Жаңалықтар

Бағдатта бәрі жақсы...

ашық дереккөзі

Бағдатта бәрі жақсы...

Көктемде елімізде төтенше жағдай жарияланып, жұмыс қашықтан жүріп, оқу онлайнға көшкен шақтағы әбігерді жұрт ұмыта қоймаған болар. Интернетке кіру мұң болып, оқушыларды жаппай онлайн оқытам деп уәде берген Асхат Аймағамбетов ұятқа қалды. Интернет желісіне қолы жетпеген оқушыларды теледидар, радио, тіпті пошта арқылы оқытуға тура келді. Пандемия Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ауыз толтырып айтып жүрген жетістіктердің тек қағаз жүзінде екенін әшкереледі. Қазақстандағы интернеттің сапасына сын, елді ақпараттандыра алмаған Асқар Жұмағалиевтің жұмысына мін көбейді. Көп ұзамай министр қызметінен кетті. Оның орнын Бағдат Мусин басты. Еліміздегі ең жас министр интернетті жалпақ жұрттың игілігіне айналдыра ала ма?

Жырға айналған жәрдемақы, берекесі қашқан білім

Ақпаратты уысында ұстайтындар әлемді билеген бүгінгі заманда цифрлы өркениет көшінің басына ұмтыл­ғандардың болашағы баянды. Ал бұл са­ланы игеруге икемсіздердің келешегі күмән­ді. Мұны түсінген Мемлекет басшылығы өткен жылдың басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құрған. Жаңа ведомствоның тізгіні Асқар Жұмағалиевке тиді. Өйткені ол еліміздің цифрлы даму процесіне 20 жылдай жетекшілік етті. 2001 жылы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Байланыс саласындағы мемқадағалау бас­қармасының бастығы болып тағайында­л­ғалы бері Үкіметтегі әртүрлі лауазымда бай­ланыс, коммуникация, цифрландыру жә­не инновацияға жауап беріп келді. Ол республикада 3G және 4G буы­нын­дағы ұялы байланыстың енгі­зілуі­­нің басы-қасында жүрді. Автокөлік ие­леріне ғана қызмет көрсететін маман­дан­дырылған ХҚКО-ларды ашты. Цифрлы құжат­тардың қағаздағы нұсқасымен бірдей қолданылуын заң жүзінде бекітуге қол жеткізді. Еліміз бойынша 20 мың шақырым­дай оптикалық-талшықты кабель тарты­лып, біраз ауылға интернет қосылды. Қа­зақ­­стан аналогтік телевизиядан цифрлы те­­левизияға көшті. Сондықтан Асқар Жұма­ғалиев жаңа министрлікті басқаруға лайық­ты бірден-бір адам екеніне ешкімнің кү­мәні болмады. Ә дегеннен ол басқарған ведомство цифрландыру саласындағы жаңа міндетті орындауға белсене кіріскен еді. Пә­лен ауылға интернет жетті, түген шаңы­рақ интер­неттің ғаламатын көріп отыр деген жаңалықты жиі ести бастадық. Алай­да қашықтан қызмет көрсетудің, онлайн оқудың маңызын арттыр­ған коронавирус пандемиясы Қазақ­станның интернетпен қамтылу деңгейі де, сапасы да көңіл көн­шіт­пейтінін көрсетті. Әуелі табысынан айырылғандарға тө­ленетін әлеуметтік төлемді рәсім­деу кезінде Электронды үкімет порталының жұмысы ақсады. еGov жиі істен шығып, төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға тап болған азаматтар 42 500 теңгені уақытылы ала алмай сенделді. Интернеттен қайыр болмаған соң жұрт жаппай халыққа қыз­мет көрсету орталықтары мен банктерге жү­гіріп, карантин талаптары өрескел бұ­зылып жатты. Дүрліккен елді сабасына түсіріп, әлеуметтік төлемді тағайындау мә­селесін реттеу үшін Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі жеке портал ашуға мәжбүр болды. Алайда оның да жұ­мысы тежеліп, жәрдемақыны зарыға күткен жұрттың уақыты гаджеттерге телмірумен өтті. Екінші түйткіл сәуірде, төртінші тоқ­сан басталғанда төбе көрсетті. Бірер күн бұрын онлайн сабақ өткізу платфор­масын сынап көрген Білім және ғылым министрлігі отандық интернет сынаққа шыдамағанын мәлімдеді. «Еліміздегі интернет 2,5 миллион оқу­шының онлайн жүйе арқылы оқуына еш бейімделмегенін көрсетті. Бұлай сапалы білім алу мүмкін емес. Сондықтан оқытуды дамыған елдердегідей онлайн стриминг арқылы өткізудің қажеті жоқ деген шешім қабылдадық. Онлайн сабақтар болмайды. Білім беруді амал­сыз, онлайн сабаққа есеп­тел­меген бағдарлама­лар көмегімен ұйым­дас­тырамыз» деп қынжыл­ды Асхат Айма­ғам­бетов.

