Отандастарды қолдаудың оңтайлы жолы
Отандастарды қолдаудың оңтайлы жолы
Жаһанды індет жайлаған күллі әлемдегі күрделі жағдай күнделікті өмір дағдымызды өзгертіп, барлық саладағы қалыпты жұмыс ырғағы мен қоғамдық һәм мәдени іс-шаралардың бағыт-бағдарын басқа арнаға бұрып жібергені жасырын емес. Алайда заманына қарай амалын жасаған абзал. Қоршаған қоғам қол қусырып қарап қалмай, жаңашыл қадамдар жасауға көшті. Әрекет жасамай берекет болмасын бек түсінді.
Осы орайда «Отандастар қоры» алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақтармен бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынасты үзбей, қайта мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланыс аясын кеңейтудің оңтайлы амалдарын жасады. Қордың «Шетелдегі отандастарды қолдау» департаменті алыстағы ағайындарға рухани тұрғыда нақты қолдау көрсету жұмыстарын жандандыра түсті. Бүгінгі таңда виртуалды, яғни қашықтан байланыса жұмыс істеу - ең қолжетімді қауіпсіз әдіс. Жаһандық тосын жағдайға қарай тез бейімделу алға қойылған жоспарлар мен тың жобаларды жүзеге асыруға басқаша мүмкіндік тудырды.
«Отандастар қоры» КеАҚ және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы онлайн-форматта алыс және жақын шетелдердегі отандастарымыз қатысқан «ONLINE-NAURYZ» мерекелік іс-шарасын өткізді. Бүгінгі таңда озық технологиялар бүкіл әлеммен эфир арқылы тікелей байланыста болуға мүмкіндік береді. Онлайн режимде өткен іс-шараға АҚШ-тан (Бостон, Чикаго), Иран, Германия, Швеция, Дания, Моңғолия, Ресей, Түркиядан 100-ден астам қандастарымыз қатысып, жұмыр жердегі қалың қазақтың ортақ Отаны - Қазақстан Республикасы екенін айтып, ерекше ризалық білдірді. Сәуір айында отандастарымызды ұлттық қолданбалы өнерге үйрету бойынша «hazifa_otandastar_mektebi» онлайн шеберлік мектебі жобасы басталды. Жобаның мақсаты – шығармашылық және білім беру әлеуетін арттыру, ұлттық мәдениет пен өнердің дәстүрлі түрлерін насихаттау, Қазақстанның ұлттық тігін индустрия өкілдері, қолданбалы өнер шеберлері мен шетелде тұратын этникалық қазақтар арасында мәдени тұрғыда өзара тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету. Тігін шеберлігі сабақтары мен халықтық қолданбалы өнер мастер-кластары аптасына екі рет Instagram желісінде «hazifa_otandastar_mektebi» парақшасында тікелей эфирде жүргізіледі. Қатысушылардың дені шет елдердегі 670 астам этникалық қазақтар мен тарихи Отанына қоныс аударған қандастар. Күні бүгінге дейін 41 онлайн-сабақ және 15 мастер-класс өткізілді. Курсқа қатысушылар санына шектеу қойылмайды. Отандастарымыз hazifa_otandastar_mektebi парақшасына барлық елдерден тіркеле алады. Тікелей эфирден кейін парақшада тігін шеберлігі бойынша өткізілген сабақтардың және мастер-класстардың толық видеожазбасы сақталады. Елімізде де, шетелде де отандастарымыздың арасында ұлттық қолданбалы өнерді заманауи форматта меңгергісі келетіндер санының өсіп келе жатқаны қуантады.
15 сәуір ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына және «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» махаббат күніне орай дәстүрлі әнші, халықаралық өнер фестивалінің жүлдегері Саулежан Тағзияұлының қатысуымен отандастарымызға арналған ZOOM бағдарламасында тікелей эфирде онлайн-концерт ұйымдастырылды. Швейцария, Түркия, Моңғолия, Ресей, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан, Франция, Украина елдеріндегі этникалық қазақтар және Қазақстанда қоныс аударған отандастарымыз тамашалады.
