Грантқа ілікпеген Алтын белгі иегерлерін ЖОО тегін оқытуға міндетті емес
Грантқа ілікпеген Алтын белгі иегерлерін ЖОО тегін оқытуға міндетті емес
Мемлекеттік грантқа ілікпеген «Алтын белгі» иегерлерін жоғары оқу орындары тегін оқытуға міндетті емес. Мектепті үздік бітірген, бірақ мамандықты дұрыс таңдамаған жастарды университеттер қаржылық мүмкіндігіне қарай қабылдайды деп жазады BNews.kz.
Білім беру гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов: «Өкiнiшке қарай, «Алтын белгi» иегерлерiнiң барлығы бiрдей мемлекеттiк грантқа ие бола алмайды. Себебі, әу баста мектепте, одан кейін ата-аналары кәсiптiк бағдарлау жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Осы күнге дейiн «Алтын белгi» иегерлерi құқық, халықаралық қатынастар, қаржы, менеджмент сияқты мамандықтарға көбiрек барады. Экономикада, қоғамда, елде өзгерiстер болады, соған сәйкес мемлекет гранттарды сұранысқа ие, қажет мамандықтарға бөледi. Қазiргi кезде мемлекеттiк грант педагогикалық, медициналық, техникалық мамандықтарға көбiрек бөлiнедi. Осы мамандықтарды таңдаған жастардың грантқа ие болу мүмкiндiгi де тиiсiнше жоғары», - дейді Ерлан Сыдықов.
Күні кеше «Алтын белгі» иегерлерінің бәрі бірдей мемлекеттік грант есебінен оқи алмайды деген ақпарат жарияланған еді. Ал биыл 2059 «Алтын белгі» иегері оқуын еліміздегі жоғары оқу орнында жалғастыруға ниет білдірген. Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бұл жылда қайталанатын жағдай. Өйткені, жастар грант аз бөлінген, бірақ бәсекелестік үлкен мамандықтарды таңдайды. Комиссия мүшесінің пайымдауынша, бұл дұрыс таңдау жасамаудың салдары. «Грант аз бөлiнгенiн бiле тұра, сол мамандықты таңдайды. Қазiргi кезде заңгер, экономист, қаржыгер, халықаралық қатынас мамандары көп. Жұмыс табу үшiн, нақты, мемлекет қолдайтын мамандықтарға көңiл аудару керек. Сонда оқу бiтiргеннен кейiн қиналмай жұмыс табасың. Бұл медициналық, педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы, туризм саласының мамандықтары», - дейді ол. Мемлекеттік грант ала алмаған «Алтын белгі» иегерлерін университеттердің өз есебінен оқыту мүмкіндігі бар. Бірақ, оларды қабылдау үшін жоғары оқу орнының табысы болуы керек. «Алтын белгi» иегерлерiн оқуға қабылдауға университеттер мүдделi. Өйткенi, неғұрлым талантты жастар көбiрек келсе, соғұрлым университеттiң де көрсеткiштерi жоғары болады. Біз мемлекеттiк грант бұйырмаған талапкерлердi қабылдай аламыз. Бiрақ, оларды оқыту үшiн жоғары оқу орнының ақшалай пайдасы болуы керек. Бұл қаражатты бақылау кеңестерi бөледi. Ең бiрiншi кезекте, әлеуметтiк әлсiз қорғалған отбасылардың балаларына қолдау көрсетiледi. Бұдан бөлек, мүгедек жастардың оқуының ақысын азайтуға жұмсалады. Егер қаражат қалса «Алтын белгi» иегерлерi, Олимпиада жеңiмпаздары, дарынды балаларды оқытуға қарастырылады. Бұл тек ректор шешетiн мәселе емес, қаражатты бақылау кеңестерi бөледi. Ал егер университеттiң табысы болмаса, онда грантқа iлiкпегендердi оқу орнының есебiнен оқыту мүмкiн емес», - дейді Еуразия ұлттық университетінің ректоры.
Сондай-ақ «Мемлекет оларға орын тауып беруге мiндеттi емес, өйткенi таңдаған өздерi, бұл – нарық. Мемлекет бөлiнген грант санын, оған түсудiң жолдарын, шарттарын алдын ала айтады. Университеттер де грант алмаған «Алтын белгi» иегерлерiн қабылдауға мiндеттi емес. Олар ішкi қаржылық жағдайы мүмкіндік берсе ғана оқыта алады. «Алтын белгi» иегерлерi грантсыз қалмауы үшiн олардың өздерiмен, ата-аналарымен дұрыс жұмыс жүргiзу керек», - деп тұжырымдады сөзін Ерлан Сыдықов.