Ресейде лаңкестер билік ғимараттарын жарып жібермек болған
Ресейде лаңкестер билік ғимараттарын жарып жібермек болған
Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі мемлекетте тыйым салынған «Катиба Таухид валь-Джихад» халықаралық террористік ұйымының екі мүшесінің көзін жойды, деп хабарлайды ТАСС.
Лаңкестер Волгоградта террористік акт жасамақ болған. Ресей ФҚҚ-ның Қоғаммен байланыс орталығының хабарлауынша, террористердің қызметі Сирия аумағынан басқарылған. Олар «билік ғимараттарына, әскери қызметшілердің тұрғылықты жерлеріне және жарылыс-өрт қаупі бар кәсіпорындарға» шабуыл жасауға әрекеттенген.
«Ұстау операциясы барысында ұйым басшысы мен оның сыбайласы Ресей ФҚҚ қызметкерлеріне қаруды пайдалана отырып, қарсылық білдіргеннен кейін олардың көзі жойылды», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, Федералдық қауіпсіздік қызметі оқиға орнынан Волгоград картасын тапты. Онда жоспарланған террористік шабуылдардың орны көрсетілген. Картада белгіленген белгілерге сүйенсек, лаңкестер «Отан Ана» монументінің жанында шабуыл ұйымдастыруды көздеген.