Жүктемені сылтауратқан Жұмағалиев

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі­нің сол кездегі басшысы Асқар Жұмағалиев портал атаулының ақсай беруін жүктеменің көптігімен түсіндіріп, мұндай түйткілмен тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бетпе-бет келіп отырға­­нын айтып ақталды. «Белгілі бір жаңа жүйені іске қосу үшін, оның техникалық құжатын дайындап, тесттен өткізу үшін біршама уақыттың қажет екені белгілі. Оны ІТ мамандары өте жақсы біледі. Бірақ бізде ондай уақыт болмады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік көмек төлемдерін алуға арналған онлайн жүйені түнімен ойластырып, бір күннің ішінде іске қостық. Алайда бір күннің ішін­де азаматтар жүгінген қызмет түрі 15 мил­лион­ға­ дейін жетіп жығылды. Бұл жүк­теме­ні интернет көтере алмағандықтан, кейбір каналдарды уақытша өшіре тұруға тура келді. Жалпы, қазіргі уақытта интернет са­пасын жақсарту мәселесі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем елдерінде туындап отыр. Өйт­кені адамдар карантин кезінде үйде отыр­ғандықтан, интернетті пайдалану­шылар саны 2 есе артты. Мысалы, ZOOM сияқты онлайн білім беру плат­формасы да бір уақытта көп адамға қыз­мет көрсетуге қау­қарсыз екенін көрсетті. Сол сияқты WhatsАpp, Facebook мессенджеріне үлкен жүктеме түсіп отыр. Дегенмен ІТ маман­дары қол қусырып отырған жоқ. Олар күні-түні осы мәселелерді қолға алып, бар жан­да­рын сала жұмыс істеп жатыр», – деді А.Жұма­ғалиев. Десе де, шалғайдағы ауыл тұрмақ, ірі қалалардың іргесіндегі елді мекен­дердің өзінде интернет икемсіз екеніне қаныққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 наурызда өткен «Цифрлы Қа­зақстан» мембағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңесте Цифрлық даму министрлігінің жұ­мысына көңілі толмай­тынын айтты. Пре­зидент озық, заманауи технологияларды енгізу бойынша ведо­мствоға жүктелген міндеттер іске аспаға­нын мәлімдеді. Мемлекет басшысы­ның пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, өзара келісім және үйлесімділік жоқ. Сал­дары­нан цифрландыру түрлі ведомствода жүйесіз жүруде. 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қала мен ауыл тұрғындары арасында цифрландыру бойынша алшақтықтың әрі қарай сақталғанын сынға алды. Оның бағалауынша, бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Прези­дент сол жиын­да Үкіметке «Цифрлық Қазақ­стан» бағ­дарламасындағы барлық кемші­лік­терді түзетіп, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интер­нетпен қамтамасыз етуді тапсырды. 10 күннен соң Мемлекет басшысы Асқар Жұмағалиевті қызметінен босатты. Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнер­кәсібі министрінің міндетін атқару жаңа вице-министр Бағдат Мусинге жүктелді. Алексей Цой вице-министр креслосында көп бөгелмей министр болып шыға келгенін алға тартқан жұрт Прези­дент­тің Жарлығын күтпей-ақ Бағдат Му­син­ді де бірден ведомство басшысы етіп «бе­кітіп» үлгерді. Шынында да, солай болды. Өзінің іс тетігін білетінін дәлелдеп үлгерген Бағдат Батырбекұлы 2 қыркүйекте министр қызметіне тағайындалды.

