Жасанды апат құпиялары ашылсын

Жасанды апат құпиялары ашылсын

Жасанды апат құпиялары ашылсын
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 30 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жария болған үндеуінде айтылған тапсырмаларға байланысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын тиянақтау, саяси қуғын-сүргін құрбандарын түгелдей ақтау жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия құру, Мемлекет басшысы алға қойған мәселелерді түбегейлі шешу және мүлтіксіз орындау шаралары ойластырылып, жүргізіліп жатқаны мәлім. Осы орайда, тәуелсіздіктің алғашқы жылында жасалған маңызды іске назар аудару ләзім. 1992 жылғы 22 желтоқсанда «Егеменді Қазақстан» газетінде «Қолдан жасалған қасірет» деген тақырыппен Қазақстан Республикаcы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы мен ЖК Комиссиясының қорытындысын жариялады (бұл құжаттар осы күні «Казахстанская правда» газеті беттерінде де басылды).  width= Қазақ АССР Орталық Атқару ко­ми­те­ті мен Халық Комиссарлары Кеңе­сі­нің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруа­шылықтарын тәркілеу туралы» декретін,  1928 жылғы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу мен жер аударуға қарсы әре­кет жасағаны үшін қылмыстық жауа­п­­тылық туралы», 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру жолымен нығайту және кулактар мен байларға қарсы кү­рес  жөніндегі шаралар туралы» қау­лы­ларын зерттеуге мемлекеттік тәуел­сіздіктің алғашқы жылында-ақ сергек назар аударылған болатын.   Қазақстан Рес­публикаcы Жоғарғы Кеңесінің Тө­ралқасы өзінің шешімімен құрылып, жан-жақты тексеру жүргізген Ко­мис­сияның материалдарын қарап, Комиссия төрағасы академик М.Қозыбаевтың хабарламасын тыңдай келе, 1992 жыл­ғы 7 желтоқсанда үш тармақтан тұра­тын қаулы қабылдады. Қаулының ал­ғаш­қы тармағында автономиялық рес­публика билігінің «адамдарды көп құрбандыққа және жаппай саяси жа­залауға ұшыратқан» шешімдерінің қа­былдануы мен орындалуына байланысты мән-жайларға түпкілікті баға беру жөнінде «комиссия жасаған қорытын­дылар мен ұсыныстар негізінен ма­құлдансын» деген тұжырым жазылды. «Жап­пай саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау туралы» заң жобасы әзірленіп жатқандықтан, Комиссияның соған байланысты ұсынысы Комиссия қорытындысынан алып тасталсын делінді.  Келесі тармақта қорытын­дыларды республикалық баспасөзде жариялау, үшіншісінде – Комиссияға материалдарын «жеке жинақ етіп бастырып шығару үшін» Министрлер кабинетіне тапсыру міндеттелді. Содан бері 28 жыл өтті. Өкінішке қарай, осы уа­қыт ішінде аталған құжаттарды бір мәрте жариялай салумен ғана шектелдік те, іс жүзінде сонау жалпыхалықтық трагедияға, қазақ халқын құрдымға, ұлттық апатқа тіреген қасіретке жү­р­дім-бардым қарағандай болдық. Оны  дұрыстап танудың, халықты т­арих­пен тәрбиелеудің, ел бірлігін арттыру ісіне молынан пайдаланудың маңызын ойламадық. Енді бұған жете көңіл бөл­ген жөн. Құрылып жатқан Мемлекеттік комиссия 1992 жылғы биік пәр­мен мен оған негіз болған қорытын­ды­ларды егжей-тегжейлі талдап, атқарыл­ған іс­тер мен енді атқарылуы тиіс мін­дет­терді айқындап