15 Қазан, 16:56 827 0 Өнер Арайлым Бимендиева

Жайдарбек Күнғожинов: Каскадер болу үшін бір жыл тегін жұмыс істеу керек

Nomad Stunts – Голливудтан Болливудқа дейінгі әйгілі киностудиялармен жемісті жұмыс істеп жүрген қазақ кас­кадерлер тобы. 20 жылдық тарихы бар каскадерлер тобының негізін қалаған Жайдарбек Күнғожиевты әлемдік ки­ноиндустрия саласы «отқа салса жанбайтын, суға салса бат­пайтын» үздік каскадер деп таниды. Nomad Stunts кас­кадерлері алғаш отандық және шетелдік үздік фильм­дердің қойылымдарына қатысты.

– Каскадерлік өнерге цирк арқылы келгеніңізді білеміз. Өзіңіз жетекшілік ететін каскадерлер тобы шетелдік ки­нос­тудиялардың үлкен қызығушы­лы­ғын тудырып, сұранысқа ие болып отыр. Тәжірибелі каскадер ретінде еліміздегі өзге каскадерлердің еңбегін қалай баға­лайсыз және отандық каскадерлер ара­сында бәсеке қандай деңгейде?

– 20 жылда біздің каскадерлер тобы біраз жұмыс атқарды, біршама жетістікке жетті. Ко­мандам қандай жетістікке жетсе де жат­тығуды, дайындықты бір сәтке тоқтатқан емес. Біздің басты бәсекелесіміз – шетелдік кас­кадерлер. Өйткені Қазақстан Америка, Еуропа елдерінен алыста жатыр. Біздің команда мүшелері шетелге түсірілімге бару үшін алдымен виза жасатады, шақырған продакшндар біз үшін салық төлейді. Оларға аумақтық жағынан бізден жақын елдердің каскадерлерін шақырған арзанырақ. Бірақ бұған қарамастан біз әлемдік кино нары­ғындағы әмбебап каскадер болғандық­тан сұранысқа ие болып отырмыз.

Отандық каскадерлер арасында да бәсе­келестік қалыптасып келе жатыр. Шетелге шығып жүрген шағын топтар бар, бірақ бай­қауымша оларда жоспарлы жұмыс бол­ғаны­мен, тәртіп аз сияқты. Шетелдік компа­ния­лармен жұмыс істеу үшін дұрыс сөйлей білу, келіссөздер жүргізу маңызды. Сонымен қатар өз жұмысыңды сапалы етіп көрсете білу керек. Азды-көпті жетістікке жеткен соң босаң­сып кетсең, еткен еңбегің далаға кетуі мүмкін.

– Кез келген адам каскадер бола ала ма? Командаңызға мүше болғысы келе­тін каскадерлерге қандай талап қоясыз?

– Бұрын каскадер боламын деп 1 жылда бір-ақ адам келетін. Біз Голливуд пен Бол­ливуд­ты бағындырғаннан кейін каскадер бол­сам деп хабарласатын жандардың қарасы кө­бейді. Соңғы жылдары бұл кәсіпке қыздар арасында қызығушылық пайда бола бастады.

Жастардың көбі 3-4 ай­да каскадерлік өнерді меңгеріп, ақшаны кү­реп табамын, Гол­ли­вудта киноға түсе саламын деп ой­лап келеді. Мұн­­дай оймен ке­ле­тін адам­дар­дың біразы біздің топ­тың жұмыс ре­жи­міне шыдай ал­май­­ды. Өйт­кені біз алғаш қа­тары­мыз­ға қосылған жастарға 1 жыл бойы психологиялық, физикалық жүк­теме береміз. Тіпті, 1 жыл бойы жалақы алмайтын кездер болады. Кейбірі ақшасыз қиын болғандықтан кетсе, енді бірі аяқ-қолы сынып, жа­ра­қат алған соң кетіп қалады. Кас­кадер болам деген жігіттерге бірін­шіден, акробатика, екіншіден, жауын­герлік өнер, үшіншіден, тәр­тіп, төртіншіден, шыдамдылық ке­рек.

– Каскадердің бір күнін си­пат­тап беріңізші.