Бағдарламалаушыдан министрге дейін

37 жастағы Б.Мусин бұған дейін Прези­денттің кеңесшісі қызметін атқарды. Ол бір­неше мемлекеттік және квазисектордағы лауа­зымды қызметте болды. Компьютерлік бағдарламалау саласында білім алған Бағ­дат Батырбекұлы еңбек жолын 2004 жылы бағ­дарламалаушы болып бастаған. Әділет ми­нистрлігі, Байланыс және ақпарат ми­нистрліктерінде түрлі қызмет атқарған. 31 жасында ол «Ұлттық ақпараттық тех­нологиялар» АҚ басқарма төрағасы бо­лып тағайындалды. Көп ұзамай «Қаз­пош­таның» тізгінін ұстады. Мусин кеңестік тәр­тіппен жұмыс істеп келген отандық пош­та саласына жаңа технологиялар ен­гіз­ді. Мекеме жұмысы толығымен жаңар­ты­лып, «Қазпошта» цифрлы қызмет көрсетуге көш­ті. Оның бастамасымен елімізде заттар­ды қолма-қол пошта бөлімше­лерінен емес, қалада орналасқан арнайы постаматтарда алу­ға мүмкіндік туды. Ал 2017 жылы еліміздің Бас прокура­тура­сына қарасты құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы қыз­метіне келген Бағдат Мусин Қазақ­стан­дағы лауазымды қызметке ие болған ең жас шенеуніктердің бірі атанды. Бұл қызметте жүргенде ол қылмысты жылдам тіркеу, по­лицейлердің автожүргізуші­лер туралы мә­ліметті планшеттен алу баста­масын кө­терді. Сондай-ақ комитет басшысы Қазақ­стан­дағы шетелдіктерді тіркеу жүйесін сынға алды. Ол басқа мемлекеттердің аза­маттары елде болу мерзімін қосымша ақыға ұзартуы үшін ресми тариф енгізуді ұсынды. «Менің түсінбейтінім, шетел азаматы қай­тадан 30-60 күнге оралу үшін неге бір күн­ге елден кетуге мәжбүр болды? Бұл ақыл­ға қонымсыз жағдай. Мысалы, Біш­кекке барып, қайту үшін 300-400 доллар жұм­сайды. Неліктен Үкіметке 100 доллар кө­лемінде ресми төлем жасап, шетел аза­маты тағы 30-60 күн тұруына рұқсат ет­пес­ке?», – деді Б.Мусин. Бас прокуратурада қызмет атқарып жүр­ген уақытта iPhone смартфондарын қол­дан жасап жүрген Қазақстан азаматтары жай­лы естіп, оларды жазалаудың орнына қол­дау қажеттігін айтқаны да қызу талқыға түскен еді. «Жігіттер iPhone жасап жүр дейсіздер ме?! Менің ойымша, оларға заңды түрде мұ­нымен айналасуға жағдай жасау керек. Олар­ға бір технопаркте цех ашып берсек, тіпті керемет болар еді. Жеңілдікпен қар­жыландыруға да болады. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» жария­ланды ғой! Ал егер олар арзан құрал-жабдықты пайдаланып iPhone жасап жүрсе, қабілеттері бар деген сөз ғой. Кәсіпкерлік бастамалары да жаман емес» деп жазған еді Мусин Facebook парақ­ша­сында. Осындай батыл бастамалары мен озық ой­ларының арқасында Президенттің на­зарына ілінген Бағдат Мусин 2020 жылдың нау­рыз айы­нан шілде айына дейін Мем­ле­кет басшысының цифрландыру және ин­новациялық технологиялар жөніндегі кеңес­шісі болып қызмет атқарды. Пре­зи­дент­тің кеңесшісі болған уақытта ол сы­байлас жем­қорлықпен күресу үшін теңгенің сан­дық түрін жасауды ұсынды. Айтуынша, осы арқылы елдегі бюджеттің кірісі пен шы­ғысын оңай бақылап отыруға болады. «Мен процестерді цифрландыру туралы ғана ойламаймын. Мысалы, мемлекеттік са­тып алу кезінде ақшаны қолма-қол алу мә­селесі бар. Мемлекеттік сатып алуды ұтып алғаннан кейін оны ақшаға айнал­дыру керек… Оны ақшаға айналдырғаннан кейін барып, анық-қанығын білеміз. Менің идеям бойынша теңгенің цифрлы аналогі болуы керек және ол боялған болуы қажет. Мысалы, көпір құрылысына 3 млрд теңге бөлінсе, әр теңге цифрлан­дырыл­ған­дықтан, ол монитор жүйесінде көрініп тұра­тын бо­лады. Бұл биткоин аналогі, бірақ бит­коиннің өзі емес. Оны биткоин сияқты жүзе­ге асыру қиын емес. Биткоиннің техно­ло­гия­сы жақсы, біз оның пайдалысын ғана алуы­мыз керек», – деді Б.Мусин.

