Жаңалықтар

Кәрі құрлық тағы да әбігер

Кәрі құрлық тағы да әбігер

Коронавирустың бірінші толқынынан зәрезап болған мемлекеттер індеттің екінші толқынына дайындықты күшейтті. Вирус өрши бастаған елдер карантин шараларын қай­та­дан қатаңдата бастады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өткен апта­дағы тосын мәлімдемесі әлем елдерін екіұдай ойға қалдырды.  «Пандемия 2020: қауіп-қатерлер, шешімдер, салдары» та­қыры­бында өткен халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ұйымның төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Ницан: «Коро­навирустың түрлері мен формалары пандемияның екінші толқыны жоқ екенін көрсетіп отыр» деді. Сондай-ақ, ДДСҰ әлем көшбасшыларын локдаунды індетпен күрестің негізгі тәсілі ретінде қолдануы тоқтатуға шақырды. Десе де, кесірлі кесел қайта өршіген елдер карантинді қатаңдатып, ба­қылауды күшейткеннен басқа амал таба алар емес.  

Кесірлі кесел кәрі құрлықты қайта құрсаулады

Көктемде коронавирустан қатты зардап шеккен кәрі құрлық жазда сая­быр тауып, қалыпты тіршілігіне орала бас­таған еді. Босаңсығанды тарпа бас сала­тын қатерлі вирус Еуропа елдерін тағы да әуре­ге салды.  Әсіресе, Франциядағы ахуал күр­делі. Елде күн сайын 33 мыңнан астам адам­­нан коронавирус анықталуда. Пан­де­мия басталғалы індеттен көз жұмғандар саны 33 мыңнан асып жығылды. Эпи­де­мио­логиялық жағдай күн өткен сайын күр­деленіп бара жатқандықтан Франция би­лігі ел астанасы мен тағы бірқатар қалада коменданттық сағат енгізуге мәжбүр болды. Атап айтқанда, Гренобль, Лилль, Лион, Тулузу, Экс-ан-Прованс, Марсель, Монпелье, Сент-Этьен, Руан және Париж қалаларының тұрғындары сенбі күні жергілікті уақыт бойын­ша түнгі 21:00-ден 06:00-ге дейін төрт апта бойы үйден себепсіз шыға алмайды. Ел пре­зидентінің сөзінше, бұл шара арқылы ін­дет жұқтырудың тәуліктік көрсеткішін 3 мың науқасқа дейін төмендету көзделіп отыр.

Ұлыбританиядада да жағдай мәз емес. Мемлекетте тәулігіне 15-16 мың адам індет жұқтыруда. Вирус құрбандары­ның қатары да күннен-күнге артып келеді. Індет таралғалы коронавирустан көз жұм­ған­дар саны 44 мыңға жуықтады. Ел билігі өткен аптада Лондонда карантиндік шек­теулердің екінші деңгейін енгізді. Жаңа тәр­тіп бойынша бір үйде тұрмайтын адам­дар­дың кездесуіне тыйым салынады. Ал кө­шеде 6 адамнан артық жиналуға болмай­ды.

Билік халықты қоғамдық көліктердің орнына велосипед, электросамо­катты пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, алыс сапарға аттанудан мүмкіндігінше бас тартуға үндеді.

Германия канцлері Ангела Меркель де отандастарына дәл сондай өтініш жасады. Канцлердің айтуынша, ел эконо­микасының болашағы, жұмыс орындары­ның сақталуы, мектеп пен балабақшалар­дың жұмысы ел тұрғындарының жауапкер­ші­лігіне тікелей байланысты.

«Германия қазір пандемияның күрделі кезеңін бастан өткеруде. Мамыражай жаз арт­та қалды, алдымызда ауыр айлар күтіп тұр. Қыс қандай боларын, Рождество қалай өте­рін алдағы күндер мен апталар көрсе­теді. Әр күніміз маңызды. Вирустың бей-бе­ре­кет таралуына жол бермеу үшін қолдан кел­геннің бәрін жасауымыз керек. Ел аза­маттарынан өзара байланысты барынша шек­теуге шақырамын. Кез келген саяхаттан, жиын-тойлардан бас тартыңыздар. Мүм­кін­­дігінше үйлеріңізден шықпаңыз­дар­шы», – деп өтінді Меркель.

Бельгияда өткен аптада індет жұқ­тыру­дың тәуліктік өсімі жөнінен ан­тире­корд тіркеліп, 24 сағат ішінде 8 мың­ға жуық адамнан коронавирус анықталды. Пан­демия басталғалы елде мұндай алаң­да­тарлық көрсеткіш тіркелмеген. Соңғы екі ап­т­а­да вирус жұқтырудың жаңа жағдай­лары­ның саны 100 мың адамға шаққанда 494-ті құрады. Ал Брюссельде бұл көрсеткіш тіпті 880-ге жетті.  