алса дұрыс болар еді... 1992 жылғы Жоғарғы Кеңес Ко­мис­сиясы Қазақстанның бұрын-соңды тарихта болып көрмеген әлеуметтік тә­жірибе жүр­гізетін алып полигонға ай­на­л­дырылғанын, республикада көп­те­ген қылмысты әрекет жасалғанын атап айтты. Қарастырылған кезеңде қа­зақ тіршілігінің дәстүрлі жүйесі күй­ре­тіл­генін, оның соңы алапат ашар­шы­лық­қа, халықты қызыл қырғынға ұшы­ра­тып, жойып жіберуге тіреген нәубетке – ұлт­тық апатқа апарып соққанын дә­ле­лді түр­де атап көрсетті. «Қасірет ау­қы­мының ғаламат болғаны сонша, біз оны геноцид сая­сатының көрінісі деп толық моральдық жауапкершілікпен айта аламыз. Мұндай анықтама «геноцид қылмысынан сақтан­дыру және ондай қылмыс үшін жазалау ту­ралы» халықаралық конвенцияда көр­сетілген халықаралық құқықтың қатаң нор­маларынан туындайды» деп қорытты. Ко­миссия болып өткен қайғы-қасірет­тің на­ғыз түп-төркіні қоғамдық санамызда ұяла­ғандай 32-жылғы халық қы­надай қы­рылған үрейлі, масқара ашаршылық пен  же­ке шаруашы­лық­тарды күштеп ұжымдас­тыруда ғана жат­пағанын, оның алғышарт­тары советтік режим өмірге келген шақтан-ақ туа бастағанын ашып көрсетті. Тарихшылар мен демографтар жүр­гіз­ген сараптауларды қарай келе, Ко­миссия қазақ этносының аса қатыгез ге­ноцидке ұшыратылып, өте ауыр шы­ғын­дарды бастан кешкенін дәлел­деді. Тегеурінді әкім­шілік зобалаңы қазақ ауылдарындағы дайындау науқандары барысында өршіп кет­кен. Көшпен­ділерді отырықшылыққа кө­шірудегі «ұрда-жық күштеу саясаты» ха­лыққа өте ауыр соққы болып тиген. Осыларды қажет мәліметтермен тиянақтай келе, теңгерімі жоқ ашаршылықтан, соған байланысты туындаған жұқпалы індет-эпидемиядан, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің жоғары болуынан қа­зақ халқы 1931-1933 жылдары 2 миллион 200 мың адамынан айырылды, яғни сол шақтағы құрамының 49 пайызын жоғалтты деп көрсетті. Өз халқына қарсы жүргізілген жарияланбаған соғыста ССРО Хал­ком­кеңесі жанындағы мемлекет қауіп­сіз­дігін сақтау үшін құрылған Біріккен Бас сая­си басқарма (ОГПУ) атты арнаулы ор­ган, оның Қазақстандағы  толық өкілеті өкіл­дігі (ПП) үстем де басты рөл атқарды. Пар­­тия ұйымымен жалғасып-тұтасып кет­кен бұл жазалаушы орган республи­кад­а­ғы күллі жағдайды, саяси тұрмысты жіті қа­дағалады. Әсіресе, ұлттық интеллигенцияны ауыздықтаумен қатты шұғылданды. Осы құпия жазалаушы органның қызметтерінің ізі сайраған деректік-құжаттық материал­дар­ды, сот және соттан тыс органдардың ма­териалдарын, сол заман куәгерлерінің естеліктерін, статистикалық дереккөздерді мұ­қият зерттей келе,  Жоғарғы Кеңестің Ко­миссиясы маңызды тұжырым жасады. Мол дәлел келтіріп, аталған жылдары мем­лекет өзінің халқына қарсы қылмыс жа­са­ды деп қорытты. Дәулетті жеке қожалықтар иелерінің дүние-мүлкін  тәркілеу, өздерін жаппай жер ау­дару, көшпенді және жарты­лай кө­ш­пенді қожалықтарды күштеп ұжым­дас­тыру және отырықшыландыру, ха­лық­қа қисынсыз салықтар салып, жұрт­тың қо­лындағы күнкөрісіне қажет ауыл­шаруа­шылық өнімдерін тартып алу нау­қан­дарын адам құқығына қайшы келетін заңсыздықтар деп тапты. Бұл заң­сыз­дық­тарды жасаған Қазөлкеком, Қазатком, Хал­комкеңес, ССРО ОГПУ-нің