Ағайынға ана тілі ауадай қажет...

Ағайынға ана тілі ауадай қажет...

Ағайынға ана тілі ауадай қажет...
ашық дереккөзі
Атажұрттан жырақта жүр­ген қандастардың көпшілігі ата дәстүрінен ажырап, ана тілінен қол үзіп бара жатқанын айтып қын­жылады. Әсіресе, Еуропа мен Ресейдегі қазақтар қазақша сөйлеуден, қазақша ойлаудан қа­лып бара жатқаны жасырын емес. Бұл мәселе бізді таңдан­дыр­майды, себебі басқа ел тұр­мақ, өз мемлекетімізде ана тілі­міздің жағдайы мәз емес. Қазіргі кезде Алтайдың арғы жағы мен Моңғолиядағы қандастары­мызда ғана қазақ тілінің қай­ма­ғы бұзылмаған. Оның өзі сол аймақтарда өмір сүретін халық­тың басым бөлігі қазақтар болғандықтан. Айтпаса да анық нәрсе: қа­зақ тілі­нің жай-күйі, наси­хат­талуы қазақ диас­поралары өмір сүретін елдердің түрлі ұста­ным­дарына қарай құбылып отыра­ды. Олар да кез келген басқа диаспора­лар сияқты өздері қо­ныстанған елдің мем­лекеттік тілін меңгеріп, сол елдің құн­­дылықтарын мойындайды. Жас ұрпақ сауатын қазақ тілінде ашпаса, қа­зақша хабар тара­татын басылым, те­леарналар бол­маса, күнделікті тірлікте қа­зақ­ша сөйлеудің қажеттілігі туы­нда­маса, өзге жұрт тұрмақ, өз елімізде де тіліміз ұмыт бо­латыны белгілі. Қазір шетелдегі қазақ диаспоралары арасында тек  Өзбекстан мен Моңғолияда ғана қазақ мектептері бар. Ал қытайдағы қазақ мектептері 2010 жылғы білім саласындағы реформадан кейін аралас мектептерге айналып, негізгі дәріс қазақ тілінде емес, қытай тілінде өтетін болған. Тура осын­дай беталыс Моңғолияда да байқалады. Бүгінде тек Баян-Өлгей аймағында ғана қазақ мектебі бар. Оның өзінде 43 мектептің 5-еуі ғана қазақ мектебі, қал­ған 38-і – аралас мектеп. Қазақ мектептерінің өзін­де бірыңғай қазақ тілінде оқытпайды. Керісінше, Өзбекстанда қазақ тілінде оқы­татын мектеп көп: 2019 жылғы статис­тика бойынша ол жақта 372 қазақ мектебі бар. Қазір Қа­рақалпақстан Республикасында – 168 аралас мек­теп, Бұхара облысында – 11, Науаи облысында – 56,  Жизақ облысында – 4,  Сырдария облысында – 4, Ташкент облысында – 127, Хорезм облысында – 1, Ташкент қаласында 1 мектеп қазақша білім береді. Бірақ этникалық қазақтар тұратын Өзбекстанның өзге өңірлері – Андижан, Қашқардария, Наманган, Самарқан, Сұрхандария, Ферғана облыстарында қа­зақ мектептері жоқ. Арнайы мектеп немесе сынып ашу үшін бала саны жеткіліксіз көрінеді. Тағы бір себеп – Өзбекстандағы қандастар арасында балаларын жаппай өзбек мектептеріне беру тенденциясы белең алған. Қазақстанға көшіп келуге жағдайы жоқ қандастар ұл-қыздарын өзбек мектебінде оқытады. Себебі қазақ мектебіне барған балалар латын емес, кирилл әліпбиіне жатық болады. Өзбек мектептері барлық пәндерді түгелдей латын әліпбиімен оқытады, барлық оқулықтар мен әдістемелік құралдар латын қарпіне негізделген. Ата-аналар балаларының мектеп бітіргенде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі азаяды деп алаң­дайды. Жалпы, өзбек елінде 1991 жылы 550 қазақ мек­тебі болған екен, жыл өткен сайын олардың қатары кеміп жатыр. Қарақалпақстан Республикасындағы қазақ мектептері кадрлық және оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтылған. Бірақ Қарақалпақстанда қазақ сыныбына барған бала қазақ, қарақалпақ, өзбек, ағылшын, орыс тілдерін оқуға мәжбүр. Ал жоғары оқу орындарына келетін болсақ, Қарақалпақстандағы жергілікті институт­тар­да қазақ тілінде білім беретін факультеттер бар. Өзбекстанда Низами атындағы Ташкент педагоги­калық университетінде, Сырдария облысындағы Гүлстан мемлекеттік университеті қазақ тілінде педагог кадрлар даярлайды. Иран қазақтарының басым бөлігі қазақ тілін ауызекі сөйлеу деңгейінде ғана меңгерген. Орта жастан асқан азаматтардың түгелге жуығы қазақша сөйлей алады. Бірақ Иранда қоғамдық орын­дарда парсы тілінен басқа тілде сөйлесуге тыйым салынған. