Өзбекстанда қазақтардың кіші құрылтайы өтеді
Өзбекстанда қазақтардың кіші құрылтайы өтеді
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Отандастар қоры» мен Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен Өзбекстанда қазақтардың кіші құрылтайы өтеді.
Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты шара биыл 21 қазан күні онлайн түрде өтеді деп жоспарлануда.
«Дәстүрге айналған кіші құрылтайды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өткізіп келеді. Соңғы жылдары Ресей, Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өткен. Биыл бірінші рет пандемияға байланысты Өзбекстандағы қазақтардың кіші құрылтайын онлайн режимінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Кездесудің басты мақсаты – бауырлас Қазақстан – Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынас, мәдени-рухани байланыстарын нығайту. Өзбекстандағы қазақ диаспорасына қолдау көрсету, мәдени байланысты кеңейту, олардың түйткілді мәселелерін шешу жолдарын қарастыру», – дейді ДҚҚ Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.
Бұл құрылтайға Өзбекстанның Ташкент, Сырдария, Науаи, Бұхара, Хорезм облысы және тағы басқа елдердегі қазақ ұлттық мәдени орталықтарының басшылары мен өкілдері, қоғам, өнер қайраткерлері қатысады.