ПТР анықтамасыз шетелден ұшып келген 2 азамат әуежайдан қашып кетті
ПТР анықтамасыз шетелден ұшып келген 2 азамат әуежайдан қашып кетті
Бүгін түнде Шарм-эль-Шейхтан ПТР анықтамасыз ұшып келген Нұр-Сұлтан қаласының 2 тұрғыны ПТР сараптама тапсыру үшін карантинге апаратын арнаулы автобусқа отырғызу кезінде әуежайдан қашып кеткен.
«Көліктегі полиция қызметкерлері шұғыл арада олардың тұрғылықты жерін анықтап, карантиндік стацонарға жеткізді», - деп жазды ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов Facebook парақшасында.
23 қазан күні түнде елімізге 11 рейспен 1291 жолаушы ұшып келді.
«Оларды 962-сінде ПТР анықтама болса, 329 жолаушыда анықтама болмай шықты. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласына 5 рейспен келген 522 жолаушының 373-інде анықтама болса, 149-ында анықтама болмады. Алматыға 5 рейспен 728 жолаушы келді. Оның 548-і анықтамамен, 180-і анықтамасыз жеткен. Ал Ақтауға 1 рейспен жеткен 41 жолаушының барлығының анықтамасы бар», - деді санитар дәрігер.
Оның атап өтуінше, анықтамасыз ұшып келген Қазақстан азаматтары ПТР сараптама тапсыру үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік стационарға жатқызылды.
«Жолаушылар Түркия, Мысыр, БАӘ, Беларусь, Грузия және Ресейден халықаралық әуе рейстерімен келді», - деді ол.