Жаңалықтар

Мәдени ошағы көп Оңтүстік

ашық дереккөзі

Мәдени ошағы көп Оңтүстік

Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге тоқталған басшы орынбасары ширек ғасырлық мерзім ішінде облыста 730 мәдениет және өнер мекемелерінің салынып, я болмаса қайта жаңарып, халыққа мәдени қызмет көрсетіп жатқанын жеткізді. Оның 423-і кiтапхана болса, 254-і клуб мекемесі, 25 музей, 1 көркемсурет галереясы, 8 кәсіби театр, 2 кинотеатр, 8 саябақ, 3 орталық, 1 облыстық филармония, 1 «Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Оңтүстік-Цирк» мекемесі, 1 «Түркістан сарайы», 1 көрме орталығы және 1-уі зообақ.

«1991 жылдары еліміздің Тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға өтуі - мәдениет саласына да кері әсерін тигізді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігінен және жекешелендіруге байланысты мәдениет және өнер мекемелері жабыла бастады. Алайда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау» жылы деп жариялауына байланысты мәдениет саласына тиісті қаржы көздері қарастырылып, жабылған мәдениет ошақтары кезең-кезеңімен қалпына келтіріп, қайта ашу жұмыстары жүргізілді», - деді А.Темірхан.

Тәуелсіздік жылдары облыста 4 театр Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға жаңа ғимарат салынып, ел игілігіне берілді. Мұнан бөлек, республикада үшінші болып «Оңтүстік-Цирк» мекемесі ашылды. Кеңес дәуірінде кинопрокат қызметін атқарған мекеме «Оңтүстікфильм» мекемесі болып қайта құрылып, жыл сайын 250-ге жуық деректі фильмдер мен бейнематериалдар дайындап, жастар мен балаларға кино көрсетілімдер және кино фестивальдер ұйымдастырып келеді.

Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан қаласындағы облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталықтың, Руханият-Әбу-Насыр әл-Фараби, Хакім Абай, Ерлік, бейнелеу өнері музейі және әдет-ғұрып және салт-дәстүр, тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтарының ашылып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынғанын, Елбасымыздың қатысуымен түрлі байқау-фестивальдер, концерттер ұйымдастыратын 1300 орындықты «Түркістан» сарайы ашылғанын еске салды.

Осынау жылдар ішінде қазіргі заманның эстетикалық талабына сай халық шығармашылығының және іс-шаралардың жаңа формаларын табу, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында түрлі байқаулар мен фестивальдердің ұйымдастырылғанын баяндаған А.Темірхан осы шаралар кезінде талай талантты жұлдыздардың бағы жанғанын атап өтті.