Биылғы 20 сәуірден 15 мамырға дейін Айкун әдісі бойынша көне түрік медицинасына негізделген қазақ ұлттық гимнастикасын оқыту бойынша тегін онлайн-курс өткізілді. Карантин кезіндегі адамдар үшін ең өзекті мәселе – өз денсаулығына дұрыс күтім жасау. Денсаулық – тек аурудың болмауы ғана емес, сонымен бірге бұл әлеуметтік, физикалық және психикалық әл-ауқаттың жиынтық көрсеткіші. Пандемия кезінде өзінің денсаулығы мен жеке гигиенасын сақтай отырып, әлемдегі әрбір адам бүкіл адамзаттың денсаулығына залалын тигізбеуге өзіндік үлесін қосты.
«Айкуне - ежелгі қазақ емдік-сауықтыру гимнастикасы» - бабаларымыздың баға жетпес қазынасы, қазақ халқының рулық таңбаларына негізделген, адамды сауықтырудың пәрменді қазақи әдістемесі. Ол дұрыс отыруға, тұруға, жатуға, жүруге үйретеді, ішкі ресурстар іске қосылады. Медициналық гимнастикада 11 000-нан астам жаттығулар бар, олардың 2000-ы физикалық қозғалыстар. Емдік гимнастиканың нәтижелері шет елдердегі қазақтардың ұлттық мәдениетімізге, тарихымызға және тілімізге деген қызығушылығын да оята алады.
Курсты танымал емші, сынықшы, «Айкүне» - қазақ гимнастикасы» жобасының авторы Абай Ахатұлы жүргізді. Онлайн емшілік курсы аптасына 2 рет ZOOM бағдарламасында тікелей эфирде өтті. Жобаға АҚШ, Еуропа, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Ресей және Қырғызстан елдерінде тұратын отандастарымыз белсене атсалысты.
23 мамыр мен 23 маусым аралығында «Экологиялық таза өнімдерді пайдалана отырып, ұлт денсаулығын нығайту, әлемде ұлттық қазақ асханасын насихаттау, ілгерілету және халықаралық қоғамдастыққа таныту» тақырыпта «Қазақтың ұлттық тағамдары-Ұлы дала бренді» атты онлайн - жоба өткізілді. Қазақтың ұлттық тағамдары халықтың мәнін, оның тарихын, мәдениеті мен дәстүрін толық көрсетеді. Дәстүр бойынша қазақ тағамдары ет және сүт өнімдеріне негізделген, кейінірек бұл тізімге көкөністер, жемістер, балық, теңіз өнімдері, ұн тағамдары мен тәттілер қосылды. Осы жоба бойынша онлайн сабақтар өте танымал болды. Жақын және алыс шетелдердегі отандастарымыз әлеуметтік желілерде, жеке электрондық почтамен, Instagram парақшасында топтармен байланысып, өз пікірлерін, ойлары мен тілектерін білдірді. Көптеген отандастарымыздың тілегі - бауырсақтың әлемнің мейрамханалар мәзірінде болуы, қазақ тағамдарының рецептілері кітаптарын басып шығару және халықаралық ұлттық тағамдардың аспаздық фестивальдерін ұйымдастыру.
Қазақ ұлттық тағамдарының мейрамханалары әлемнің көптеген қалаларында Мәскеу («Қостанай»), Париж («Қазақ»), Пекин («Астана»), Киевте («Панорама») бар. Дәстүрлі қазақ мәзірінің негізін рецептері ғасырлар бойы қалыптасқан тағамдар құрайды және бүгінгі күні олар өздерінің ұлттық бірегейлігін сақтауға ұмтылатын әлемдегі біздің отандастарымыздың сұранысына ие.
4 шілде Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Отандастар қоры» ұйымдастырған «Ұлттық домбыра күніне» арналған бірлескен онлайн іс-шара өткізілді.
Коронавирус індеті мен күшейтілген карантин енгізілуіне байланысты Ұлттық домбыра күнін мерекелеу онлайн режимде өтті.
Қазақстанда Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бастап Қазақстан Республиқасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен дәстүрлі түрде шілде айының бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Домбыра күні Қазақстан халқының рухани құндылықтары мен дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Ғасырлар бойы бұл музыкалық аспап қазақ халқының бай рухани тарихы мен дәстүрлерінің символы болған және болып қала береді.
«Отандастар қоры» Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, танымал мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, мәдениет өкілдерінің, Қазақстандағы дипломатиялық миссия қызметкерлерінің және шетелдегі қазақ қауымдары өкілдерінің қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған шара онлайн форматта өткізілді. Ресей, Оңтүстік Африка, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерден 70 этникалық қазақ белсене қатысып, бір мезгілде домбырада «Балбырауын» күйін орындап, флеш-моб ұйымдастырды.
