Жұмбақ құбылыстар: қанша дамыдық десек те, оны түсіндіруге қабілетіміз жетпейді

Жұмбақ құбылыстар: қанша дамыдық десек те, оны түсіндіруге қабілетіміз жетпейді

Жұмбақ құбылыстар: қанша дамыдық десек те, оны түсіндіруге қабілетіміз жетпейді
ашық дереккөзі
Талай ғасырдан бері ғалым-зерттеушілер тылсым құбылыстардың кілтін табуға талпынғанымен, әлі де оның толық шешімін таппай отыр. Әлемнің қай тұрғынын да бейжай қал­дырмайтын, мойындалған ресми ғылымдар ауқымына сыймайтын бір құбылыс – ол өзіміз өмір сүріп жатқан ортада өте жиі болмаса да, орын алатын қауіпті (аномальді) жерлерге қатысты жұмбақ оқиғалар, там-тұмдап кездесетін елестер. Талай ғасырдан бері зерттеушілер мұндай тылсым құбы­лыстардың кілтін табуға талпынғанымен, әлі де ғалымдар оның толық шешімін таппай отыр. Әр аймақтың тұрғындары «киелі жер», «әулие-аруақтардың мекені», «әулие бұлақ», «әулие ағаш», «жын-шайтан қордаланған орын», «шайтан көпір» және де басқа аттар қойып, оған әрқалай түсініктер беретіні бар. Белгілі жазушылардың шығар­маларында да әңгімелер, қорқынышты эпи­зодтар ұшырасады. Мысалы, Ги де Мопасанның «Зираттағы ғажайып кездесу», Михаил Булгаковтың «Иттің жүрегі», «Шебер мен Маргарита», Төлен Әбдіктің «Оң қол», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», Несіпбек Дәутайдың «Қанқызыл жалқын...», «Айғыр кісі», Дәурен Қуаттың «Тас монша», «Күнекей Кірекей» және де басқа қаламгерлердің мистикаға құрылған әңгімелері кез келген адамды бейжай қалдырмайды. Олардың шығармаларын қызыға оқып отырып, тылсым жұмбақ дүниеге, басқа бір әлемге еніп кеткендей боласың. ...Менің балалық шағым өткен  Қаратау жоталарындағы Көсегенің көкжоны ай­мағында Үшбас ауылы маңындағы Бастөбе (тау аты) сыртында  жергілікті халық «Қа­мырәулие» деп атайтын ту сонау ХІ-ХІІ ғасырдан бері Жонның жел өтінде, көктем мен күздің жауын-шашынына, қыстың қытымыр аязы мен үскірік қарына дес бермей тұрған  ескі бейіт, қабірхана бар. Айтушылар, оны осы өңірдегі киелі, қасиетті әулие орны ретінде құрметтейді, қадірлейді, зиярат етеді. Бала көтермеген әйелдер, ауруға шалдыққан жандар соңғы кезге дейін оның басына барып, шырақ қойып түнеп жатады. Қазақта «рух», «аруақ» деген түсі­ніктер бар екенін білеміз. Орыстар «әр үйдің өз иесі бар» («домовой») деп сендіреді. Басқа ұлттарда да әртүрлі сенім, түсініктер бар. Келе-келе сондай жұмбақ құбылыстардың бар екенін мойындадық. Бірде, кезінде Жаңатастың құрылыс­тарында біраз жыл еңбек еткен құрбым, құрметті инженер-құрылысшы, астаналық Жамбыл Мелдебаев сөз ретінде мынадай бір қызықты оқиғаны баяндаған еді: Өткен жүзжылдықтың 70-80-жылдары Жаңатас қаласы қысқа уақытта тез өсіп, біраз халық шо­ғырланғандықтан, тұрғындарды ауызсу­мен қамтамасыз ету проблемасы туындады. Көсегенің көкжонынан, Көлмекөлден, Ша­бақтыдан су құбырлары тартылады. Бірақ олар тиісті су мөлшерімен толық қамтамасыз ете алмады. Көрші Созақ ауданындағы Баба түкті Шашты Әзиз кесе­несінің жанындағы су көзі мол әулие бұлақтан су тартпақ болып шешім қабылданады. Құбыр салмақ үшін жер қазатын техника жібереді. Жұмыс бастамақ болған сәтте экскаватор моторы белгісіз себептен сөніп қалады. Экскаваторшы әрі шұқылап, бері шұқылап моторын от алдыра алмай қиналады. Білгір инженер іске ара­ласады, еш пайда жоқ. Содан екінші экскаваторды алдырады. Істі бастайын десе, экскаватордың ожауы (ковшы) жерге бат­пай, түсініксіз жайда мотор сөніп қа­лады. Тағы баяғы жай қайталанады, жұмыс жүрмей, береке кетеді. Сонда көрші Құмкент ауылының тұрғындары бұл жердің киелі екенін, аруақтардың тыныштығын бұзбауды өтінеді. Сөйтіп, жаңатастықтар жоспарын іске асыра алмай, кері қайтады. Осындай