Көктемде коронавирустың Қытайдан кейінгі екінші ірі ошағы болған Ита­лияда да індеттің таралу қарқыны қай­та­дан арта бастады. Елде тәулік сайын 11 мың­нан астам адамнан коронавирус анық­талып, ауруханаларда бос орын азая бас­та­ды. Наурыздағыдай жаппай оқшаула­на­тын жағдайға жетпес үшін ел билігі жаңа шектеулер енгізді. Жаңа тәртіп бойынша мэрлер 21:00-ден кейін қоғамдық орындар­ды жабу құқығына ие болды, ал мейрамха­налардың жұмыс уақыты қысқарды.

Еуроодақ саммиті: Одақтастар індетпен бірлесе күресуге ниетті

Індеттің алғашқы толқыны Еуропаға ащы сабақ болғанын, вируспен күреске хан­нан бастап қараға дейін үлкен жауап­кер­шілікпен қарайтынын 15-16 қазанда Брюс­сельде өткен Еуропалық одақ саммиті­нен анық аңғардық. Бұл – кәрі құрлық көшбасшыларының пандемия басталғалы үшінші рет бетпе-бет жүздесуі. Бұған дейін жиындардың көбі онлайн форматта өтіп келді. Одақтың болашағын айқындайтын маңызды мәселелер талқыланатындықтан, жүзбе-жүз отырып сөйлесуді құп көрген президенттер мен премьерлер берісі бір-бірінің, арысы әлемнің амандығына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Індет жұқ­тыру күдігіне байланысты жиыннан бір емес екі шенді дереу кетуге мәжбүр болды.  Әуелі өз кеңсесіндегі қызметкерлерінің бірі­нен коронавирус анықталғандықтан Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен саммит басталмай үйіне асықты.

«Дәл қазір маған бас кеңсемдегі қызмет­кер­дің коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткені хабарланды. Менің сына­мам теріс нәтиже көрсетті. Алайда өзге­лерге қауіп төндірмес үшін мен дереу Еуропалық Кеңестен кетіп, оқшаулануға мәжбүрмін», – деп жазды ол Twitter-дегі парақ­шасында.

Саммиттің екінші күні Финлян­дия­ның премьер-министрі Санна Марин де жиынға әрі қарай қатыса алмай­ты­нын мәлімдеді. Ол басқосудың бірінші күнінде делегация мүшесі, Финляндия Парламентінің депутаты Том Пакаленмен байланысқан. Ал Том Пакален тапсырған тес­тіден коронавирус инфекциясы рас­талған. Осыған байланысты Санна Марин өзін-өзі оқшаулау үшін Еуроодақ самми­ті­нен екінші күні кетті.

Індетті бақылаудан шығаруға болмай­тынын одақ көшбасшылары түгел түсініп отыр. Сондықтан барынша күш біріктіруге, кесірлі кеселмен күресте бір-біріне қолдау көрсетуге уағдаласты.

«Бұл бұрын-соңды болмаған, күрделі жағ­дай деп есептейміз. Сондықтан одақ ел­дері арасында бірлікті арттырып, ін­детпен күрес жұмыстарын күшейте түсуіміз қа­жет. Әсіресе, вирустың таралуын, каран­тин талаптарының орындалуын бақылау, азаматтарды тексеру тәсілдерін бағалау, тестілеу және вакцинациялау мәселелері бойынша күш жұмылдыру маңызды», – деді Еурокеңес төрағасы Шарль Мишель.

Еуроодақ көшбасшыларының қоры­тынды мәлімдемесінде одақ аума­ғындағы сапарлары уақытша шектеу бойын­ша өзара бірлескен іс-қимылдар қа­жеттігі айтылған. Сондай-ақ, Еуропа ел­дері­нің мемлекет және үкімет басшылары вак­цинаны мониторингтен өткізу процес­терінің сенімділігі мен ашықтығын қам­тамасыз ету, препараттарды баршаға қол­жетімді ету бағытында ынтымақ­тастық­ты арттыруға ниетті екендерін жеткізді.

