BMW-ның «миын» құрастырған қазақ
BMW-ның «миын» құрастырған қазақ
Соңғы жылдары физика мен математикаға әуес болған қазақ балаларының Google, Apple, Booking.com, SpaceX, Amazon секілді алпауыт компанияларға жұмысқа қабылданып, күллі әлем қолданатын жаңа технологияларды жетілдіру ісіне жиі араласып жүргенін байқап жүрміз. Әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие мамандардың қатарында сонау 1981 жылы тұңғыш рет дербес компьютерді құрастырып шығарған IBM корпорациясында және әлем бойынша үздік автомобиль маркасы саналатын BMW көлік шығарушы компаниясында жұмыс істеген отандасымыз Ержан Байымбетов те бар. Бүгінде Германияның Мюнхен қаласында тұратын Ержанмен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Линцтағы оқуыңызды аяқтаған соң, көлік жасау индустриясындағы жетекші компания – BMW-ның Мюнхен қаласында орналасқан штаб-кеңсесіне жұмысқа қабылдандыңыз ба?
– Иә, оқу бітірер алдында таныстарымнан BMW компаниясының ІТ-маман іздеп жатқанын естіп, онда құжаттарымды тапсырған едім. Ақырында компанияның кадр бөліміндегілер мені Мюнхен қаласына сұхбаттасуға шақырып, жұмысқа қабылдады. Қазіргі таңда әлемдік тренд бойынша «ақылды» көлік, яғни өздігінен жүретін көлік құрастыру үдерісі белең алып жатқанын білетін боларсыз. BMW компаниясы да көштен қалмай, мұндай жобаны әзірлеу үстінде. Мұндай ірі жобаның артында көлікті құрастыратын механиктермен қатар, ІТ маманының орасан еңбегі тағы бар. Көлікті пилотсыз жүрумен қамтамасыз ететін көптеген сенсор бар, мен сол сенсорларға арналған бағдарлама жаздым. Қазақшалап айтқанда, BMW-ның «миын» жаздым. Бұл өте қызықты тәжірибе болды, өйткені бұрын-соңды көліктерге арналған бағдарлама құрастырып көрмегенмін әрі мұның қалай іске асырылатынын да білмейтінмін. Кейіннен мені fintech саласы бойынша Германиядағы ең үлкен компания CHECK24 жұмысқа шақырды. Жалпы, Германияда алты жүздей банк бар, несие алуға мәжбүр тұрғындар банкке бармай-ақ, біз құрастырған бір жүйеге кіріп, несие алады. Мен сол жүйенің жұмысына жауапты болдым. Ал қазіргі таңда Мюнхен қаласында орналасқан, жылдық айналымы 25 миллиард евроны құрайтын Еуропадағы ең ірі ритейлер компания – Saturn Mediamarkt-ке жұмысқа орналасудамын. Жұмысымды неге жиі ауыстыратынымды сұрасаңыз, өз басым технологияға қызығатын маман қырық жасқа дейін үйрену керек, әртүрлі техноалаңдарды көру қажет деп есептеймін. Бізге, яғни – ІТ мамандарына бір жерге бірнеше жылға тұрақтау тиімсіз, себебі жаңа технологияны меңгеріп алған соң, мұны көп уақыт бойы қайталай бермей, өзге тың нәрсені үйренген абзал.
– Әңгімеміздің басында сіз секілді әлемнің өзге ірі компанияларында ІТ маманы ретінде жұмыс істейтін қазақтарды тізіп шыққанымда, «Сіз білесіз бе, мұның барлығының жауабы бір – біздің мектептерде Кеңес заманынан қалған математика пәнін оқытудың мықты жүйесі бар» дедіңіз...
