Қорғаныс саласы – қауіпсіздік тірегі
Қорғаныс саласы – қауіпсіздік тірегі
Әлемде сан түрлі қақтығыстар орын алып жатқан уақытта елдің қауіпсіздігі басты назарда болатыны ақиқат. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауда ел әскерінің көтерер жүгі ауыр. Бүгінде шекара қауіпсіздігін сақтау, кез келген жағдайда әскердің сақадай сай болуы – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі.
Қазақстанның қорғаныс жүйесін дамыту, әскердің жауынгерлік дайындығын қадағалау, әскери доктрина мәселелерін жүзеге асыруға ел үкіметі ешқашан селқос қараған емес. Апта басында ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласындағы БАҚ өкілдерімен жүздесіп, Қарулы күштердің бүгінгі хал-жағдайы жөнінде баяндап берді. Кездесу барысында қорғаныс саласындағы бірқатар өзгерістер мен жаңалықтар да мәлім болды. «Қазіргі кезде әлемде жағдай шиеленісіп тұр, қауіптердің аумағы кеңейіп келеді, діни экстремизм, террористік құрылымдар, бақыланбайтын миграция сияқты нәрселер көптеген елдердің тұрақтылығына қауіп төндіруде. Сондықтан қарулы қақтығыстардың да түрлері өзгерді. Бүгінде бір ел екінші елге соғыс жариялап жатқан жоқ, соған қарамастан, қарулы қақтығыстар көбеюде. Осы өзгерістерді есепке ала отырып, әскери доктринаны құру жөнінде Президент тапсырма берді. Соған байланысты жаңа әскери доктрина жасалып жатыр, онда қазіргі жағдайлар кезінде еліміздің қауіпсіздігі, астыртын келген жауларға лайықты тойтарыс беру, елдің аумақтық қауіпсіздігі, ақпараттық, киберқауіпсіздік, әуе-ғарыштық қорғанысты дамыту сияқты бағыттар қарастырылған. Бұл тек негізгі бағыттар», – деді Қорғаныс министрі Иманғали Нұрғалиұлы.
Бүгінде Қарулы күштер жаңа әрі замануи қару-жарақтармен жабдықталу үстінде. Қазір елімізде әскери көлік жасайтын зауыт та бар. Естеріңізде болса, өткен жылдың соңына қарай Астанада әскери көлік жасайтын зауыт жұмысын бастаған болатын. Бұл зауыт брондалған дөңгелекті машиналар шығарады. Кәсіпорын жарты жылдың ішінде «Арлан» деп аталатын бірқатар брондалған дөңгелекті машинаны құрастырып шығарды. Брондалған дөңгелекті машиналар азаматтық әрі әскери мақсатта пайдалануға қарастырылған, оқ өткізбейді, сапасы жоғары. Мұндай жоба Орталық Азияда алғаш рет біздің елде қолға алынғанын айта кетейік. Қазақстан мен Оңтүстік Африка кәсіпорындарының бірлескен жобасы аясында салынған зауыт жылына 120 көлік жасап шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар, канадалық технологиямен патрон шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл зауыт жылына әртүрлі калибрдегі 30 миллион патрон шығарады. Жаттығу кездерінде жылына 15 миллион патрон пайдаланылатын көрінеді. Осыған дейін жаттығулар кезінде Кеңес одағынан бері қолданыста жүрген 1,5 миллиард патрон пайдаланылып келді. Алайда ұзақ уақыт өткендіктен, олардың сапасы нашарлай түскен. Қазіргі таңда әртүрлі оптикалық құралдар, пилотсыз ұшатын аппараттар да Қазақстанда жасалуда. Ал «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы біраз уақыттан бері Қорғаныс министрлігінің тапсырмасымен броньды техникалар, жауынгерлік кемелерді жасап жатыр.
Сондай-ақ, биылғы жылы елімізде авиациялық техниканы жөндеу және техникалық қызмет көрсететін авиациялық-техникалық орталық бой көтерді. Авиаорталық авиациялық техникаға қызмет көрсету бойынша жоғары технологиялық өндіріс базасын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда әскери мақсаттағы ұшқышсыз ұшу аппаратарының өндірісі мен шығарылуы ретке келтіріледі, Қазақстан Әскери-әуе күштері техникасының сервистік қызмет көрсетілуі мен жөнделуі жүргізіледі. Бұл орталықтың арқасында Су-30 жойғыштары мен С-295, Ан-26 және Ан-72 әскери-көліктік ұшақтарын оларға қызмет көрсету үшін ұшу аппараттарын жасау кәсіпорындарына жөнелту қажеттілігі жойылады. Тиісті дайындықтан өткен қазақстандық техникалық персонал ұшақтардың бүкіл қызмет көрсету циклі ішінде ұшу курсын қамтамасыз етеді. Авиациялық орталықтың құрылысының жалпы ауданы 62 660 шаршы метрді құрайды. Бүгінде бұл ҚР Қарулы Күштері мен әлеуетті құрылымдардың мүддесінде мүмкіндіктерді іске асырып қана қоймай, сонымен бірге халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік беретін бірден-бір орталық. Болашақта орталық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету бойынша анағұрлым кеңінен қамтуды жоспарлап отыр.
