COVID-19: Еуропада індеттің екінші толқыны қарқын алды
COVID-19: Еуропада індеттің екінші толқыны қарқын алды
Коронавирус Еуропаны тағы әуреге салар түрі бар. Кәрі құрлықта індеттің екінші толқыны қарқын алды. Вирус жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді.
Euronews-тің хабарлауынша, Францияда өткен тәулікте індет жұқтырғандар саны 16 мыңға жетті. Бұл одан бір күнгі бұрынғы көрсеткіштен 6 мыңға көп(екі күндегі 27 мың жұқтыру көрсеткіші Франция үшін жаңа рекорд). Елде жалпы 730 мың коронавирус жұққан адам тіркелген. Осы аптада қатерлі деңгейде деп белгіленген қалалар қатарына Лион, Лилль, Гренобль, Сент-Этьен кірді. Одан бұрын қауіпті аймақтар қатарына Париж, Экс-Марсель мен Гваделупа аралы жатқызылған еді.
Италияда да эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейді. Онда соңғы уақытқа шейін жағдай біршама тыныш болатын. Кеше елді 5,5 мың жаңа жұқтыру дерегі тіркелді. Індет кезінде Италияда 350 мың адам коронавирус жұқтырған.
Ал Ұлыбританияда жексенбі күні 13 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды. Пандемия басталғалы кесірлі кеселге шалдыққандардың жалпы саны 600 мыңнан асып жығылды. Бүгін ел үкіметі жаңа шектеу шараларын жариялайды Атап айтқанда, Ұлыбритания қалаларында паб, мейрамханалар уақытша жабылуы мүмкін.
Айта кетейік, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 37,4 миллионнан асты. Ал індет құрбандарының саны 1 075 848-ге жетті.