– Каскадерлер алғаш келгенде 24 са­ғат жұмыс істейді. Асықпай оты­рып түскі ас ішу дегенді ұмы­тады. Енді келген жас үйренушілерге жат­тығу аз болады. Біз бірінші пси­холо­гиялық жүктеме жасаймыз. Бір же­тіден кейін физикалық жүктеме бас­талады. Таңертең сағат 8.00-ден кеш­кі сағат 22.00-ге дейін тоқтамай жаттығады. Шыдай ма, шыдамай ма, осы кезде көрінеді. Кейде жұмыс іс­тегенде, түсірілім барысында аз кө­лемде ақша табатыны болмаса, 1 жыл бойы жалақысыз жүреді. Осын­дай жүктемеге шыдаса, әрі қарай тү­сірі­лімге қатыса бастайды. Тәртіп пен жаттығудың арқасында 4-5 жылда Голливуд фильмдерінің түсіріліміне қатыса алады.

– Сіздің командаңызда кас­ка­дер қыздар бар. Дайындық ба­ры­сында командаңыздағы қыздар мен жігіттерге бірдей талап қоя­сыз ба?

– Бүгінде командамда 10 каска­дер қыз бар. Әйел адамның ағзасы, бұл­шық ет массасы басқа болған­дық­­тан біраз жаттығу жасатпаймыз. Мы­салы, аттан құлау, атпен бірге құ­лау, 10 метрден құлау сынды жат­тығуды жасамайды. Басқа жатты­ғулардың бәрін ерлермен бірдей жасайды. Қыздар көлікпен авария жасау, төбелес, жану, дублер болуды жақсы орындайды. Әрине, қыз баласымен жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары да бар. Әйел затының реакция танытуы басқаша. Қанша қиын болса да кәсібін сүйетін, өз ісі­не шын берілген қыздар Голливуд пен Болливудты бағындырып үлгер­ді. Қазір екі қызымыз шетел фильм­дердің түсірілімдеріне қатысып жүр. Көктемде екі қызымыз Румынияға барып Сэмюэл Л.Джексонмен бірге жұмыс істеп келді.

– Әйеліңізбен бірге ұлыңыз­дың да каскадер екенін білеміз. Алғашында олардың бұл қалауы­на қарсы болған жоқсыз ба?

– Иә, командамдағы қыздар ара­сында әйелім де бар. Екеуміз еңбек жолымызды цирктен бірге бастадық. Алғаш каскадерлік салаға келгенімде маған дубляж, трюк жасауға қыз бала керек болды. Әйелімнің жаным­да бірге каскадер болғанына қарсы болған жоқпын. Қылыштасуды, тө­белесуді, құлауды жақсы үйренді. «Кенже» фильмінің түсірілімінде жар­дан құлап тізесін жарақаттап алды. Сол жарақатын емдеп, опера­ция жасаған кезде де өзім жанында жүр­гендіктен аса қатты уайымда­мадым.

Ал ұлым Темірхан 5 жасында «Көш­пенділерде» ойнады. Одан кейін де 4-5 фильмнің түсіріліміне қ­а­тысты, «Моңғол» фильмінде дуб­лер болды. Кейін каскадер болғым кел­мейді, бизнес саласын таң­дай­мын деді. Сол кезде мен оны әскерге жібердім. Әскерде жүргенде жарты жылдан кейін анасына звондап «Мен ойландым, әкеммен сөйлесейін деп едім, мені жұмысқа алсын» депті. Өзім барып сөйлестім, каскадер бол­ғысы келетінін айтты. 1 жыл сы­нақтан өтті, қазір Құдайға шүкір, бір­ге жұмыс істеп келеміз. Үндістан­да, Жаңа Зеландиядағы түсірілім­дер­ге қатысты, өзі Африкада және Ру­мынияда  Сэмюэл Л.Джексонмен бір­ге каскадер-актер болып жұмыс іс­теп келді.

– Өздеріңіз түсіріліміне қа­тыс­­қан Disney ұсынған «Мулан» фильмі­нің прокатқа шығуымен ұжымыңыз­ды құттықтаймыз. Продакшн өкіл­дері сізге кана­да­лық актердің ор­нына рөл сом­дауды ұсынып, нәти­жесінде кас­кадер болып барып, ак­тер бо­лып қайттыңыз. Шетелдік тү­сірілім алаңында көп жүрген тәжіри­белі маман ретінде «қазақ киносы қайткенде дамымақ?» де­ген сауалға жауап берсеңіз.