Euronews-тің хабарлауынша, пан­демияны талқылау шеңберінде та­рап­тар Еуроодақ экономикасын қалпына келтіру қорын құру мәселесін де назарсыз қал­дырған жоқ. Жалпы көлемі 750 млрд еуролық қорды құруға одақ мүшелері шіл­деде келісіп қойған-ды. Алайда құрлық көшбасшылары әлі күнге дейін қаржыны әділетті бөлудің оңтайлы жолын таба алмай дал. Көрпені өзіне қарай тартқысы келетіндер аз емес. Індеттің зардабын кө­бірек тартқандарға қайтарымсыз көмек беруді қолдайтындар – таразының бір ба­сында тұрса, екінші басында – экономикасы тұйыққа тірелгендерге субсидия емес, қа­рыз беруді талап еткендер. Талас тудырған мәселелерді шешуге аз ғана уақыт қалды, өйткені Еуроодақ бюджеті (одақ эконо­ми­касын қалпына келтіру қоры да соның ішінде) желтоқсанға дейін бекітілуі тиіс.

Brexit: індеттен де күрделі мәселелер бар

Саммитте талқыланған тағы бір күр­делі мәселе – Ұлыбританияның Еу­роодақ құрамынан шығу процесінің аяқ­талуы. Еуроодақ пен Ұлыбритания ара­сын­дағы еркін сауда туралы келісімді салта­нат­ты түрде бекітеміз деген нық сеніммен жи­налған көшбасшылардың үміті ақталма­ды. Брюссель мен Лондон мәмілеге келе алмады. Келіссөздер тығырыққа тіреліп, 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі тиіс құжат тағы мақұлданбады.

Келіссөздердің басты түйткілі – ЕО құра­мында қалатын Ирландия Рес­публикасы мен корольдікпен бірге одақтан шығатын Солтүстік Ирландияның шекара­сы жайлы мәселе. Лондон Еуроодақпен келісім шарттарын орындау арқылы өзіне тиесілі аумақтағы экономикалық тәуел­сіз­дігін уыстан шығарып аламын деп алаңдау­лы. Сондай-ақ, балық аулауға квота бөлу мәселесінің де түйткілі тарқатылған жоқ.

Брюссель Brexit-ті еркін сауда туралы келісімсіз аяқтау нұсқасына дайын еке­нін, яғни Лондонның дегенімен жүр­мейтінін ұқтырды. Саммит қорытындысы бойынша Еурокомиссияға біржақты төтенше шаралар жоспарын әзірлеу тап­сырылды.

«Еуропалық кеңес Brexit процесінің өтпелі кезеңі 2020 жылдың 31 желтоқ­са­нында аяқталатынын растайды және келіс­сөздердің нәтижесі көңіл көншітпейтінін алаңдаушылықпен атап өтеді. Мұндай жағдайда Еуроодақ өзінің бас мәмілегері Мишель Барньеге алдағы апталарда келіссөздерді жалғастырып, Ұлыбритания­ны мәмілеге келуге көндіруді жүктейді.  Еуропалық кеңес одақтың мемлекеттері мен институттарын барлық сценарийге, оның ішінде келісімнің бекітілмеуіне де дайын болуға шақырады», – делінген ЕО саммитінің ресми мәлімдемесінде.

Келіссөз мерзімінің төртінші мәрте ұзар­­тылуы – Лондонға берілген ке­зек­ті мүмкіндік. ЕО көшбасшылары Ұлыб­ри­танияға одақтан шығу жөніндегі келісім мен өзге де хаттамалар келісілген уақытқа дейін толық көлемде ұсынылуы тиіс екенін еске салды. Brexit-тің өтпелі кезеңі 31 жел­тоқсанда аяқталатынын ескерсек, тарап­тардың мәмілеге келіп, оны заң жүзінде бекітуіне 2,5 айға жетер-жетпес уақыт қал­ды. Құжатты британ парламенті мен Еу­ропар­ламент мақұлдауы тиіс.

Алайда Ұлыбритания премьер-ми­нистрі Борис Джонсонның мәлімде­месі Лондонның өз ұстанымынан айнымай­тынын аңғартқандай. Ол Еуроодақты ке­ліс­сөздер кезінде достық ұстанымдардан ай­ныды деп айыптады. Джонсонның сө­зінше, Еуроодақ саммиті еркін сауда келісімі 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін бекітілмейтінін көрсетті.

«Австралиямен арадағы келісім секілді біз­ге де еркін сауданың базалық принцип­те­ріне негізделген мәмілеге дайындалу ке­рек деп ойлаймын. Еуроодақ Ұлыбри­тания­ның заң шығару жүйесіне және балық шаруашылығына бақылауды сақтап қалуға ниетті. Тәуелсіз мемлекет мұндай қарым-қа­тынасқа жол бере алмайды», – деді Борис Джонсон.

Ұлыбритания премьерінің мәлім­де­месінен кейін іле-шала Twitter-де жазба жариялаған Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен еуропалық мәміле­гер­лер Лондоннан диалогты жалғастыруды та­банды түрде талап ететінін айтты. «ЕО ке­лісімге қол жеткізу ниетті, бірақ кез кел­ген жолмен емес», – деп жазды ол.