Әбдіманап КӨПБЕРГЕН: Ауыл үшін күрес – алаш үшін күрес
Әбдіманап КӨПБЕРГЕН: Ауыл үшін күрес – алаш үшін күрес
Әбдіманап КӨПБЕРГЕН, ҚР Жоғарғы Кеңесі ХІІІ шақырылымының және І Парламент мәжілісінің экс-депутаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі.
– Еңбек жолыңызды Жамбыл облысы, Талас ауданының ауыл шаруашылық басқармасында аға зоотехник болып бастаған екенсіз. Содан бері ел басқардыңыз, халықтың атынан екі мәрте депутаттыққа сайландыңыз. Атқарған қызметтеріңіз өмірде шыңдалуыңызға, қалыптасуыңызға қаншалықты әсер етті?
– Арманым журналист болу еді. Жетінші сыныпта оқып жүргенде-ақ М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің суретін қалтама салып жүретінмін. Себебі сол кезде «Қазақстан пионері» газетінде ұсақ мақалаларым жариялана бастаған. 1963 жылы сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде «Көкбестінің ажалы» деген әңгімем жарияланып, қуаныштан жүрегім жарыла жаздағаны бар. Бірақ... Өмір өздігінен басқа арнаға бұрылды. Ауылдағы мектеп жеті жылдық болған соң, алдымызда «ендігі оқуды қайда жалғастырамыз» деген сауал тұрды. «Он жылдықты жақсы оқысаң алтын медаль алып, қалаған жоғары оқу орнына түсесің» деген ағамның сөзіне иланбай, «қалада қызық көп» деген Шәкір досымның сөзіне ердім. Сөйтіп, Жамбыл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына түстім. Оны үздік бітіріп, Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының студенті болдым. Байырғы оқу орнының бірі – біздің институтта талай атақты оқымыстылар еңбек еткен. Олардан білім алу ̶ олжа, бақыт. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім. Зоотехника факультеті комсомол хатшысы, институт комсомол комитетінің бюро мүшесі болдым. Футболдан институт құрама командасында ойнадым. Еркін күреспен шұғылдандым. Ескі әдетім – тілшілікті де тастағаным жоқ. Республикалық газет-журналдарға материалдар жазып тұрдым. Думаны мол студенттік жылдар қиындық-қызығымен бір күнгідей болмай өте шықты. Ғылымдағы арман сапары ары жалғаса берер ме еді?! Тұрмыс тұсауы, ауылдағы қарт әке-шешемнің қамы елге тартты. Отбасында жалғыз бала едім, әкем малды кәсіп етсе, анам мені оқытамын деп жүрді. Сөйтіп, өз еркімен әкеме екінші әйел алып берді. Оқу-тоқуым аяқталысымен қызметім қалалы жерде болған соң, анамды да Таразға көшіріп әкелмекші болдым. Ол кісі нағыз ауылдың адамы емес пе, өзі үйренген ортасында қалатын болып, ақыры көнбеді. Амал жоқ, анамның көңілін қимай ауылға бардық. Қолымдағы қос дипломмен Мойынқұмның жиегінде орналасқан «Досбол» бөлімшесінен бір-ақ шығып, ферма зоотехнигі қызметіне кірістім. Алғашында мал ұрықтандырушы, сұрыптаушы болып та істедім. Бұл жерде 15 жылға жуық уақыт кетті. Осындай төмен жұмыстан бастап, жоғарғы қызметтің де дәмін таттым ғой. Өмір өзі үйретеді екен. Әр ортада әр түрлі адамдармен қызметтес, жұмыстас болдым. Оның барлығы адам ретінде қалыптасуыңа, шыңдалуыңа ықпал етеді. Шынын айтсам, бұл кезеңде ойымды ашық айтып, өз қалауымша іс бітіре алмадым. КСРО-дағы қайта құру кезеңінде «Түркістан» совхозында партия комитетінің хатшысы қызметін жарты жылдай атқарып, кейін 39 жасымда «Сарысу» совхозына директор болып тағайындалдым. Бұл қызметке бірден келіскенім жоқ. Өйткені ол кезде аудан басшылығын да аса біле бермейтін едім. Тырнақтап жинаған тәжірбие, қажымай-талмай еткен еңбек, өмірге деген іңкәрлік пен құштарлық осы совхозды басқару кезінде бойымнан табылғанына тәубә деймін. Ол совхоз тарихында бір сом да пайда көрмеген, жағдайы нашар еді. Себебі Мойынқұм мен Шу өзенінің ортасында орналасқан елді мекен. Былайша айтқанда, құмды, адамның өмір сүруіне табиғаты қолайсыз, өркениеттен ада жер. Оның үстіне осыған