Блокбекеттегі апат: Прокурор экс-полицейді 10 жылға соттауды сұрады

Блокбекеттегі апат: Прокурор экс-полицейді 10 жылға соттауды сұрады

Блокбекеттегі апат: Прокурор экс-полицейді 10 жылға соттауды сұрады
ашық дереккөзі
Алматы қаласындағы блокбекеттегі апатқа қатысты қылмыстық іс бойынша талқылау жалғасып жатыр. Істі Алматы облысының Қарасай аудандық сотында судья Мәди Көшікбаев жүргізуде, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бұрынғы полиция қызметкері Азат Азаматовқа Қылмыстық кодекстің 345-бабы ("көлiкті басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша айып тағылып отыр. Прокурор соттан Азаматовты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. "Оны кінәлі деп танып, он жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сондай-ақ, Азаматовты өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру туралы сот шешімі қажет деп санаймын", - деді прокурор. Бұған дейінгі кезекті отырыста сотталушы өз кінәсін толық мойындаған еді. "Құрметті сот, мен жасаған ісімнің кінәсін мойындаймын және өкінемін", - деді Азат Азаматов. Айыпталушы апат болған кезде ұйықтап жатқанын және басқа ештеңе есінде жоқ екенін айтты. 24 мамырда Көксай ауылына кездесуге барғанын, көлікте сыра ішкенін мәлімдеді. "Жол полициясында жұмыс істеген үш әріптесіммен бірге іштім. Олар менің бұрынғы әріптестерім. Басқа ештеңе есімде жоқ, ауруханада ояндым. Олар менің апатқа ұшырағынамды айтты. Қалай болғаны есімде жоқ", - деді Азаматов. Еске сала кетейік, 25 мамырда Көксай шағын ауданындағы №4 блокбекетте BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші бетон қоршауына соғылған болатын. BMW патрульдік көлікке қарай ұшып түскен, оның ішінде екі полиция қызметкері отырған. 42 жастағы тәртіп сақшысы Жарас Жанғазиев жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды. Ал оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Алматы полициясының тағы бір қызметкері – есірткімен күрес жөніндегі бөлім маманы Ербұлан Сейдазым ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді.