Жаңалықтар

Әскери дрондар дәуірі немесе аймақтық держава

ашық дереккөзі

Әскери дрондар дәуірі немесе аймақтық держава

Ызғарлы соғыс аяқталғалы бері әлем биполярлы жүйеден көп­полярлы жүйеге ауысты. Индустрияландырудың басқа аймақтарға таралуы және бұл аймақтардың жаһанданумен бірге күшеюі – әлемдік күш тепе-теңдігіне әсер етіп, гегемониялық соғыстардың басталуына себеп бол­ды. Мұндай соғыста әр ел өзінің сыртқы және қорғаныс саясатын қалып­тастырды.

1989 жылы Берлин қабырғасының құлауы дәуірдің аяқталуының символы ретінде қарастырылады. Парсы шығанағы соғысына дейін АҚШ президенті Джордж Буштың саясат тарихына әкелген «Жаңа әлем тәртібі» түсінігі, 1991 жылы Кеңес Ода­ғының ыдырауымен АҚШ-тың бір­полярлы әлемнің көшбасшысына ай­налуынан басталды.

Алайда, АҚШ қазір жалғыз емес. Себебі жаңа дүниежүзілік тәртіп ескіріп, елдердің қуаттылығы,  тек олардың армияларының көлемімен ғана емес, сонымен бірге олардың энер­ге­ти­ка­лық ресурстары және экономикасының қуатымен өлшене бастады.

Ресей мен Қытай «АҚШ-қа сіз жал­ғыз емессіз, біз де осындамыз» де­ген қағидасын арагідік еске салып қояды.

Жаңа әлемдік тәртіпте пайда бол­ған тағы бір маңызды эле­мент – бұл аймақтық супердержава тұжырым­дама­сы. Себебі супердержавалар ретінде анықталған АҚШ пен дамушы Ресей ай­мақтық алпауыт елдермен ынтымақ­тас­тықсыз өздігінен әрекет ете алмайды.

Бұрын елдер АҚШ немесе Кеңес Ода­ғының жағында болды, қазір ай­мақтық державалардан тәуелсіз әрекет ету мүмкіндігі жоқ. Жаңа әлемдік тәртіпте ай­мақтық державалар бұрынғыдан гөрі тәуел­сіз әрекет етуде. Супердержавалар олар­дың рұқсатынсыз әрекет жасай ал­май­ды. Бүгінде Түркияның аймақтағы рөлін осылайша сипаттауға болады.

Түркияның күшеюіне басты себеп – қорғаныс индустриясына жасаған инвестициясы деуге болады.

Түркия, әсіресе 1990-жылдардың ба­сындағы террористік актілермен күрестен кейін, пилотсыз көлік құралы өте маңызды күш болатынын ерте түсін­ген бірнеше елдің бірі болды.

Сол себепті Түркияда ұшу аппарат­тары­ның жүйесін дамыту және олар­ды түрік қарулы күштерінің тізіміне енгізу бойынша процестер 1980 жылдар­дың соңында пайда болды.

Бүгінде Түркия пилотсыз ұшу ап­па­раттарын (SİHA) жасауда АҚШ, Израиль және Қытайға елеулі қарсылас болып отыр.

Түркия биыл 1 наурызда бес күнге созылған сириялық күштерге қарсы бронды машиналарды, химиялық қару-жарақ қоймаларын және әуе қорға­ныс жүйелерін нысанаға алып, иннова­циялық дрон операциясын өткізген болатын. Бұл кездегі нәтижені тексеру мүмкін емес, асыра сілтеулер де көп. Деген­мен сарапшылар бұл операцияны сәтті деп санады. Өйткені, бұл Сирия армиясының Идлибтегі түрік қолдаушы күштеріне қарай ілгерілеуін тоқтатып, Мәскеуді атысты тоқтатуға мәжбүр еткен операциялардың бірі ғана еді.

Таулы Қарабақта қақтығыс қайта басталғандықтан, Арменияның жау­лап алған жерлерін қайтарып алу үшін, Әзербайжан күштері өздерінің қару-жа­рағында жаңа құралдар қосты. Әзер­байжан әскерилері Түркияда жасалған әс­кери дрондардың көмегімен армяндар­дың көптеген позицияларын, әуе шабуы­лы­на қарсы қорғаныс жүйелерін, ар­тиллериялық бөлімдер мен танктерді соққыға алып жатқан фотоларды жария­лады. Әзербайжан президенті Илхам Алиев тек осы ұшақтардың көмегімен Арменияның 1 миллиардқа жуық әскери техникасын жойғандығын хабарлады.

Таулы Қарабақ – бұл соңғы жыл­дары түрік дрондары орналас­тырыл­ған бесінші шетелдік қақтығыс аймағы. Түркияның пилотсыз ұшақтары Сирия, Ливия, Ирактың солтүстігі мен Жерорта теңізінің шығысында, Түркия мен Грек арасындағы теңіз құқығы туралы келіспеу­шілік­тер кезеңінде кеңінен қол­данылды.

Сонымен Түркия осы сәтке қалай жетті? Неліктен жиырма елдің ішінде Түркияның әскери пилотсыз ұшақтары қазір дүниежүзілік бақылауда?