дейін отырған ұжым басшылары бөлінген қаражатты құмға сіңген судай жоқ қылып келген. Совхозға бөлінген дүние тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен ғой. Жасыратыны жоқ, жемқорлыққа үйреніп қалғандармен бес жылға жуық күрестім. Неге екені белгісіз, ол уақыт арызқойлардың дәурені жүріп тұрған кез еді. Халықтың бетін бері қарату үшін бір жыл кетті. Сөйтіп, жемқорлық тоқтағанннан кейін, мал шаруашылығын жолға қойып, оның табысын арттырдық. Ауданның сол жылы тапқан табысы 3,5 млн сом болса, біздің елді мекен 1,5 млн сом табыс тапты. Бетпақдала мен Мойынқұмды жайлап, Сарыарқа асатын малдың саны артты. Қой 17 мыңнан 42 мыңға, жылқы бір мыңнан екі мыңға жетті. Шөлге бейім түлік – түйе бұрын болмаса, аз уақытта 150 басқа жетті. Сол тұста шаруашылық есеп, өзін-өзі қаржыландыру деген сияқты әдістер енді ғана қолданысқа еніп жатқан тұс. Алдымен, мал жайылымына кететін шығындарды қысқартып, ауылды ауызсумен қамтамасыз еттік. Мойынқұмда су мәселесі аса күрделі еді. Бетпақдала болғандықтан ағынды су малға болмаса, адам қолдануға жарамайды. Кейін жерді қазып, құдықтар арқылы су шығардық. Басында Жайлаукөлде ағаш отырғызамын деген сөзіме елдің бәрі күмәнмен қараған еді. Өйткені ағаш тұрмақ адам ішетін таза су жоқ. Көгеріш көрмеген құмдағы ауылда бес жылда 50 мың түп ағаш көгерді. Қазір халық сол ағаштардың көлеңкесін паналап отыр. Халықты жұмылдырып, ескі үйлерді бұздық та, оның орнына саябақ, стадион жасадық. Тіпті, сол ауылдың балалары асфальт жолдың не екенін білмейтін. Сары құмның үстінде велосипед тебеді. Сосын жоғарыдан бір шақырым жолдық асфальт сұрап, ауылға тас жол салдық. Бұрын-соңды тас жолда ойнап көрмеген балалар күнімен, түнімен сол жерден шықпайтын. Кейін салған жолдан да ілік тауып, арыз жазғандар табылды. Олармен де күрестік, алыстық-арпалыстық. Совхоздағы жұмысшылар жылдың соңында жақсы көрсеткішке жетсе, қосымша жалақы алатын болды. Өмірінде ондайды алмақ түгілі естіп көрмеген жұрт қосымша ақшаға да бөтенси қараған еді. Бертінірек, 2-3 жылдан кейін халық жиналыс өткізіп, елдегі арыз-шағымданушылар теріс бұл әдеттерін қоймаса, оларды ауылдан қуу керек деп шешті. Мені шыңдаған, шынайы ашылып, басшы қылған сол Жайлаукөл еді. Қызметтен кетерде халық қимастықпен шығарып салды. Еңбегімнің соншалықты сіңгені шығар, өзімнің де көңілім босап, әзер қоштасқан едік. Сол жердің бір уыс топырағын кетерде қалтаға түйіп, өзіммен бірге алып кеттім. Кейін аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне ауыстым. Бір жылға жуық уақыттан кейін партия тарады. Сөйтіп, 1992 жылы Сарысу ауданына әкім болып тағайындалдым. Алдымен ауылды, ауданды жақсы білгендіктен 30 жасты алқымдаған жақсы мамандарды шақыртып, кадр мәселесін реттедім. Себебі бұрыннан майлығы мен шайлығын ғана ойлап, қызметтік орындарды босқа ұстап отырғандар да бар еді. Көнгені – көнді, көнбегені арыз жазды. Бұл ауданда да біраз жұмыс атқардым деп ойлаймын. Бірақ өмірімде қызметке келу, кетуім ерте болған сияқты. Сондықтан да, халыққа бергенім аздау болды ғой деген ой жиі мазалайды. Өз есебім бойынша директорлықтан да ерте кеттім. Екіншіден, әкімдігім де ерте үзіліп қалды. Сарысу ауданы Бетпақдала мен Мойынқұмның арасындағы ешқандай өсімі жоқ өңір еді. Көрсеткіші жағынан да ең соңғы орында болатын. Мен істеген екі жарым жылдың ішінде 10 ауданның бел ортасынан көріндік. Енді біраз уақыттан кейін үздік үштікке де кіріп қалушы едік. Дәл солай депутаттыққа келуім де ерте болған сияқты. Депутат халыққа жақсылық жасауда жалпылама болмаса, жеке көмек көрсете алмайды ғой. Егер әкім болсаң, қарапайым халықпен бетпе бет жолығып, барлық атқарылуы тиіс шаруаларды өз мойныңа аласың.
