Еңбегімен елге еленген нәзік жан
Еңбегімен елге еленген нәзік жан
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында адал еңбегімен елге еленіп, өнегелі істерімен жастарға үлгі болып, қажырлы еңбек еткен жандар баршылық. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері де осындай жандардың бірі — жерлесіміз, аудандық атқару комитетін басқарған еліміздегі жалғыз әйел, еңбек ардагері Шәмке Ғалиқызы Мұқатаева жайлы болмақ.
Шәмке Ғалиқызы 1919 жылы 26 желтоқсанда Ұлан ауданының Қызылсу ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жастық шағы ашаршылық пен сұм соғыс жылдарына дөп келді. Осындай қиын заманға қарамастан Бозанбай ауылындағы мектеп-интернатты тәмамдады. Мектеп қабырғасын бітірген соң, ұстаз болуды алдына мақсат қойып, Алматы қаласындағы педучилищені және жылдамдатылған мұғалімдер институтын тәмамдаған. Кейін Алматының жоғары партия мектебінде сырттай оқып, Өскемендегі ауылшаруашылық техникумын аяқтады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда 1941 жылы алғашқы еңбек жолын мамандығы бойынша Никитинка ауылындағы (қазір Бозанбай) Киров атындағы орта мектептен бастаған. 1943 жылдан партия мүшесі болды. Жүрегі мейірімді нәзік жан онда үнемі қайырымдылық жұмыстардың белортасында жүріп, қоғамға пайдасы тиді.
1942 жылы өзі арқа сүйеп жүрген ағасы сұм соғыста қаза болды. Осындай қиын кезде ата-анасына қамқор болып, еңбекпен шыңдалған ол диқандармен бірге соқамен жер жыртып, шөп шауып, әртүрлі жұмыстар атқарып, жас болса да тылда ерен ерліктің таңғажайып үлгісін көрсетті.
1943-1944 жылдары Ұлан ауданында білім бөлімінде инспектор, меңгеруші болып қызмет етті. 1944-1946 жылдар аралығында Өскемен қаласында облыстық партия комитетінде инструктор болды. Өмірлік серігі Гатьят Салихұлы Ұлан ауданында, Өскемен қаласында қаржы бөлімі бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарған.
Іскерліктің, өзіне тапсырылған істі көңілдегідей, тиянақты атқара білуінің, үлкен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесінде Шәмке Ғалиқызы 1951 жылы Зайсан аудандық атқарушы комитеттің төрайымы болып тағайындалады. Онда ауылшаруашылық, сауда, құрылыс, жол құрылысы салаларына басшылық етті.
Жастайынан еңбекке ерте араласып, тіршілікте тек өзінің адал еңбек, маңдай теріне ғана сүйенген Шәмке Ғалиқызы қызмет атқарған жылдары өзіне жүктелген қызметтердің қайсысы болса да жауапкершілікпен қарап, жұмысын жоғары деңгейде атқара білді. Ұжымдары, әріптестері арасында сыйлы, беделді болды. Көпшілікпен тез тіл табысатын ол өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, халықтың өзекті проблемаларын шешу жолдарын қарастырып, жүйелі жұмыс атқарды. Ол халқы мен елінің гүлденуіне лайықты үлес қосты. Уақыт өте көздеген арманына жетіп, үлкен құрметке бөленді.
Шәмке Ғалиқызы «Бақыт дегеніміз – адамдарға пайдаңды тигізу» деген қағиданы ұстанып, өзінің қарапайымдылығымен ерекшеленіп, адамдарға үнемі қол ұшын созып, көмек көрсетуден жалыққан емес. Өз ісінің маманы ашық-жарқын, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, жауапкершілігі мол, адамдармен тез тіл табыса білетін, еңбекқор жан болды. Қоғамдық жұмыстарға араласып, халықтың әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оның оңды шешімін шығарғанша тыным таппай атсалысып, халықтың алғысына бөленген жан.
Өмірлік серігінен ерте айырылып, 5 баласын жалғыз өзі өсіріп жеткізді. Балалары да еңбекке ерте араласып, кенже ұлы 11 жасында колхозда егін суарушы болып, жас болса да еңбектің үлгісін көрсетті.
Аудандар іріленіп, Зайсан мен Тарбағатай ауданы қосылған кезде төрайымы Шәмке Ғалиқызы болып тағайындалды. Жүйелі жұмысының нәтижесінде зайсандықтар мен тарбағатайлықтар жоспарды асырып орындап, аудандардың алдыңғы қатарынан көрінді.
Іскер басшы, білікті маман Зайсан, Ұлан ауданының депутаты болып сайланған. 1954-1971 жылдары Ұлан ауданы атқарушы комитеті төрағасының орынбасары, 1959-1971 жылға дейін облыстық комитеттің мүшесі, депутат болып, жауапты қызметтерді абыройлы атқарған.
Еліне елеулі еңбек етіп, бақытын еңбектен тапқан нәзік жан Шәмке Ғалиқызының еңбегі еш елеусіз қалған емес. Көп жылдар ішінде түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Ерен еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен, басшылар тарапынан түрлі алғыс хаттарға, Құрмет грамоталарына, дипломдар мен мадақтама қағаздарымен марапатталған.
Еңбегімен елінің сүйіктісіне айналған Шәмке Ғалиқызы 88 жасында қайтыс болды. Дегенмен артында өнегелі істері ел аузында қалды. Еңбекқор ардагердің өмір жолындағы деректеріне көз жібере келгенде төмендегідей ой түйесің. Қарымы кең, іскерлік қабілеті мол, тығырыққа тірелген шақтарда жол таба білетін, болашақты болжай алатын адамдарда даңғыл жолға ұмтылғандай қасиеттер қалыптасады екен.
Эльмира АХМЕТОВА