«Домбыра – ұлттық рухтың аспабы» онлайн – жобасы «Аманат» өнер орталығымен бірлесе отырып, домбырада ойнауға және домбырамен ән айтуға үйрету. Онлайн жобаның 6 сабағы өтті. Оған Иран, Ресей, АҚШ, Түркия, Жапония, Финляндия, Бельгия, Моңғолия, Португалия, Германия, Голландия, Беларусь қатарлы 12 мемлекеттің 120-дан астам этникалық қазақтар мен атажұртқа оралған қандастар қатысты.
«Аманат» өнер орталығының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дарынды домбырашы және дәстүрлі жанрдың танымал орындаушысы Сәуле Жанпейісованың «Ән – терапия» атты онлайн кездесу концерті өтті. Автор музыканы рухани байытудың құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге адамның жалпы денсаулығына және оның коммуникациялық, әлеуметтік және білім беру сипаттамаларының дамуына әсер ететін психоэмоционалды жағдайын жақсарту тетігі ретінде қарастырады. Кездесуге АҚШ, Моңғолия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Швеция, Иран, Өзбекстан, Бельгия және Қытай елдеріндегі отандастар мен Қазақстанға көшіп келген әлемнің 10 елінен 50-ден астам адам қатысты.
ZOOM платформасы арқылы тікелей эфирде тарайтын «ЕЛГЕ СӘЛЕМ!» хабары – шетелде тұратын отандастарды Қазақстанда болып жатқан тың деректермен таныстыруға, қоғамдық ауқымды шараларға тартуға, бүкіл әлемдегі қазақтармен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді ана тілінде талқылауға арналған «ашық диалог алаңына» айналды. Онлайн диалог аптасына 1 рет өтеді. Ресей, Иран, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен 60 астам этникалық қазақ қатысып, өз пікірлерін білдірді.
«Шетелдегі қазақстандық әртістердің қатысуымен өтетін концерттер» «Ұлы дала елінен» жобасы шетелдегі Қазақстан азаматтарын шоғырландыруға, сондай-ақ отандастарымызды қазақстандық музыкалық ортаның мәдени орбитасына тартуға бағытталған. Жоба қазақ мәдениетінің, тілінің, дәстүрінің алуан түрлілігін дәріптейді, әрбір жанның ұлттық бастауын ашады, шетелде тұратын отандастарды бір-біріне жақындатады, мәдени -ақпараттық алмасуға мүмкіндік береді. Халық тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын дәстүрлерден басталады. Шет елдерде тұратын қазақтар тілін, әндерін, әдет-ғұрпын, мәдениетін білуі тиіс. Ана тіліміз отандастарымыз үшін ұлттық бірегейлігімізді сақтау құралы болып табылады.
22 тамыз әлемге әйгілі «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің фольклорлық-этнографиялық стильде «Ұлы дала елінен» алғашқы онлайн-концерті ұйымдастырылды. 27 қыркүйек «Халық қазынасы» Мемлекеттік өнер ансамблінің шетелде тұратын отандастарымыз үшін «Қазағым-ай» атты екінші онлайн-концерті өтті. Алыс-жақындағы 12-ден астам елде АҚШ, Моңғолия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Швеция, Иран, Өзбекстан, Бельгия, Қытай және басқа да елдерде тұратын этникалық қазақтар концертті «Отандастар қорының» «YouTub» арнасынан тамашалады.
Онлайн жобалар аясында бүкіл әлемдегі қазақтар ортақ мақсатқа жету үшін жиналып, қазақтың ұлттық мәдениетін, өнерін, тағамдарын, жаттығуларын одан әрі жандандыру және ілгерілету туралы өз көзқарастары мен ой-пікірлерімен бөлісті. «Отандастар қоры» қолға алған осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба бермек. «Нәубет бастан өтеді, Күннің жаманы кетеді», - дейді қазақ халқы. Ендеше еліміз аман, деніміз сау болса, ұлтымыз бен жұртымыз халықтық қалпынан, дәстүр-салтынан танбай, әлі талай биіктерді еңсерері даусыз.
Айгүл ҚОНАҚБАЕВА
«Отандастар қоры» КеАҚ
Шетелдегі отандастарды қолдау
департаментінің консультанты