– Алғаш Целиноградтың Астана атанғанына куәгерлердің бірі өзіңіз екенсіз. Астананың бүгінгі келбеті, тыныс тіршілігін қалай бағалайсыз? Қаланың жаңа тарихын немен байланыстыруға болады?
– Астананы Ақмолаға көшіру туралы алғашқы ұсынысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесте айтқан болатын. Ол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты едім. Шынын айтсам, бұл ұсыныс депутаттар арасында үлкен пікірталас туғызды. Орта Азияның Парижіне баланатын Алматының қасында ақ боранды, аязды, облыс орталығы деңгейіндегі қаланың астана болуы неғайбыл деген дүдәмал ойға бой алдырған депутаттардың болғаны да жасырын емес. Сөйтіп, дауысқа салғанда сәл ғана басымдықпен ұсыныс қабылданды. Содан бері қаншама уақыт өтті. Елбасының ұсынысы іс жүзінде жүзеге асты деп айтуға қазір толық негіз бар. Астана бүгінде еліміздің орталығы болып отыр. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей жаңа ел ордасы күн санап көркейіп, кемелденіп келеді. Сәнді де, сәулетті ғимараттар бой көтерді. Еліміздің бас қаласы күн санап өзгеріп, гүлденіп келеді. Барлығын көзіңмен көргеннен кейін мерейің тасып, өзің де бірге өскендей әсерленесің. Аумағында бас қала орналасқан Ақмола облысының да экономикасы күн санап қуаттана түсуде. Бұған қоса, Астананың мәдени өмірінде де рухани бұлқыныс қалыптасып келеді. Олай дейтінім – мұнда еліміздің танымал таланттары жинала бастады. Апта сайын астаналықтар үшін концерт, түрлі фестивальдер ұйымдастырып жатыр. Еліміздің көптеген зиялы қауым өкілдері де осында. Астананы көшірудің бір ұшы осында жатыр ма деп ойладым. Несін жасырамыз, еліміздің солтүстігінде кешегі күнге дейін қазақтың үлесі аз болып келді ғой. Осы ретте бас қаланың орталыққа қоныс аударуы саяси тұрғыдан алғанда уақыттың талабымен үндесіп тұр. Жалпы, елдің астанасын ауыстыру оңай шаруа емес. Тіпті, дамыған ел ̶ алманиялықтар үшін де оңайға соққан жоқ. Ал Тәуелсіздік тізгінін енді ғана қолға алған мемлекеттің астана ауыстыруы ерлікпен пара-пар іс. Астана елордасы атанғанына 18 жыл толса да, болашақтың қаласы деп санаймын. Өсуі, өркендеуі әлі алда. Қорыта айтқанда, Елбасының бұл бастамасы елдің ертеңін, ұрпақтың қамын ойлаған шешім.
– Әңгімеміздің бағытын мемлекеттік қызмет саласына қарай бұрсақ. Өзіңіз білесіз, шенеунік болудың артар жүгі ауыр, жауапкершілігі мол. Кейде соның байыбына бара білмейтіндер мемлекет қазынасына бөлінген қаражатқа қол салып жатады. Арты жемқорлық дейтін дендеген дерттің белең алуына әкеп соғады. Оның үстіне, таныс-тамырсыз, командасыз іс алға баспайды. Бұны Елбасының өзі шегелеп айтып жүр. Жалпы, мемлекеттік қызмет саласындағы жүйе қалай ретке келеді? Бұл үшін неге басымдылық берілуі тиіс?