– Әрине, біздің кино мен ше­тел­дің киносы әртүрлі. Шетелде кино көп түсіріледі, бірақ бәрі бір­дей сапалы емес. Біз шетелдің жақ­сы киносын көріп жатыр­мыз. Еліміздің киноиндустрия­сын дамытудың бір жолы – кино туралы заң қабылдау. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар бастал­ғанымен, аяғына жетпей тоқтап қалды. Кино саласындағы көптеген мә­селелер шешілсе, шетелден әр­түрлі мамандарды шақырып, са­палы кино түсірер едік. Мы­салы, әйгілі киностудиялар жақсы кино түсіру үшін әлемнің мық­ты мамандарын бір түсірілім алаңына жинайды. Үздік ком­паниялар мықты каскадер­лерді әлемнің әр түкпірінен алдыр­тады. Осы тәжірибені қолданып, бірік­кен жобаларды қолға алсақ, қазақ киносының жұлдызы жар­қырай­тын күн алыс емес деп ойлай­мын. Осы орайда, Қа­зақ­стан, Герма­ния, Ресей бірігіп тү­сір­ген «Моңғол» фильмінің сәт­ті шыққанын айта кет­кім ке­леді.

Соңғы жылдары қазақтың ки­носы той тақырыбынан аса алмай жүр­гені де рас. Жастарға комедия ру­­­хани азық болмайды. Дәл қазіргі жағ­дайда бізге рухымызды жанып, на­мысымызды оятатын, қазақтың мық­тылығын танытатын кино ке­рек. Келешекте продюсерлікпен ай­налысып, шетелдіктермен бірлесіп жақ­сы кинолар түсірсем деген арма­ным бар.

– Каскадерлік – қауіпті кәсіп. Темірдей тәртіп, тоқтаусыз жат­тығу, мықты дайындық, түсірі­лім алаңындағы стресс бәрі ден­сау­лыққа әсер етеді. Өзіңіз жұ­мыс­тан бос уақытыңызды қалай өт­кізесіз?

– Өмір бойы жаттығу, тәртіп, тү­сі­рілім алаңы отбасыңа дұрыс көңіл бөлуге мұрша бермейтін кез­дер болады. Жұмыстан қолым қалт еткенде каскадерлердің жаттығу базасына барамын. Ауылда ағаш кесу, жер қазу сынды физикалық жұмыс­тар­ды атқарумен қатар кітап оқи­мын. Өзім балық аулағанды жақсы кө­ремін. Достарымызбен кездес­кен­де жұмыс туралы сөйлеспейміз, тек алдағы жоспарымызбен бөлісіп, тал­қылайтынымыз бар. Бірақ жат­тығуды ұзақ уақытқа тастауға бол­майды. Сондықтан аз демалып, көп жұмыс істеуге тура келеді.

Биыл Taurus World Stunt Awards әлем­дік каскадерлер академиясының жыл сайынғы премиясына номинант ретінде ұсынылдық, нәтижесін күтіп отырмыз. Жақсы жаңалық естиміз бе деп үміттеніп отырған жайымыз бар. Ендігі мақсат – шетелде экшн
фи­льм­дер режиссері болуға ұмтылу.

– Каскадерлердің еңбегі елі­міз­де және шетелде қалай баға­ланады?

– Шетелде біздің еңбегіміз бен жұ­мысымызды жақсы бағалайды. Қа­зақстанда да жақсы бағалап жа­тады, өйткені Universal Pictures, Disney, Millenium Films киностудия­ларымен бірге істеген жұмысымызды көріп отыр. Бірақ осы кәсіп бойынша қомақты қаржыны шетелден ғана таба аламыз. Қазақстанда каска­дер­лерге көп ақша төлей алмайды. Ол ақ­ша пәтерақы жалдауға ғана жетеді. Командамдағы жігіттер көлік пен пәтерді шетелден тапқан ақшалары­на алды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар