Жаңалықтар

ҚР Сыртқы істер министрі Қырғызстандағы ахуалға байланысты пікір білдірді

ашық дереккөзі

ҚР Сыртқы істер министрі Қырғызстандағы ахуалға байланысты пікір білдірді

Қазақстан Қырғызстандағы жағдайдың айқындалып келе жатқан тұрақталу үрдісін ризашылықпен қабылдайды. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді көрші елдегі жағдайға қатысты ресми комментариінде айтты. «Қазақстанда Қырғызстандағы жағдайдың айқындалып келе жатқан тұрақталу үрдісін ризашылықпен қабылдайды. Көрші мемлекеттегі оқиғаларды тек қана ішкі мәселесі ретінде қарастыра отырып, жаңадан құрылған үкіметті қазіргі күрделі саяси жағдайда өз әрекеттерін тұрақтылық, құқық үстемдігі, қоғамды біріктіру, экономикалық даму үшін жағдай жасауға бағыттауға шақырамыз. Елдің барлық саяси күштерінің Қырғыз Республикасы Конституциясының нормалары мен қағидаттарын қатаң сақтай отырып, дағдарыс жағдайынан абыроймен шығуға мүмкіндік беретін салмақты және іскер шешімдерді іздеуге бар күш-жігерін жұмсайтынына үміт артамыз», - деді министр. М.Тілеуберді атап өткендей, кос елді қиын кезеңде өзара көмек пен қолдауға негізделетін бауырлас және тату көршілік тарихи қарым-қатынас байланыстырады. «Біз Қырғызстанның саяси тұрғыдан тұрақты және экономикасы өркендейтін ел болуына, 1997 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы Шарттардың рухындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың ары қарай жалғасуына мүдделіміз», - деп толықтырды ҚР СІМ басшысы.