– Бұл өзі үлкен мәселе, арнайы әңгімеге арқау болатын тақырып. Жалғыз кісінің жауабымен өлшеуге болмайды. Оның үстіне өзімді бәрін білетін, өмірдің кез келген сұрағына әзірмін деп есептемеймін. Бірақ оқығаным бар, тоқығаным бар, ойымды айтайын. Басшы алдымен адал, содан соң бауырмал болу керек. Өзін жеңе білуі керек. Әділдік деген содан басталады. Қанағат пен қайырымдылық бар жерге алғыс пен абырой өзі келеді. Ары таза адам жарамсақ, жалтақ болмайды. Өз пікірін, көзқарасын бетке айта алады. Әділ басшылар көп болса, өмір әдемірек болар еді. Әттең... Қара басының қамын халық қамынан жоғары қоятын үлкенді-кішілі бастықтар бізде көбейіп кетті ғой. «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заңның шығуы да, шынын айтқанда, жақсылықтан емес. Жер жерде жебір басшылардың көбейіп кеткендігін байқаймыз бұдан. Ауылдың аянышты халге жетуі де ондағы атқамінерлер аранының кеңейгендігінен, арының кемдігінен. Жемқорлық басында пара беріп, таныс-тамыр іздеп, бармақ басты, көз қыстылықпен қызметте жоғарылаудан басталды. Жемқордың өзі біреуге бірдеңесі өткен соң, соны енді басқа біреуден қайтарғысы келіп тұратын әдеті емес пе? Алдымен пара беріп, жұмысқа тұрғызғандардан құтылу керек. Өзімнің еңбек жолымда біреуге пара беріп жұмысқа тұрып, біреуден бірдеңе алып қызметке тұрғызып көрген емеспін. Сондықтан да, бетім ашық, бұл тақырыпқа келгенде қысылып-қымтырылмай, ойымды еркін айта аламын. Арыз жазғыштардың арқасында талай тексеруден өткенбіз. Сонда бір тиынның да есебі шықпай қалған кез болған емес. Бір «Сарысу» ауданында 23 жыл жұмыс жасасам да, жекешелендіру кезінде бір сотық жер алған емеспін. Біз жас мемлекетпіз. Алдағы уақытта қалтасын қалыңдататындар емес, Отанын ойлайтын арлы азаматтар, жаңа тұрпатты басшылар келер, жемқорлық біржола жеңілер...
– Сіз қаракөл қойының түгіскендік деп аталатын түрінің авторының бірісіз. Бұл үшін авторлық куәлік те алған екенсіз. Осы турасында кеңінен айтып берсеңіз...
– Бұл атақты біз академик Елемесов, ғылым кандидаты Бөпетаев, шаруашылық басшысы Тасыбаев, маман Қанғожаев, марқұм Жораев т.б азаматтармен бірге алдық. Қазақ атам: «Малды жақсы баққаның, өзіңе абырой тапқаның, малды жаман баққаның, келген бақты қаққаның» деген екен. Бұл тек малшыға ғана емес, мал шаруашылығы еңбеккерлері мен қайраткерлерінің бәріне де қатысты сөз. Алған куәлік ̶ жылдар бойғы атқарған еңбектің, үзіліссіз ізденістің жемісі, қорытындысы. Алған мамандықтың ақталғаны, зоотехникалық ғылымның шыңы. Мен жолы қиын адаммын. Авторлық куәлік алуым да кеңестік жүйенің құлау дәуіріне тап келді. Әйтпесе, бұрынғы жылдарда мұндай жұмыстар үшін Мемлекеттік сыйлық берілетін.
– Ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы білгендіктен ондағы түйткілді мәселелермен де таныс болуыңыз керек. Кезінде өзіңіз депутаттық қызмет атқарған кезде бұл саланың жағдайына қаншалықты көңіл бөлінді? Қазіргі ауыл шаруашылығының жай-күйі турасында қандай пікірдесіз?