Еліміздің Қарулы күштерінің еншісінде бүгінгі күні он С-300 зениттік кешені бар. Бұл – әуе шабуылына қарсы қолданылатын өте мықты қару. Қазақ армиясы өткен жылы Су-30 жойғыш ұшағына қол жеткізсе, биылғы жылы тағы екі ұшақ алынбақ. Сондай-ақ, «СИ-295» ауыр жүк ұшақтары, «МИ-171» тікұшақтары да Қарулы күштердің қолданысында.
Қорғаныс министрінің мәлімдемесіне сүйенсек, соңғы 2 жылда Қарулы күштердегі жауынгерлік дайындықтың сапасы да ілгерілеген. Мәселен, жауынгерлік техниканы ату – 12, жүргізу 15 пайызға, жауынгерлік жорықтар – 12, әуе-десант дайындықтары 17 пайызға, авиацияның ұшуы, соның ішінде түнгі мезгілдердегі атыс жаттығулары – 15 пайызға, жауынгерлік кемелердің жорықтары 17 пайызға жоғарылады. Қазір ел тыныштығын күзетуші жандар таулы және қалалық жерлердегі ұрыс тәсілдеріне баса назар аударуда. Әртүрлі масштабтағы жаттығулардың да қатары көбейді, өткен жылдан бері бір жарым жылдың ішінде кең ауқымды 101 жаттығу ұйымдастырылды. 2015 жылы Қазақстан Қарулы күштері «Ынтымақтастық жауынгері», «Алтын үкі», «Авиадартс», «Танк биатлоны», «Каспий кубогы» сияқты ірі халықаралық жеті жаттығуларға қатысты. Бұл жарыстарда қазақстандық жауынгерлер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Қазақстанда әскери білім беру мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Осы ретте Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов әскери мамандарды дайындайтын оқу орындарындағы оқу жүйесіне тоқталып өтті. Министрдің айтуынша, офицерлер дайындайтын жоғары оқу орындарындағы оқу жүйесін өзгертіп, электронды техникаларға бейімдеу қажет. Сонымен қатар, министрлік жергілікті жерлерде әскери мамандар дайындайтын алты айлық оқу орындарын ашу туралы ұсыныс білдіріпті. Алайда ведомство әзірше бұл сұраныстарының қолдау таппағандығын айтады.
Иманғали Нұрғалиұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне де тоқталып өтті. Басты мәселе – баспана. Қорғаныс министрлігі қазір әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз етуді қолға алған. Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй қажет екен. Ал Қорғаныс министрлігі қазір еліміздегі барлық әскери гарнизондарда 2,5 миллион шаршы метр баспанаға қол жеткізуді көздеп отыр. Қазір әскери қызметкерлердің басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Олардың пәтерге төлейтін қаражаттары қосымша беріледі. Ал алдағы уақытта Қорғаныс министрлігі екінші деңгейдегі банктерден несие алып, әскери қызметкерлерге арналған үйлер салуды қолға алмақ. Сол кезде жалға алған пәтерлерге бөлінетін қаржы несиені жабуға жұмсалады. Бұл пәтерлер тек әскери қызметте жүргендерге ғана уақытша беріледі, басқа жаққа ауысқанда осындай ведомстволық пәтерге көшіп барады. Ал зейнетке шыққанда әскери қызметкерлердің тұрақты баспанаға қол жеткізуіне де жағдай жасалмақ. Бұл туралы министрліктің ұсынысы үкіметке жолданған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде жоғары деңгейдегі ауқымды әскери жарыстарды ұйымдастыру қиын болатын. Ал қазір бәрі өзгерген. Мұның бір дәлелі – «Халықаралық армия ойындары – 2016» әскери жарыстары. Халықаралық жарыс сейсенбі күні Жамбыл облысы Қордай ауданының «Гвардейск» оқу-жаттығу полигонының базасында бастау алды. Еліміздің аумағында жауынгерлік сайыстардың 23 түрінен болатын әскери ойындар олимпиадасының екі байқауы өтеді: «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі». Тамыздың 2-і мен 9-ы аралығында «Гвардейск» полигоны әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік мергендер мен артиллерияшылардың ірі сайысы өрістетілетін орынға айналады. Жарысқа 12 елден, яғни, Қазақстан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей және Грекиядан 270-тен астам әскери қызметші қатысуда.
ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов аталмыш жарысқа арнайы келген Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен жүздесті. Кездесу барысында тараптар жақын арадағы болашақта өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ, екіжақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың оң серпінін атап өтіп, қорғаныс саласындағы бірқатар мәселелерді талқылады. Ресей Федерациясымен әскери-техникалық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан мен Ресей президенттерінің уағдаластығы негізінде еліміздің әскеріне 5 дана С-300 зениттік зымыран кешені берілді.
Қазақстанның егемен мемлекет болып қалыптасуы мен дамуында Қарулы Күштердің алатын орны ерекше және ол өзіне тиісті міндетті атқара білді. Оның бір дәлелі – еліміздегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың сақталуы.