Түркия алғаш рет 1995 жылы АҚШ-тың General Atomics фирмасынан бірнеше GNAT-750 сатып алып, дрон жа­сау­ға қадам басты. Бұл кезеңде елде ұш­қышсыз ұшу бағдарламасы болмады жә­не импортқа тәуелді болды. Анкара АҚШ-пен қатар, 1970-жылдардан бастап, ұрыста дрондарды қолданып келе жатқан Израильге тапсырыс берген болатын. Шетелде жасалған бұл ұшақтар өте қарапайым болғандықтан, Түркияның Күрдістан жұмысшылар партиясына ПКК-ға қарсы қорғануда көмектесе алмады. Мысалы, GNAT-750 ұшақтары Сирия мен Ирак шекарасындағы ПКК террористік қозғалысына қарсы жасалған шабуылдың кадрларын ұсына алды, бірақ видео тал­данған кезде, сепаратистердің алдын ала шабуылдан хабардар екендіктері анық­талды. Сондықтан бұл келеңсіздіктер Түр­кияға өз пилотсыз аппараттарын дамытуға итермеледі.

2004 жылы Анкара түрік аэроғарыш өнеркәсібіне орта биіктікте ұзаққа төзімді, кейінірек «Анка» деп аталатын ұшақ шығаруға келісімшарт жасады. Ол алғаш рет 2010 жылдың 30 желтоқсанында аспанға көтерілді, бірақ 15 минуттан кейін апатқа ұшырады. Дәл осындай жағдай тағы бірнеше рет қайталанды. Осы қиын сәттерге қарамастан, Түркия үкіметі 2013 жылы «10 Анка» жасалуы үшін келісімге қол қойды. Үш жылдан кейін ұшқышсыз кеме өзінің алғашқы дебютін жасады. Түркияның шығысындағы Элазиг провинциясы үстінде төрт сағаттық бақылау ұшуын жасаған болатын.

Уақыт өте келе, TAI компаниясы, елдің отандық дронын жасау үшін еңбек етіп жүрген MIT докторанты26 жа­сар түрік студентінің өзі құрастырған UAV-прототипін қолдауға тырысты. 2005 жылы Селжук Байрактар өз қолымен жасалған кішкентай дронның қалай ұшып, қонуға болатындығын көрсете оты­рып, аэродромда бір топ түрік бюрократ­тарын қабылдаған болатын. Байрактардың айтуына қарағанда, егер бұл жобалар қаржыландырылса Түркия әлемнің қалған бөліктерін дрон өндірісінде басқара алады деген пікір білдіруде. Ол бұған бес жыл керек деп болжаған болатын.

Байрақтарға алғашында сенген­дердің саны аз болды. Алайда, 2006 жылы жарыста жеңіске жеткеннен кейін Байрақтарға түрік армиясына қолмен басқарылатын 19 барлау жүйесін жеткізу міндеті жүктелді. Нәтижесінде, Байрақтар компаниясы қажетті орындарда өз қолдаушыларын жинай бастады және көп ұзамай Түркияны дрон индустриясында алдыңғы қатарға шығарды.

2010 жылы Түркияның Израиль және АҚШ-пен қарым-қатынасы – Түр­кияның Палестинаға жіберген көмек флотилия­сына Израиль тарапынан жасалған шабуылдан кейін толықтай бұзыл­ды. АҚШ Конгресі сонымен қатар Түркияға қарусыз ұшақ сатуына қарсы болды. Сайып кел­генде, Түркия мұны жалғыз шешуге ты­рыс­ты.

Отандық өндірістегі дронды қарулан­дыру жоспарын сол кез­дегі премьер-министр Режеп Тайып Ердоған жеделдетіп, істің басында Селжук Байрактар келді.

Кейін Ердоғанның Байрактар есі­мімен қарым-қатынасы отбасы­лық деңгейде тереңдей түсті. Ердоғанның қызы Сүмейе мен Селжук Байрактардың 2016 жылдың мамырында некесі қиыл­ды.

Кейбір деректер, Ердоғанды Байрақ­тардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызына үйлендірген деседі.

2015 жылдың аяғында Түркия үшін үлкен жетістік болды. Байрактар тағы бір демонстрациясында TB2 деп аталатын дрон 16000 фут биіктіктен ракетаны ұшырып, мақсатына дәл жетті. Бұл елдегі алғашқы қарулы ұшақ болды және ол түрік әскерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарынан мақтау алды.

Жақында Guardian жүргізген зерттеу барысында қарулы TB2 жергілікті өндірісте болғанымен, ол Ұлыбританияның көмегінсіз зымыранды ата алмайтындығы анықталған болатын. Селчук Байрактар бұл мәлімдемені жоққа шығарып, оның компаниясы Брайтондағы EDO MBM Technology компаниясынан зымырандардың маңызды компонентін сатып алмағанын, керісінше өзінің «қол жетімді бағамен әлдеқайда жетілдірілген моделін» жасағанын мәлімдеді.

Жалпы, бүгінде Байрақтар Украи­на, Әзірбайжан, Катар сияқты елдердің қарулы күштері тарапынан кеңірек қолданылуда.

Кез келген нәрсе, армандаудан бас­талады. Маңыздысы мемлекет «ұшам деген жігітке қанат беруінде» екен...

Назгүл Кенжетай,

Халықаралық саяси шолушы (Түркия)