– Мен үшін ауыл деген ұғым ̶ қазақ деген ұғымның баламасы. Ел – ана деген сөз дуалы ауыздан тегін шықпаған. Ауыл ̶ қазақтың анасы. Менің түсінігімде ауыл мен ана егіз ұғым. Ана перзентін ақ сүтімен асыраса, ал ауыл адамзатты ризығымен асырайды. Ауыл ̶ ұлттың асыраушысы. Олай болса, ауылды сақтау үшін күрес ̶ ұлтты сақтау үшін күрес. Мен ауылда туып, ауылда өскен, бар болмысымнан ауыл исі аңқыған адаммын. Ауыл ̶ өмірімдегі үлкен мектеп. Парламентке тіркелгендегі тағдырымның тамыры да ауылда. Даланың тыныс-тіршілігін елден естіп емес, кітаптан оқып немесе кинодан көріп емес, өз басымнан өткеркендіктен жақсы білемін. Кезінде Парламент Мәжілісінде ауылшаруашылығы мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі болдым. Алғашында «кім қай комитетке барады» дегенде ауыл проблемаларымен шұғылдануға ниет білдіргендер аз болды. Бүк түсіп тұралап жатқан, болашағын болжаудың өзі қиын ауыл шаруашылығына ақылдымын дейтін адамның өзі қызықпауы заңды. «Ауылда, ел ішінде өстің, елмен етене жақын болып өстің ғой», – деп қостанайлық ғалым Хамит Әмірғожин әріптесімізді қатарға тарттық. Санымыз толмай, салымыз суға кетіп тұрған түрімізді көріп, көрегендік танытып Заманбек Нұрқаділов ортамызға келіп қосылған еді. Айтулы азамат тобымызды толықтырған соң, айбынымыз асып, арқаланып қалдық. Сол кездегі Парламенттің «Ауыл» деп аталатын депутаттық тобында да мүшелікте болдым. Бұл топты құрудағы мақсат – біріншіден, ауылға, ауылшаруашылығына қатысты заңдарды шығаруға атсалысу. Екіншіден, экономикалық жағынан түйткілді мәселелерді оң шешу. Қандайда бір талқылауға ұсынылған заңның ауылға қатысты жағын мүдделікпен қадағалап, аз-кем болса да ауылшаруашылығына, ауылда еңбек етіп жатқан халыққа пайдалы болуын, ең болмағанда, бұра тартып, кесір келтірмеуін көздейді. Осындай топтардың белсенділігінің арқасында ауылдың жағдайын жақсартуға үкімет тарапынан көңіл бөлінді. Парламент тікелей қаржы жұмсайтын орган болмаса да, Республика бюджетін бекіткен кезде оның әрбір салаға бөлінген қаржысын қадағалайды. Мәселен, 1997 жылы бюджетті бекіткенде 2 миллиард теңгені басқа салалардан алып, ауыл шаруашылығына бағыттаған болатын. 1998 жылы 1,5 миллиард теңге, ал 1999 жылға 500 миллиондай қаржы аталған салаға бөлінді. Жалпы ауыл шаруашылығына 5,5 миллиард теңге қаралды. Сөйтіп, бастапқыда бұл саланың аяқтан тік тұрып кетуі үшін барлық жағдай жасалды. Ауыл дегенде ойға бірінші келетіні қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығы. Мал қазақ даласының байырғы ажары емес пе?! Бағзы бабаларымыздың заманын айтпағанда кешегі кеңестік кезеңде қазақтың малы қандай еді? Біздің жақта малды жаюға жайылым, даладағы шөп жетпейтін. Сарыарқаға сандалып, мал айдайтынбыз. Қазір керісінше шөп деген сыңсып тұр. Тек оны жейтін мал жоқ. Қазіргі ауылдағы мал санының аздығы арқама аяздай батады. Қарап отырсақ, қазақ сәлемді «мал-жан аман ба?» деп бастауының үлкен мәні бар. Мал – тіршілік тірегі. Мал – қазақ үшін өмір сүрудің кепілі. Амал қанша, сөйткен малдың саны қазір күрт