Шығыс Қазақстанда құс тұмауы тіркеліп, карантин режимі енгізілді
20 қазан, 2020 /
Асыл ТҰМАР
Шығыс Қазақстанда құс тұмауы тіркеліп, карантин режимі енгізілді
ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Бесқарағай ауданының Баскөл ауылындағы төрт жеке шаруашылықта бірнеше құс (қаз) қырылған.
Ветеринарлық қызмет мамандары патологиялық материалдан сынамалар алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринарлық зертханаға жеткізді. Зерттеу нәтижелері бойынша жоғары патогенді құс тұмауы анықталған.
«Құс өлекселері арнайы белгіленген жерде өртеліп жойылды. Баскөл ауылдық округі әкімінің №11 қаулысы шығып, 21 тәулікке карантин режимі енгізілді. Қаулыға сәйкес елдімекендерден шығуға, құс өнімдерін экспорттауға шектеу қойылды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, жалпы Бесқарағай ауданында 25800 құс тіркелсе, оның 1245-і Баскөл ауылында. Онда құстарға вакцина салынған.