Қарағандыда «Арай» базары өртенді
Қарағандыда «Арай» базары өртенді
Қарағандыда түн жарымында «Арай» базары өртенді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, 21 қазанда сағат 00:07-де Қарағанды қаласындағы «Арай» базарындағы өрт туралы хабар түскен.
«Өрт сөндірушілердің оқиға орнына бару уақыты 6 минутты құрады. Келген сәтте базар аумағында контейнерлер ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Нысанның электр тоғынан ажыратылмағаны, сондай-ақ жақын тұрған басқа контейнерлерге оттың ауысу қаупінің болуымен өртті сөндіру қиындай түскен. Өрт сөндірушілер жапсарлас орналасқан контейнерлерді ашып, олардан материалдық құндылықтарды құтқарып қалды», - дейді Талғат Уәли.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД-нің 50 адамы мен 11 техникасы жұмылдырылды. Қабылданған шаралардың арқасында өрт 01:23-те сөндірілді. Өрт 14 сауда контейнерінде 200 шаршы метрлік аумақты алған.
Жанып жатқан контейнерлердің бірінде өрт сөндірушілер үлкен сомадағы ақшаны тауып, оны иесіне қайтарды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.