ШЫҰ+ форумында партияаралық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды
ШЫҰ+ форумында партияаралық әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнеконференция режимінде ШЫҰ+ халықаралық партияаралық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерден басқа ТМД мен БРИКС елдері партияларының өкілдері қатысты. Оның күн тәртібінде билеуші партиялардың пандемияға, коронадағдарыстың әлеуметтік-экономикалық салдарларына қарсы және өңірде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-қимылын үйлестіру мәселелері қаралды.
Бауыржан Байбек өз сөзінде бүгінде әлем коронавирус пандемиясынан туындаған жаһандық дағдарысқа тап болғанын атап өтті. Әлемдік экономиканың өсуі баяулап, сауда қатынастары үзіліп, геосаяси шиеленіс артуда. Осыған байланысты серіктес елдердің билеуші партиялары арасындағы өзара іс-қимыл ерекше маңызды болып отыр.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрылуына бастамашылардың бірі болған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия құрлығының басым бөлігінде нарықты дамыту мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әлеуеті зор. Жүйелі реформалармен бірге интеграциялық жобаларға қатысу, серіктес елдермен сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету Қазақстан экономикасының дамуына қолайлы әсер етті», – деді ол.
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қазақстанның экономикадағы жетістіктермен қатар саяси реформаларды да жүйелі жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен саяси партияларды тіркеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді, парламенттік оппозиция ұғымы заңнамамен енгізілді, партиялардың сайлауалды тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті квоталар белгіленді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру аясында еліміздегі сайлау жүйесі толығымен пропорционалды қағидатқа көшті. 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Мәжіліс пен барлық деңгейдегі жергілікті өкілді органдар сайлауы алғаш рет осы жүйе бойынша өтеді. Бір жыл бұрын «Nur Otan» өзінің қайта жандандыру бағдарламасын іске қосып, оның негізгі элементі жалпыұлттық деңгейде алғаш рет өткізілетін праймериз болды», – деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы тек партиялар арасында ғана емес, жастар ұйымы, зерттеу институттары мен мектептері сияқты құрылымдық бөлімшелер арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуді белсенді қолдай отырып, халықаралық ынтымақтастыққа үлкен мән береді.
«Қазіргі жаһандық пандемияны ескере отырып, осы форум аясында індет туғызуы мүмкін жұқпалы аурулардың таралуына қарсы тиімді шешімдер қабылдау мақсатында денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды күшейту сияқты өзекті мәселелерді талқылау маңызды деп санаймын. Екіншіден, қарапайым адамдардың мүдделерін қорғауға баса назар аудара отырып, коронадағдарыстың әлеуметтік-экономикалық салдарымен күрестегі партияларымыздың рөлін, сондай-ақ, цифрлық сенімнің ортақ кеңістігін қалыптастыруға қатысты әрекеттерді үндестіру жайын да қарастырған жөн.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейін ШЫҰ-ның Ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру идеясын жариялаған болатын. Серіктес елдерде интернет-технологиялардың рөлі еселеп артқанын ескерсек, мұның өңірдегі киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің пәрменді құралына айналуға әбден мүмкіндігі бар», – деп түйіндеді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
«ШЫҰ+» форумы барысында «Единая Россия» партиясының Төрағасы Дмитрий Медведев, ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов, Үндістан Республикасының Бхаратия Жаната Парти Төрағасы Надда Джагата Пракаша, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі Сун Тао және басқалары сөз сөйледі.
Екі күндік форумның соңында күн тәртібі аясында партиялардың одан әрі ынтымақтастығын айқындайтын қорытынды құжат қабылданбақ.