Жаңалықтар

«Қазыналы Оңтүстік» облыстық байқауы жарияланды

ашық дереккөзі

«Қазыналы Оңтүстік» облыстық байқауы жарияланды

Оңтүстік Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы үздік жазбалар бойынша «Қазыналы Оңтүстік» облыстық байқауы жарияланды. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлеген хабарлады. Баспасөз жиынына ОҚО әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Н.Жеңісбек пен ҚР Журналистер одағының ОҚОФ төрайымы А.Қапбарова қатысты.

Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуын, тарихи ерекшелігін, туристік және инвестициялық әлеуетін насихаттайтын ақпараттық материалдар жариялау арқылы Оңтүстік өңірінің имиджін қалыптастыруды мақсат тұтқан шарада Оңтүстіктің бейнесін бір таңбаға сыйдыратын «ON» визуалдық брендін насихаттау, жаңа логотип арқылы өлкеміздің танымалдылығын арттыру да көзделген.

Кез келген әлеуметтік желі қолданушылары мен журналистер, блогерлер, оның ішінде авторлық ұжымдар қатыса алатын байқауда үздік жазбалар ON: «Шежірелі Оңтүстік», ON: «Бірлігі Жарасқан – Оңтүстік», ON: «Оңтүстік Мәдениеті», ON: «Оңтүстік Туризмі», ON: «Бәсекеге Қабілетті Өңір», ON: «Оңтүстік Өнімі», ON: «Оңтүстіктің Өнегелі Тұлғалары», ON: «Еңбекқор Халық», ON: «Қонақжайлы Оңтүстік» және ON: «Оңтүстіктің Спорт Саңлақтары» сынды он аталым бойынша анықталады.

«Байқауға қатысушылар жазбаларын ұсынылған он номинацияның бір ғана аталымы бойынша қатысуға және әлеуметтік желідегі Facebook, Вконтакте, Instagram парақшаларының бірінде жариялауға құқылы. Сондай-ақ, үміткерлер тақырыпқа сәйкес жазбаларды әлеуметтік желідегі парақшасы мен арнайы «Оңтүстікте не хабар?» тобына жариялауы тиіс. Ал жарияланған материалдардың бірінші фотосы «ON» фотосуреті және тақырыпқа сәйкес фото жүктелуі қажет. Фотоның астыңғы оң жағында «ОN_Brand» хэштегтің болуы шарт», - деді Б.Төлеген.

Баспасөз мәлихатында белгілі болғандай, байқауға қатысушылар жазбаларын әрбір бес күнде жариялап, байқау мәресіне дейін 25 жарияланымға жеткізуі шарт. Бүгіннен басталған жұмыстар осы жылдың 5 желтоқсанына дейін қабылданады. Мемлекеттік және ресми тілде қабылданатын жарияланымдар әлеуметтік желілерде немесе блог-тұғырламаларда көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы бағаланады. Ал жүзден жүйрік шыққандар Тәуелсіздік күні қарсаңында 10 аталым бойынша марапатталып, қаржылай сертификат табыс етіледі. Жалпы жүлде қоры 2 500 000 теңгені құрайды.

Байқауға қатысу үшін өтінімдер мен материалдар 247548х@gmail.com электрондық поштасына немесе Шымкент қ. «Нұрсәт» шағын ауданы, әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан ОҚО ішкі саясат басқармасына жіберілу қажет. Қосымша мәліметтер үшін 8 (7252) 24-75-48 байланыс нөміріне хабарласуға болады.