Қазақстан бойын­ша толық өкілетті өкілдігінің және әс­кери округтің басшылары өздерінің ха­лыққа қарсы саясатымен арандатушылық рөл атқарғанын, сөйтіп бұқараның жер-жер­де өкіметке жаппай қарсылық көр­сет­кен көтерілістерін туғызғанын атап көр­сет­ті. 1928-1932 жылдарғы заңсыз және ха­лық­қа қарсы құжаттардың күшін жою және олар­ды айыптау Қазақстан Республика­сы­ның жоғарғы билігінен сұралсын деп түйді. Осы науқан кезінде жазықсыз жапа шек­кен­дер (тәркіленгендер, жер аударылғандар, со­лақай реформаға ереуілдеп қарсы шық­қандар) саяси репрессиялар құрбандары ре­тінде танылсын деді. Мәселені терең зерт­теу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті ғы­лыми мекемелердің арнайы қаржы­лан­дырылуын, білім беру салаларына арнап оқу­лықтар, түрлі әдістемелік әдебиеттер жа­салуы қажетін айтты. Бірақ содан бері отыз шақты жылға тарта уақыт өткенімен, жо­ғарыда еске алғанымыздай, Жоғарғы Кеңес Комиссиясы ұсыныстарының дені қа­ғаз жүзінде қалды... Құрылып жатқан Мемлекеттік ко­мис­сия тілге тиек болған құжаттар­дың 1931-1933 жылдарғы нәубетті ғана қа­­­­растырғанын ескергені жөн. Іс жүзінде қа­зақ ішіне ашаршылық советтер билігімен бір­ге келді.  1917-1919 жылдары Түркістан Рес­публикасына қараған қазақтар ашықты. Ташкент большевиктері олардың жыл­қы­сын, малын «әлемдік революция жасауға тиіс» Қызыл Армия үшін сыпырып алып, күн­көрісіне қажет азық-түлік бөлуден бас тартқан-тын (Мұстафа Шоқай мұны «совет өкіметінің аштық саясаты» деп бағалаған еді). Ташкент большевиктері тарапынан «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ, экономикасы әлсіз, құрып-бітуге тиіс» деп та­нылған көшпенділердің бір миллионнан астамы осы 1917-1919 жылдарғы ашаршы­лық­тан өлім құшты.  Бұл большевизмнің үш дүр­кін жүргізілген қылмысты іс-әрекетімен қазақ халқын душар еткен жойқын ұлттық апаттың алғашқы кезеңі болатын. 1921-1923 жылдарғы екінші кезеңде «әскери ком­мунизм» саясаты мен орталықтан со­ғып тұрған азық-түлік жинағыш жедел жа­сақтың әрекеті салдарынан тап Түрк рес­публикадағыдай мөлшерде Қазақ Рес­пуб­ликасы аумағындағы көшпенді жұрт қырылды. Ал үшінші кезеңнің себеп-сал­дары тілге тиек болған 1992 жылғы ЖК Ко­миссиясы қорытындысында біршама то­лық ашылды, дегенмен онда да биыл құ­рылмақ Мемлекеттік комиссия мұқият на­зар аударуы тиіс тұстар жеткілікті. Қысқасы, өткен ғасырдың 1917-1933 жылдарында орын алған зұлматты Мемкомиссия жан-жақты да терең зерттеп, тарихи, заңи, саяси бағасын беруі тиіс. Жә­не нәтижесі жұртшылық назарына ұсы­ны­лып, кеңінен насихатталғаны абзал. Осы орай­да, мынаны да айта кетейік: егер бұрын­нан айтып жүргеніміздей, үш дүркін орын алған зұлмат тарихын зерттеп, халық жадын жаңғыртатын арнайы институт пен ұлттық апатты көрнекі түрде көрсететін музей ашылса, тәуелсіздігімізді баянды етуге мүд­делі отаншыл, мемлекетшіл ұрпақ тәр­биесіне өлшеусіз зор үлес қосылған болар еді. Суреттерде: «Егеменді Қазақстан»  және «Ка­зах­станская правда» газеттерінің  1992 жылғы 22 желтоқсанда ҚР ЖК Төралқа­сы­ның қау­лысы мен ЖК Комиссиясының қоры­тын­­дылары жарияланған беттері.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