Мусин көздеген межелер

Бағдат Мусин Цифрлық даму, ин­нова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі қызметіне ресми түрде 2 қыр­күйек­те та­ғайындалды. Алайда 20 шілдеден бас­тап, яғни вице-министр қызметіне кірі­сіп, ми­нистрдің міндетін уақытша атқару­шы болып бекітілгелі бері ведомствоның жұ­мысын жауапкершілікпен дөңгелетіп ке­леді. Небәрі үш айға жуық уақытта енгіз­ген жаңашылдықтары ел аузына ілініп үлгерді. Мәселен, Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қашықтан білім беруді қолдау мақ­сатында ұялы байланыс операторлары­мен бірлесіп, мектеп оқушылары мен сту­дент­терге және мұғалімдерге арналған ар­найы «Білім» тарифтік жоспарын іске қос­ты. Тарифтік жоспарда отандық бейне­кон­ференц байланыс жүйесін қоса алғанда, Білім және ғылым ми­нистрлігі мақұлдаған отандық (жергілікті және ҚР аумағындағы) 380 білім беру ресурсын шек­теусіз пайда­лану қарастырылған. Тарифтік жос­пардың бір айлық абоненттік төлемі – 990 теңге. Сондай-ақ министрлік жуырда коро­навирустың таралуын бақылау жә­не жұқтыру ошақтарын уақытылы оқшаулау мақсатында Saqbol мобильді қосымшасын ұсынды. Бұл қосымша арқылы індетке шал­дыққаны расталған азамат айналасында­ғы­ларға вирус жұқтыру қаупі бар екенін жа­сырын түрде ескерте алады. Бағдат Мусиннің айтуынша, жаңа қосымша инфекцияның таралуын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. «Барлық қазақстандықтарды осы қо­сым­шаны белсенді түрде пайдалануға, мұқият және жауапты болуға шақырамын. Осылайша, індет ошақтарын барынша оқ­шаулап, COVID-19-ның таралуына жол бер­мейміз. Біз халық алдындағы жауапкер­ші­лікті түсінеміз және барлық жеке деректерді қосымшада барынша шифрлан­ған етіп жасадық. Пайдаланушылардың жа­­сырын болуына мән берілген» деп түсін­дірді министр. Бағдат Мусин мемлекеттік қызмет көр­сету саласын цифрландыру ісінде тың сер­пін жалғастырды. Ведомство басшысының айтуынша, алдағы уақытта сұранысқа ие 30-ға жуық анықтама жойылмақ. «Биометрия бойынша қызмет алушы­лар­дың eGov-та бір қадам арқылы тіркелуін жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл қолдану­шы­ларға биомет­рия­лық сәйкестендіруден өтіп, кез келген қызметке қол қоюға мүмкіндік береді. Нәти­жесінде, көптеген адамдар eGov қызметін пай­далана алады», – деді ол. Министрдің сөзінше, қызмет алушы­ларға eGov-қа тіркелгеннен кейін қа­ғаз құжаттарымен қатар сандық құжат­тар сер­­висін қолдануға мүмкіндік жасала­ды. Бұл сервиске жыл соңына дейін жүр­гізуші куәлігі, автокөлік техпаспорты, шет­елдік төлқұжат, жоғары білім туралы дип­лом, студенттік билет, сақ­тандыру по­лисі және тағы басқа құжат­тарды шығару жоспарла­нып отыр. