Жаңалықтар

Қанатбек Шағатаев: Құрама дәрігерінің салғырттығы спорттағы жолыма нүкте қойды

ашық дереккөзі

Қанатбек Шағатаев: Құрама дәрігерінің салғырттығы спорттағы жолыма нүкте қойды

Сексенінші жылдар соңы мен тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін Қазақстан құрамасында 67-71 келі салмақ дәрежелерінде кентаулық Қанатбек Шағатаев өнер көрсетті. КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1991), КСРО кубогының екі дүркін қола жүлдегері (1990, 1991), Азия чемпионы (1994), Әлем Кубогының күміс жүлдегері (1994), Азия Ойындарының чемпионы (1994) атанған Қанатбектің талабы таудай еді. Олимпиаданы ұтсам деген асқақ арманы денсаулығының сыр беріп, орындалмаған күйі қала берді.   – 1991 жылы КСРО спартакиадасын ұтып тұрып, Барселона олимпиадасының іріктеуінен қалайша тыс қалып қойдыңыз? – 1992 жылы Тамбовта өткен ТМД чемпионаты қарсаңында қатты ауырып қалып, қатыса алмадым. Менің орныма Аркадий Топаев кетті. Сол жолы ол финалда Сергей Сомойловқа есе жіберіп, артынша ТМД кубогында кеткен есесін қайтарды. Жалпы, 1992 жылы ТМД құрамасының оқу-жаттығу жиыны алдында Сергей Сомойлов жол апатына түспегенде Барселонада Топаевтың өнер көрсетуі белгісіздеу еді. Неге десеңіз, сол жолы Ресей бапкерлері Испанияға барғанда Болат Жұмаділов пен Болат Теміровті олардан жеңіліп жүрген орыс боксшыларымен орнын ауыстырып жіберді. Ал Топаевты ауыстыратын ешкім болмаған соң қатыстырды. – Дегенмен Топаев Барселонадағы алғашқы кездесуінде ұтылып қалды... – Жалпы, Аркадий Топаев өте мықты боксшы болды. Ол 1992 жылы Барселонада чемпиондықтан үмітті бірден бір спортшы болды. Кубалық қарсыласы Хуан Лемус кездесуде гонг соғылғаннан кейін ұрып, Аркадий жарыстан шығып қалды. Атлантада да сөзсіз ол чемпион болатын еді. Бірақ, 1995 жылы көктемде кенеттен ауырып, боксты қоюына тура келді. – Кейін Топаевпен рингте кездестіңіз бе? – Бішкекте 1993 жылы ТМД елдерінің кубогы өтті. Бірақ Ресей, Украина секілді елдердің құрамасы қатыспады. 71 келінің мықтысы - Аркадий Топаев екеуіміз болдық. Жеребе бойынша біздің жолымыз жартылай финалда түйісті. Неге екенін білмеймін, ұтып тұрған жерімнен қосалқы төреші Арыстан Сәрсенбаев ұпайын Топаевқа беріп жіберіп, мен ұтылдым да қалдым. Сол жолы бас бапкер Серік Әбденәлиев марқұм жарыстан кейін жеке шақырып: Жақсы жекпе-жек өтті. Негізі сен ұтылмадың. Алда оқу-жаттығу жиындары бар. Сол жерде екеуіңді спаррингке қоямын. Жеңімпазды солай анықтаймыз деп сөз берген еді. Алайда ол сөз орындалмады. Көп ұзамай Финляндияда өтетін әлем чемпионатына кімдердің баратыны белгілі болды. Ол тізімге мен енбедім. Ызам келген соң чемонданымды арқалап, АҚШ-қа аттандым. Себебі, оқу-жаттығу жиындарында сол кездегі аға бапкер Серік Әбденәлиев мені Топаевпен бір салмақта болсақ та спаррингке шығармады. Бішкектегі кубок сынынан кейін спарринг болады деген уәдесін орындамады. Оған қарсылас қылып көбіне 67 келідегі Бекжан Алтынбековпен қояды да, мені Жировтың қарсыласы ретінде бекітіп жүрді. Егер сол кезде құраманың аға бапкері Әбдісалан Нұрмаханов болғанда мені Топаевпен спаррингке шығарып, байқап көрер ме еді. Екі ай бойы құрамада босқа ұстады. Сафиулин сол кезде жеке бапкерім ретінде осыны реттеуге құлықсыз болды.  