– Иә, біздің елде Кеңес заманынан қалған, математиканы тереңдетіп оқытатын мықты білім беру жүйесі бар. Осы оқыту дәстүрін үйреніп алған мұғалімдер отыз жыл бұрынғы кітаптар арқылы балаларды математикаға баулиды. Математикалық базасы мықты оқушы ІТ саласында оңай жұмыс істей алады. Өзіңіз білетіндей, шетте жұмыс істеп жүргендердің ІТ мамандардың көпшілігі мектепте математика мен физиканы жақсы оқыған. Өкініштісі сол, ІТ саласында өсіп-өнгісі келетін балаға Қазақстанда ойындағысын дамытуға мүмкіндік жоқ. 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Алматы – ІТ қала» деген жоба қолға алынып, осылайша Алматыны Орталық Азияның Кремний алқабына айналдыру көзделген еді, десек те, бұл іске жауапты мамандар бұдан оң нәтиже шығара алмады. Ал дәл осындай жоба Беларусь пен Украинада басталып, ақырында ол жақтағылар Кеңес өкіметі кезінде білім алған мықты математиктердің көмегімен ІТ саласының қарқынын үдетіп, тиімділігін арттырып, өз істерін дөңгелетіп алды. Беларусь елі бір ғана ІТ саласынан жылына 1,4 миллиард АҚШ долларын табады. Бізде де мұндай ақша өндіріп алуға болады, бізде де олардағыдай мамандар, ресурстар баршылық. Тек жоғарыда мен айтқандай жөнді басқарылмаудың, «рельске» дұрыс қойылмаудың себебінен олардан кеш қалып отырмыз. Дегенмен Қазақстан әлеуеті бар халық әрі шетелдіктерден «Қазақтар – талантты халық» дегенді жиі естимін. Болашақта сіз болып, біз болып, кенжелеп қалған салаларды насихаттау, жетілдіру ісіне үлес қосамыз деген үміттемін.
– Қазақстанда көптеген шетелдік автоконцерндердің көлігі құрастырылатыны белгілі. Алдағы уақытта көлікті тек құрастырып қана қоймай, сіз секілді ІТ мамандардың көмегімен жеке көлік брендін жасап шығаруға да мүмкіндігіміз бар ғой, демек?
– Әлбетте! Мен сізге мынаны айтайын, Германия автоиндустриясында маман тапшылығы бар. Сол себепті олар өз жобаларын Шығыс Еуропа елдеріне аутсорсингке шығарып, өзге елдегі мықты мамандардың көмегіне жүгінеді. Ал бұл мамандар мұның қыр-сырын үйреніп алған соң, өз аймағындағы автокөлік өндірісінің дамуына атсалысады. Бұдан бөлек, басқа елдерде BMW-ға көлік бөлшектерін құрастыратын серіктес компаниялар жетерлік. Ал Қазақстанда біз жоғарыда айтқан «ми» күші жеткілікті. Егер Қазақстанда техника құрастыруға әуес маман Еуропаның ірі концерндерімен байланыс орнатса, біздің де өз жеке брендімізді шығарудың ауылы алыс емес. Менің пайымдауымша, бізге әлі де болса сапалы білім беретін университеттер салу қажет. Қазіргі кездегі әлемдік деңгейдегі рейтингі жоғары университеттердің барлығының жанынан ғылыми орталықтар ашылған немесе кампустарына жақын жерде компаниялар өз филиалдарын ашып қойған. Егер Қазақстанда теория мен практиканы үйлестіруге үйрететін мықты университет ашылса, бірінші күні мен жоғарыда айтқандай кадр іздеп жүрген BMW компаниясы келіп ғылыми орталық ашса, екінші күні Google өкілдері байланысқа шығады, үшінші күні ІВМ компаниясы кезінде бізді іріктеп алғандай тағы да мамандар легін іздеп, сол жерден өз орталығын ашуы мүмкін. Алматыда технологияның қыр-сырын білетін, бірақ өз үйінде отырып жұмыс істегісі келетін ең кемі мың адам шықса, алпауыт корпорациялардың өкілдері ертесі-ақ келіп, өз кеңселерін ашатынына сенімім мол. Осылайша, біздің тілмен айтқанда технологиялық трансфер, яғни алмасу орнайтын еді. Алайда дәл қазіргі таңда бұл келелі іс тоқтап тұр. Қазақстан аумағы ұлан-ғайыр болғанымен, жаңа өнім жасап шығару жағынан әлемдік нарықтағы орны шектеулі.
– Орыстілді бір сайтқа берген сұхбатыңызда «Қазақстан – менің Отаным. Елімнен біржолата көшіп кетуді жоспарлаған жоқпын. Мен – Қазақстан азаматымын және менің мақсатым – қызықты жобаларды тауып, тәжірибе жинақтау» депсіз. Қазақстанға әкелгіңіз келетін қызықты жобалардың қандай болатынын жоспарлап қойдыңыз ба?
