ауыз су мәселесі қашан толық шешілетінін айтты
Премьер-министр Қазақстанда ауыз су мәселесі қашан толық шешілетінін айтты
2025 жылға қарай халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін толығымен шешіледі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сумен жабдықтау және су бұру мәселелері Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылады және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Жалпы елде орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 97,2, ауылдарда 86,4 пайызды құрайды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай халықтың 100 пайыз сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі. Осының арқасында біз халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін толығымен шешеміз», - деді Асқар Мамин.
Оның атап өтуінше, сумен жабдықтау мәселесінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, әр әкімдіктің елді мекендерге, әсіресе, тұрғындары аз ауылдарға тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша нақты жоспарлары болу керек.
«Осы мәселедегі маңызды фактор топтық су құбырларының инфрақұрылымын жасау және ауылдардың шекарасына дейін жеткізу керек. Бұл жұмыс желілерді елді мекендердің ішінде тартумен үйлесімді жүруі қажет. Жауапты министрліктер мен әкімдіктер, бірінші кезекте, артта қалған өңірлер осы мәселені ерекше бақылауда ұстасын», - деді Үкімет басшысы.