Ол лапаны жақсы ұстайтын. Бірақ маған қырын қарайтындай көрінетін. Себебі, спаррингте талай қарсыласты құлатып жатсам да елемейтін. Тіпті, көрмегендей болушы еді. Соған менің жыным келетін. Тіпті, шыдай алмай айтқан күнде де үнсіз қоя салатын. – Азия Ойындарын қалай өткіздіңіз? – 1994 жылдың қарашасында Хиросимада Азия Ойындары өтті. Бұл - Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде алғашқы құрлық ойындарына алғаш қатысуы.   Нұржан Сманов екеуіміз Жапонияда чемпион атандық. – Жарыстан кейін Қазақстанда қалай қарсы алды? – Елге табанымыз тиісімен ыстық ықыластың астында қалдық. Жеңімпаздарға үй берді, көлік мінгізді. Көлікті маған беретін кезде Нұрғали Сафиулиннің араласуымен біраз шырғалаң орын алды. – КСРО кезінде де осылай ыстық ықыласты сезіндіңіз бе? – КСРО халықтарының спартакиадасын ұтқан боксшыларға үй мен көлік берілетін. Мен 1991 жылы Минскіде өткен спартакиаданың жеңімпазы болғанда шенеуніктер келіп құттықтап, алда үй мен көлік берілетінін айтқанымен артынша бәрі ұмыт қалды. Кейін бапкерім араласып жүріп, үйді әупірімдеп алып берді. Кімнің уәделі көліктен тыс қалғысы келеді.  Мен де спартакиаданың жеңімпазы көлік ретінде алғым келді. Бірақ, жеме-жемге келгенде көлікті бермей қойды. – 1994 жылғы Азия Ойындарынан кейін 71 келіде Атлантада сіздің бақ сынайтыныңыз белгілі еді... Былғары қолғапты шегеге ілу керектігін дәрігер қай  кезде айтты?    – Денеме жиі сыздауық шыға берген соң оны емдеген дәрігер кәріс әйел «өкпең дұрыс емес, сен көп темекі тартасың ғой деймін» деп өз тұспалын айтты. Оның түсірген рентген қағазын құрама дәрігені Сагид Мусаевқа көрсетсем  «Бәрі дұрыс» дейді де қоя салады. Ауруым асқынғанын елемей жүріп, жарыстарда жиі шаршайтынды шығардым. 1995 жылы Германияның Галле қаласында өткен турнирде шаршап қала бердім. Сол үшін финалда кездесуге шығармады. Екі аптадан соң Түркиядағы турнирде 75 келіде бокстасып, екі кездесуден соң жарысты тоқтатуға тура келді. Бәрі сол кездегі құраманың дәрігері Сагид Мусаевтың кесірі. Дәрігердің «енді спортқа жарамайсың» дегені маған өте ауыр соққы болып тиді. Берлинде өткен әлем чемпионатына менің салмағымда ешкім бармады. Аркадий Топаев та сол кезде ауырып қалды. Жалпы, біздің ауырып қалуымыз Ермаханның жолын ашты. – Ермаханның олимпиада чемпионы болатынын шамамен сездіңіздер ме?   – Жоқ. Ермаханмен оқу-жаттығу жиындарында талай бірге болдық. Құрамадағы еңбекқор, қарымды боксшылардың бірі ғой. Аталантада қола медаль алғанда ғана алда ірі табысқа жетеріне күмәнсіз сендік. Көпшілік одан гөрі Аркадий Топаевты чемпион болады деп күтті. Василий Жиров жақсы боксшы еді. Оның олимпиада чемпионы болатынын көбіміздің ішіміз сезетін. Себебі, бапкері, марқұм Александр Апачинский талабы қатты маман еді. Жарыс өтетін қалаға ерте келіп, сол жақтағы боксшылармен Васяны спаррингке шығарып, климатқа бейімдейтін. 1993 жылы Топаев 75 келіге ауысқанда ол ойланбастан 81 келі салмақ дәрежесіндегі жоғарылады. Сол кездері құрамада Жировты құлататын тек Топаев екеуіміз ғана едік. – Боксты қойғаннан кейін не істедіңіз? – Көптеген өкініштер пайда болды... – Қандай өкініш?