мистикалық әңгімелерді сирек болса да әр өңірден естуге болады. Мысалы, Алтайдың таулы аймағынан «Укок пат­шайымының» мумиясын қазып алғаннан кейін, 2003 жылы бұл аймақта 7,6 балға жететін жер сілкінісі болып, халық одан көп зардап шекті. Сонда бақсылар: «Егер «патшайымның» сүйегі қайта орнына жер­ленбесе, көптеген катоклизмалар, апаттар болады» деп мүрденің қайта жерленуін талап етті. Осындай оқиға Шығыс Қазақ­станның Үржар аймағында сақ патшасының мүрдесін қазғанда да байқалған. Қазба жұ­мысын жүргізген экспедиция мүшелерінің түсіне сақ ханшайымының бейнесі кіріп, үрей туғызып, әбден мазаларын алған екен. Тастан жасалған саркофакқа археологтің бірі түспек болған сәтте, шаңды дауыл соғып, найзағай ойнапты. ХХ ғасырдың ортасында Мысырдағы Тутанхамон табытын тапқан лорд Карнарвон жаңа­шылдылығымен әлемге белгілі болғанымен, көп ұзамай белгісіз себептерден көз жұмды. Табытты ашуға қатысқан 21 адамның барлығы белгісіз жағдайда о дүниелік болған. Осындай қайғылы оқиға Америка құрылығындағы үндістердің ескі пирами­дасын қазып, тонамақ болған бір топ адамдар да  белгісіз індетке шалдығып,  қырылып қалған. Аталғандай күтпеген оқиғалар әр жерде кездесіп жатады. «Аруақтардың тыныштығын бұзба» деген сөз атадан балаға мирас болып келеді. Тылсым дүниеге сенбейтіндерге бұл ай­тылған жайт ертегідей болып көрінер, бірақ өмірде болған нағыз шындық. Аталған жұмбақ құбылыстарды осы күнге дейін еш ғалым түсіндіріп, шешімін айтқан емес. Тіпті, әлемді таңғалдырып отырған «Бермуд үшбұрышының» («Бермудский треугольник­тің») құпиясы әлі ашылған жоқ. Орыстар мұны «аномалиялық аймақ», қазақтар «қа­терлі жер» деп атап жүр. Дүниежүзінде тосын оқиғаларымен әйгілі талай жер бар. Солардың бірі – Жапониядағы Аокигахара орманы. Бұл қорқынышты әрі үрейлі ну орманда өткен ХХ ғасырда 500-ге жуық адам суицидке, яғни өзіне-өзі қол салуға барған. Зерт­теушілер үшін жұмбақ құбылыс – орман ағаштары тәулік бойы күн көзін көрмейді, көлеңкеде орналасқан. Соған қарамай, ағаштардың шынардай тіп-тік болып, аспанмен таласа өсуі келушілерді қойып, орманшы-мамандарды да таңғалдырады. Орманда ешбір техника, соның ішінде, тіпті жол іздеуге көмекші құрал компас жұмыс істемейді екен. Келушілердің көбі көп ұзамай, жұмбақ жағдайда өз-өздеріне қол жұмсайтын көрінеді. Бұл үрейлі оқиғаларды қалай түсіндіруге болады? Біреулер «ол аруақтардың ісі» десе, екіншілері «жағымсыз энер­гиядан» деп түсіндіреді. Сірә, бұл қи­сын­сыз болмауы керек. Зерттеушілер ондай жұмбақ аймақтың пайда болуына бірден-бір себеп адамдардың өздерінің жағымсыз ой-пиғылының болуынан жиналған кері қуат­тың әсері десе, уфологтар жер бетінде орын алатын оқиғалар салдарын параллельді әлемнен іздеген жөн деген пайымды алға тар­тады. Мүмкін онысы рас болар. Аруаққа, рухқа көбіміз сенеміз ғой. Сөзіміздің тобықтай түйіні, қанша жетілдік, дамыдық десек те, көптеген жұм­бақ «аномалиялық» құбылыстарды тү­сіндіруге әлі толық қабілетіміз жетпейтінін мойындауымыз керек. Тіпті, қазіргі әлемді дүрліктіріп, ел-жұртты үрейге ұшыратып тұрған коронавирус пандемиясының емін әзірше таппай, қауқарсыздығымыздан аласұрып жатқанымыз рас. Әлі де біз біл­мейтін, ой-санамыз жетпейтін, түсіне алмай­тын тылсым дүниеде жұмбақ болып тұрғандары  аз емес екен. Бүкіл әлемді ақыл, ой, сана және парасат төртеуі ұстап тұр деген түсінік бар. Әлгілердің біреуі кем болса, жоғалу қаупі төнеді екен. Адамның ойы шартарапқа жүгіріп, жұмбақ әлемге тарайтыны белгілі. «Әр ой дүниеге, іске айналады» дейді білгіштер.  Мүмкін рас болар...  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина профессоры,

Журналистер одағының мүшесі,

Тараз қаласы