Нанотехнология бойынша жаңа зертхана ашылды
Нанотехнология бойынша жаңа зертхана ашылды
С.Торайғыров атындағы ПМУ-де «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС-імен бірлесіп индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құрған «Мұнай өңдеу және нанотехнология үрдістері» зертханасы ашылды, деп хабарарлайды pavlodarnews.kz.
Облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев зерханананың ашылуына қатысты. «ПМХЗ» ЖШС мұнайхимия бағытындағы зертханалар мен дәрісханаларда күрделі жөндеу жүргізді. Енді бұл жерде зертханалық құрылғылардың 11 түрі жұмыс жасайтын болады.
Бұдан басқа, Ерлан Сағадиев университет қабырғасында ашылған өңірлік стартап академиясының жұмысымен танысты. Академия директоры Арнагүл Бүркіт оқу ордасының кәсіпкерлік университет ретіндегі трендтеріне шолу жасады. Қонақ назарына стартапшылар өздерінің бизнес-моделдерін ұсынды. Олар С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті командасының Торонто қаласында (Канада) өтетін әлемдік Enactus 2016 кубогында Қазақстанның намысын қорғайтыны туралы баяндап берді. Және де министр Павлодар мемлекеттік университетінің электрэнергетика және IT-технологиялар салаларындағы инновациялық жобаларымен қанық болды.
Сонымен қатар, Ерлан Кенжеғалиұлы Павлодар облысының ұстаздарымен кездесіп, білім саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Министрдің дәрісіне бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі - үштілділік білім беру арқау болды. Министрліктің жоспарында үш-төрт жылдың ішінде мемлекеттік тілді білмеген 500 мыңға жуық балалардың тіл игеруіне жағдай туғызу көзделуде. Сондай-ақ, еліміздің әр мектептерінде жүзеге асатын жаңалықтардың қатарында электрондық порталдар да бар.
Жиында мұғалімдерді қағазбастылықтан босататын «Күнделік» порталы мен оқушылардың ҰБТ және басқа да емтихандарға дайындалуына көмекші құрал болатын «Bilim Land.kz» интернет порталы таныстырылды. Ерлан Сағадиев С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне сапарын қорытындылай келе, облыс ұстаздарының еңбектерін жоғары бағалады.