кеміп кетті, ауылдың азып-тозуының бір себебі де осы мал санының күрт азайып кеткендігінде болып отыр. Меніңше осының бәрі асыра сілтеу арқылы жүргізілген ауылшаруашылығын жекешелендірудің кері ықпалы. Жақсы-жаман, дұрыс-бұрыс демей, әр жердің өз ерекшелігін ескермей, әйтеуір жекешелендіру деген желөпке ұранға жөнсіз, көзсіз ерудің нәтижесі. Кезінде 40-50 мың қойы болған шаруашылықтарда бүгінде тігерге тұяқ қалмады. Ол мал ешқайда кеткен жоқ, тек жекеменшікке ауысты деген сөздің ақыр соңын көзбен көріп отырмыз. Қазіргі уақытта да сан мәрте ауысқан министрлер ауылшаруашылығының жағдайын жақсартамыз деп келіп, ақыры өзін де, оның атқарған ісін де көре алмай қаламыз. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен бөлінген қаражаттың жетер жеріне жетпей, діттеген мақсаты орындалмай жатады. Бюджетке қатысты екінші мәселе, қай жылды алып қарасақ, қаржылық жоспарда үнемі жетіспеушілікті байқаймыз. Бұл әрине, жақсылықтың нышаны емес. Бұның астарында еліміздің өсіп-өнуі өз дәрежесінде көрініс беріп отырмағандығын аңғаруға болады. Қай салада болмасын қаржы тапшылығы сыр береді. Бір саланың жыртығын екінші бір саланың есебінен жабайын десеңіз, ол сала ойсырап жатады. Баяғыда бір бейбақ: «Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса» деген екен. Сол сияқты жетімсіз дүниені ары-бері тартқылағанмен бәрібір жетпейді. Оның өзінде біраз түсім шетелдіктерден алған қарыздың есебінен көбеймек. Бұл тағы да алақан жаю, тағы да жылдар өткен соң еселеп қайтару. Несін жасырайын, кейде маған осы біз келешек ұрпаққа мұраға қалыптасқан елді емес, қарызданған елді қалдырмас па екенбіз деген қорқынышты ой келеді. Екінші, өнім алып оны ұқсату, одан әртүрлі дайын өнімдер шығару да – ел болып ескерер шаруа. Бұл үшін шағын диірмендер, наубайханалар, ет-сүт цехтарын қолға алса, жүн, тері, қаракөл елтірілерінен бұйым, киім шығаратын кәсіпорындар жұмыс істесе, халыққа жұмыс, ауылға табыс келері анық. Әрине, бұл үшін ұйымдастыру, іздену, еңбек ету керек. Қарапайым мысал, қойдың қылшық жүнінен текемет, киіз басу әрбір ауыл әйелінің қолынан келеді. Осындай кәсіпті нәсіп етсек, қаншама адамға жұмыс табылар еді. Жасыратыны жоқ, қазір ошағынан от кетпеген, белдеуінен ат кетпеген қайран қазақ екі қолы алдына сыймай, ойсыз, қамсыз жүр. Асықпай ұйқысын қандырып алып, бірдеңе тындырғандай керенау басып, көшеге шығады. Біраз тұрған соң, оған өзі сияқтылар қосылады. Көр-жерді әңгіме етеді. Ал ауылдағы жұмыссыз жастар жапалақ сияқты қас қарая көшеге шығады. Ондағы бітірер шаруасы да белгілі. Ай артынан ай өтіп, күн артынан күн өтіп жатқандағы бар тірлік осы. Қылшылдаған жастардың жалынын текке өлтірмей, қолын іске іліндіруді жергілікті әкімнен бастап, жоғарғы билікке дейін жұмылдыру керек деп санаймын. Біреу сырттан келіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартпайтыны анық. Міне, осындай мәселелерді халыққа жеткізіп, санасын нарық ырқына икемдеу керек.
– Кезінде «доп қуған әкім» деген атақ алған екенсіз. Әуесқой спортшы болғаныңыз ғой...