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасынан ел күткен басты нәтиже – рес­публиканың барлық аймағында кеңжо­лақты интернеттің қолжетімді болуы десек, Бағдат Мусин бұл игілікке де қол жетер күн алыс емес екеніне сендірді. Ведомство басшысының айтуынша, тұр­ғындарды сапалы интернетпен қамта­масыз ету мақсатында елімізде екі жоба қолға алын­ған. «Бірінші жоба аясында жыл соңына дейін 1 250 ауылды мекенге талшықты-оп­ти­калық желіні тарту жұмыстары аяқ­талады, 20 мың шақырымнан астам тал­шық­ты-оптикалық желі салынады. Екінші жоба – ауылдарда 3G, 4G мобильді байла­нысын ұйымдастыру. Бұл жоба аясында байланыс операторларымен меморандум жасалып, осы жылдың соңына дейін тұр­ғындар саны 250-ден асатын ауыл­дарды мобильді байланыспен қамту көзделген. Қыркүйекте осындай 150 ауылды мекен мо­бильді интернетке сапалы түрде қол жет­кіз­ді. Ал жыл соңына дейін қалған 778 ауыл қо­сылады», – деді Б.Мусин. Министр Қазақстанға көп ұзамай 5G желісін де жеткізуге уәде берді. Бағ­дат Мусиннің сөзінше, 5G ұялы байла­ныс стан­дартын енгізу бойынша Нұр-Сұл­тан, Алма­ты және Шымкент қалаларын­да 11 тестік сынақ жүргізілген. Тиісті жиілік диа­пазондары боса­ты­лып, әрі қарай опе­раторларға тарату ме­ханизмі қарас­тыры­лыпты. Жоспар ойдағы­дай жүзеге асса, еліміздің үш ірі қаласында 5G желісі 2022 жылы іске қосылмақ. Ал облыс ор­талық­тары мобильді интернеттің бесінші буынына 2025 жылы қол жеткізе алады. Жаңа министр жұмысқа бел шеше кірісті. Бастамалары да, берген уәде­лері де тұшымды. Нәтижесін уақыт көр­се­теді. Бас­тысы, қарқын жоғалмаса, бастал­ған іс аяқ­сыз қалмаса болғаны.   P.S: Елімізді сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін Цифрлық даму министрлігі жуырда жаңа ресурс – Bailanys.bar сайтын ашты. Интернет желісінің жұмысына көңілі толмаған кез келген қазақстандық порталға кіріп, өзінің шағымын жолдай алады. Әлсіз желі туралы хабар алған министрлік мамандары мәселені шешуге кіріседі. Демек, еліміздегі интернет сапасын көтеруге әрбіріміз атсалыса аламыз.