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында парсы тілінен басқа тілде білім берілмейді. Осы жағдайға қарамастан, ирандық қазақтардың ана тілдерін ұмытпауы ерекше жағдай. Тілдің ұмытылмауына Иран қазақтарының әрқай­сысы әр жақта емес, қалалардағы шағынаудандарда бір-біріне жақын тұратыны да ықпал еткен. Араларында әліге дейін тығыз туыстық қатынас бар. Мұндағы қазақтар балаларын балабақшаға бермейді, мектеп жасына дейін үйде тәр­бие­лейді. Иран үкіметі де шектеулерге қарамастан, отбасы мен халық ішіндегі мәдениетке барынша толерантты. Оған қоса, қазақтар арасында парсы­лар­мен және өзге ұлт өкілдерімен аралас неке мүл­дем жоққа тән. Осының нәтижесінде отбасында балалардың тілі қазақша шығады. Бірақ мектептер тек парсы тілінде оқытып, араб әліпбиінде сауат аштыратындықтан, Қазақстаннан елшілік арқылы келетін кирилл немесе латын әліпбиіндегі оқу құралдары көбіне пайдаға аспайды. Қазақша кәсіби тұрғыдан оқы­татын курс пен орталық атымен жоқ. Ирандық қа­зақ жастарын арнайы квотамен Қазақстанда оқыту мәселесі жүйелі түрде жолға қойылмаған. Ал қазақ мектептері мүлдем жоқ басқа мем­лекеттерде тіл курстары тілдің мүлдем жойы­лып кетпеуіне, ұмыт қалмауына сеп болып отыр. Қазақ диаспорасы өкілдерінің, жастардың қа­зақ тілін бастауыш деңгейде болсын үйренуіне мүмкіндік беретін курстар АҚШ, Еуропа, Түркия, Иранда тұратын қандастар  үшін аса маңызды. Түркия мен Батыс Еуропада өмір сүретін қазақтардың этникалық, тілдік, мәдени және діни тұрғыдан құқықтарын жүзеге асыруға еш­қандай кедергі жоқ. Бірақ қазақ тілін үйренуде мәселе көп. Біріншіден, қазақша оқытатын кәсіби ма­ман­дар мен латын әліпбиіндегі оқу құрал­дары жетіспейді. Осы елдерде құрылған Қазақ мәдени орталықтары өз мүмкіншіліктерімен ерікті түрде қазақша үйрететін мұғалімдерді жалдап, курс ұйым­дастырып оқытады. Мұғалімдер қазақ тілін оқы­тудың кәсіби маманы болмағандықтан, курстар әуесқойлық деңгейде үйрену, ауызекі сөйлеу, сөз жаттаудан әрі аса алмайды. Ұлттық әдебиетті ана ті­лінде оқып, білу мүмкіндіктері жоқ. АҚШ-та оннан астам қазақ диаспорасының мәдени бірлестігі мен орталығы жұмыс істейді. Мұндай орталықтарда қазақ тілі курстары демеуші­лік қаражат есебінен қаржыландырылады. Оқыту­шы­лар да көбіне ерікті түрде, тегін үйретеді. Бұл жақтағы қандастардың көпшілігі ана тілін ұмыт­пауға тырысады. Әсіресе, АҚШ-та туған балалары­ның қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін білгенін қалайды. Жақында ғана Бельгиядағы «Шаңырақ» қо­ғамдық бірлестігі және «Отандастар қоры­ның» қолдауымен Антверпен қаласында онлайн қазақ сыныбы ашылды. Одан бұрын Лондон қала­сын­да да қазақ тілін үйрететін сынып ашылған бо­ла­тын. Сонымен қатар Новосібір қаласында онлайн қазақ сыныбы өз жұмысын бастады. Ре­сей­дегі қандастар да қазақ тілінің ахуалы күн өткен сайын түпсіз терең құрдымға кетіп бара жатқандай сезілетінін айтады. «Мәскеуде тұратын қазақтардың ішінде мүлдем қазақша білмейтін, сөйлеп көрмегендер де бар. Көбінесе осы жақта туғандар, немесе көптен бері тұра­тындар қазақ тілін керек етпейді. Мәскеуде қа­зақ тіліне қажеттілік мүлде туындамайды десем де болады. Қазақ тілін үйрететін арнайы орталықтар туралы да естіп-білген емеспін»,  – дейді мәскеулік қандасымыз Мейірбек Сейдәлі. Ресейдегі қандастар салт-дәстүрді сақтап, қазақы мейрамдар мен түрлі ұлттық шараларды ұйымдастыруды үзбегенімен, олардың бәрі көбіне орыс тілінде өтеді. Жалпы, Ресейде тұра­тын диаспоралар мен өзге ұлт өкілдерінің біразында осындай тенденция қалыптасқан. «Біздің алдымыздағы буын – әке-шешелеріміз қазақ тілінде сөйлей алады, әлі ұмыта қойған жоқ. Бірақ тіл күнделікті қолданыста болмағаннан кейін олардың саналарында да көмескі тартқан. Үйде де ешкім ана тілінде сөйлемейді. 90-жылдардан кейін дүниеге келген жастардың басым көпшілігі мүлдем қазақ тілін білмейді, қажетсінбейді де. Қаланы былай қойғанда, ауылдар мен елді мекендердің өзін­де қазақ тілі актуалды емес. Облыс бойынша құра­мына 3-4 ауыл кіретін бірді-екілі аудандар ғана қа­зақ тілінде сөйлеп, сақтап қалуға тырысып отыр»,  –  дейді Данияр Имашев. Шекара сыртындағы қазақ тілінің ахуалы осындай. Ашылып жатқан сыныптар мен курстардың еселенуіне қарағанда, қандастардың ана тілінен ажырағысы жоқ.  Не дегенмен, тіл мен салт-дәстүр, мәдениет атажұрттан алыс қалған  ат төбеліндей ғана қандастардың ұлт ретінде сақталып қалуына себепші болатыны анық.