– Мен сізге мынаны айтайын: Қазақстанға келу қажет болса, мен әзірмін. ІТ маманы болғандықтан, үлкен нарыққа қараймын. Дегенмен үлкен нарықтың соңына түсіп, Отаным Қазақстан екенін еш ұмытып кеткенім жоқ. Қазақстанға тың жобаларды әкелу туралы жиі ойлаймын. Өткенде достарым елге келіп, ІТ-ға қызығып жүрген студенттерге презентация жасауымды өтінді. Сол кездесуде көзі жанып тұрған, білімге құмар жастарды байқап, көңілім марқайып қалды. Барлығының қоятыны бір сауал – өзің жасаған ерекше өнімді үлкен нарыққа қалай шығару. ІТ әлемінде жетістіктің кілті аутсорсингте, кішігірім компанияларға бағдарлама жасап беру мүмкіндігін иеленген маман өзге стартап жобаларды іске асырып, нәтижесінде өзінің кішігірім алаңын ІТ орталыққа айналдыра алады. Қазақстанға барып келген бір еуропалық досым «Отаныңдағы жастар өте қағілез екен, әрі жұмыс жасауға қолайлы орта бар екен. Қазақстанда неге аутсорсинг ашпасқа?» деп таңғалып жатыр. Алдағы уақытта ел үкіметі ІТ саласына Украина немесе Беларусь секілді көңіл бөлсе, өз арамыздан Билл Гейтс те, Илон Маск та шығады. Қазақстан бізді тәрбиелеп шығару үшін қыруар қаржы жұмсады, ал мұның рахатын қазір Батыс елдері көріп жатыр. Адамға құйылған инвестиция мұнайдан да қымбат зат. Мойындауымыз керек, Қазақстанның сонша уақыт мәпелеп, бағып-қағып әзірлеген кадр күші сыртқа кетіп жатыр. Ал Еуропада мұндай кадрды әзірлеу үшін кемінде 150 000 АҚШ доллары жұмсалады. Ал біздегідей қолайлы ортада, әлгіндей мықты математиктердің қолында оқып-тоқыған жас маман енді жұмыс істеп келе жатқанда пісіп- жетілу үшін шетелге кетіп қалады. Дейтұрғанмен, олар да мен секілді біржолата кеткісі келмейді. Сыртта тәжірибені жинақтап алып, Қазақстанда да қазіргі жұмысындағыдай жағдай болған кезде қайтып оралғысы келеді. Жалғыз ІТ емес, химия, робототехника, биология салалары бойынша небір мықтыларымыз өзге елдің бәсі биік компанияларында еңбектеніп жүр. Десек те, Қазақстан тарапынан олармен еш байланыс орнатылмаған. Қазақстан үшін жұмыс істегің келмейді емес, бар білгеніңді туған еліңнің дамуы үшін сарп еткің келеді. Дегенмен бұл мәселенің екінші жағы тағы бар. Қазақстанда дәл қазір қалып қойсақ, дамымай қаламыз, өспей қаламыз. Даму үрдісі кеш жететін еліміздің мүддесі үшін күн санап емес, тіпті минут сайын дамып жатқан өзге елдерде тәжірибе жинақтап, кейін елге оралғанымыз жақсы емес пе? Сыртта жүрген соң, Қазақстанды кемшін санап, ал өзге елдерді жоғары қоюды әдетке айналдырып алған. Мысалы, неміс халқында шақырған жерге 2-3 сағатқа кешігіп бару деген атымен жоқ дейміз, ал біздің елде кешігу синдромынан арыла алмай келеді дегенді көп естимін. Мен мұнымен келіспеймін, себебі немістер де кезінде көп кешігетін болған. Сосын немістердің отбасылары кішкентай, тиісінше туыстары аз. Ал қазақтарда бір әулеттегі ағайын-туыс, жекжат-жұрағаттың саны жүзге жетіп жығылады. Отбасы мүшелерімізбен арадағы қатынасымыз мықты, ал немістерде олай емес. Сондықтан шетте жүрсем де, өз халқымның өзгелерден артықшылығын ескеріп, марқайып жүремін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