– Бұл менің оң жамбасыма келетін сұрақ. Кейбіреулердің түсінуінше спорт, дене шынықтыру дегеніміз еріккеннің ермегі, желіккеннің жеңілтектігі сияқты. Мен о бастан олай ойлаған емеспін. Спортшы болып атағың шықпаса да, тірі адам ғұмыр бойына денесін шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Бұл жанды да, тәнді де сауықтырудың жолы. Еңбегің өнімді, ойың мен бойың сергек болуы үшін спортты серік еткен жөн. Өз басым спорт – ел намысы, дене шынықтыру – денсаулық кепілі дегенге ден қоямын. Өзі спортты сүймейтін басшы өзгелерге өнеге, спортқа жанашыр бола алмайды. «Сарысу» кеңшарында директор болғанымда шаруашылық жұмыстары мен спортты қатар өрістеттік. Бір жолы тіпті, ауданда өткен жарыста кеңшар командасы аупарткомның құрама командасын 6:2 есебімен жеңіп, чемпион атанғанымыз бар. Кейін аудан әкімі болып тұған кезімде де спортқа бүйрегім бұрып тұрды. Ол кезде 2000 сом айлық алатынмын. Сол ақшаны тігіп, мамыр айында футболдан «Аудан әкімінің кубогі үшін» жарыс өткіздім. Ол үлкен мерекеге айналған еді. Ол кезде қазіргідей әркім атына кубок жасап, жарыс өткізбейтін. Естіген елдің бәрі, «бұнысы несі» дегендей қарайтын. Кейін ғой, бұл үрдіс дәстүрге айналып, жүлденің көкесін көріп жатырмыз. Сол кезде жарысқа атақты футболшы Құралбек Ордабаев пен спорт журналисі Несіп Жүнісбаевты шақырғанбыз. Өзім де футбол ойнадым. Сол үшін сөз де естідім. Осының бәрі біреуге майдай тисе, енді біреуге жайдай тиді. Жоғары жаққа «әкім доп қуып жүр» деген арыз жауып кетті. Бертінірек, жаз айларының бірінде Қазақстан Президентінің кубогі үшін елбасының өзі қатысқан турнир өткізілді. Одан кейін оны барлық облыстардың әкімдері іліп әкетті. Спортқа шын жанашырлық танытқан азаматтар елімізде жоқ емес. Қазақ спортының жансебіл жаршысы, спортқа жан-тәнімен берілген азамат Несіп Жүнісбаев кілең қаракөз қазақ жастарынан құралған «Намыс» атты футбол клубын ұйымдастырды. Бұл ерекше жаңалық болатын. Өйткені алаңда өңкей қазақтың қара домалақ бозбалалары ойнап жүр. Қарап отырсаң, қаның қызады, намысың оянады. Мен де сол командаға қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысып, 800 бас қой бергіздім. Сонда осы қадамға атымды шығарғым келген даңғазалықтан немесе қаражатты қайда жұмсайтынымызды білмегендіктен емес, ел спортына сәл де болса септігім тисін, қазақтың ұлдары көшбасында болсын деген оймен бердім. Ал менің осы ниетімді басқаша түсініп, тырнақ астынан кір іздегендер кейін салауатты өмір салтының насихатшылары болғанына не дерсің?
– «Халық қалаулысы» атанған депутаттың қызметі тек заң шығарумен шектелмесі анық. Жалпы, депутаттың құзырына не кіреді? Осының қыр-сырымен бөліссеңіз?
– Депутаттың әкесі де, анасы да – халық. Халық – оның тағдыры. Ұйғырларда «ел қозғалса, тақ шайқалады» деген мақал бар екен. Шынында да, елдің күші – селдің күші. Ел – ана өз тағдырын толғанатын перзентін өзі таңдайды. Осындай таңдауда екі рет таңдалғаным үшін, есіктегі басымды төрге оздырғаны үшін қасиетіңнен айналайын халқыма қарыздармын. Имандай шыным, елім әрқашан жүрегімде болды. Әрбір әріпті жазарда әр заңның әрбір тармағын таразылап, халықтың мүддесін бірінші орынға қоятынмын. «Әлемнің қамын Құдай жейді, сен Отаныңды ойла» депті бр данышпан. Менің түсінуімше, депутаттың жұмысы – ардың жұмысы. Олай дейтінім, мыңдаған сайлаушыларымның сенімі мен үмітін арқалап жүрдім. Солардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты қандайда болсын қиындықтар болса, оның түйткілін шешуге себепкер болуым керек деп санадым. Халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Парламентке келгендерге жүктелетін басты міндет – отырғандар түрлі мамандықтың иелері болса да, сусап отырған жұртшылыққа сапалы заң ұсыну, солардың мүддесін қорғау. Алдымен, заң дайындау үшін оған заңдық негіз, сосын ең қиыны, экономикалық негіз, жасау керек. Себебі қабылданған әр заң халықтың өмірін жеңілдетуге, елдің экономикасын арттыруға үлес қосуы қажет. Ұсынылған заңдар тіркелген соң бұл заңмен жұмыс атқаратын Бас комитет белгіленіп, әр комитеттен депутаттар бөлініп, жұмыс тобы құрылады. Сосын заңның әрбір бабы бойынша депутаттардың талдауынан өтеді. Тиісті органдардың қорытындылары алынып, салыстырмалы кесте жасалады. Бұл құжаттар алдымен депутаттарға таратылып берілетін. Әр депутат заңның негізгі және әрбір бабы бойынша ұсыныс-пікірлерін ауызша, жазбаша ұсынады. Осы қағидалардың барлығын пысықтап болған соң, заң Мәжілістің сессия отырысының күн тәртібіне еніп, талқылауға ұсынылады. Ұсынылып отарған заң туралы негізгі баяндамашы, қосымша баяндамашы өз ойларын білдірген соң депутаттар сұрақтар береді. Бұдан кейін заң әрбір бабы бойынша Мәжіліс Төрағасының ұсынуымен талқыланады. Баптар бойынша жалпы талқылаудан өткен соң заң қосымшаларымен қайта өңделіп, Парламент Сенаты депутаттарының талқысына жіберіледі. Ол жерде де осындай сүзгіден өтіп, қабылданса қабылданып, Елбасының алдына заң ретінде қол қоюға жіберіледі. Ал, қарсылық болған жағдайда кемшілігі көрсетіліп, Мәжіліске кері қайтарылады. Сөйтіп, жоғарғы қос палатаның қайта талқылауына түседі. Ал ұсыныстарға келіспеген жағдайда екі палата депутаттарынан тең түрде келісім комиссиясы құрылып, ұсыныстар әзірленеді де, қайта қаралады. Заңға түзетулер енгізілгеннен кейін барып қол қоюға жіберіледі. Қысқасы, депутат жұмысы айтқанға оңай, ал іс барысында атқарылар шаруаның ұшы-қиыры жоқ. Барлық материалдарға үңілу керек. Оның үстіне сайлаушылардан түсетін хаттар мен арыздар да болады. Былайша айтқанда, заң шығару «инемен құдық қазғандай» қиын жұмыс.
– Қадыр Мырза-Әлі бір сөзінде жетпіс жасты жетіп, піскен уақыт деп баға берген екен. Кей адамдардың өз-өзіне, тіпті өткерген өміріне көңілі толмайтын кезі болады. Ал сіз бұл тұрғыда қандай ойдасыз?
– Мен мемлекет қайраткері емеспін. Білімпаз ғалым немесе жазушы да емеспін. Шаруа отбасында өсіп, биікке жаяу өрмелеп шыққан қарапайым адаммын. Әкім болдым деп әкіреңдеп, депутат болдым деп кеудеме нан піскен жоқ. Қызметте өз орнымды, жөнімді білдім. Басқалардан ақылдымын, білгішпін деп ойламаймын. Менің ұққаным, халық адамы болған соң сөзіңмен ғана емес, ісіңмен, бүкіл жан-дүниеңмен елге жанашырлық танытып, көптің сөзін сөйлеу керек. Сонда ғана ойға алған ісің жүзеге асады. Қазіргі кейбір басшыларға елдің тыныс-тіршілігіне жақын болу, халықпен етене жақындасып, аралас-құралас болу жетіспейді. Екіншіден, жақсылы-жаманды, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүріп келе жатырмын. Жерді басып жүрген әр күннің азды-көпті сабағы бар. Қателік те сабақ, өкініш те сабақ. Тіпті, үлкен қуаныш, жеңістің де сабағы бар. Бәрін біліп, іштен оқып туған ешкім жоқ қой. Адам өле-өлгенше өмір мектебінен сабақ ала алады. «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін үйрен» дейді шығыс даналығы. Бүгінге дейін алған сабағымыз сол сындарды қажетке жаратса болғаны. Еліміз аман, жақсы заман болсын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Еркежан ЖҰМАТАЙ