Қазақ қызы «Қытай дауысы» музыкалық жобасында өнер көрсетуде

Қытайдағы танымал өнер бәсекесінің бірі саналатын «Қытай дауысы» (Sing! China) музыкалық жобасында қандасымыз Мәдина Думанқызы өнер көрсетуде.

Қазақ қызы «Қытай дауысы» музыкалық жобасында өнер көрсетуде
ашық дереккөзі

Аталған жобаның 8 қазан күні өткен 8-ші айналымында Мәдина Думанқызы Димаш Құдайбергеннің «Ұмытылмас күн» әнін қазақ және қытай тілдерінде орындап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленген. Сондай-ақ, осы елде тұратын тағы бір қандасымыз Мейрамбек Ақсайұлы әнге қобыз бен сыбызғы үнін қосып сүйемелдеген.

Мәдина Думанқызы – 2000 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағы Шәуешек қаласында туған. Қазіргі күні Сиань музыка институтында білім алуда. Жас әнші осы уақытқа дейінде түрлі өнер байқауларына қатысып, өз талантымен жұртқа танылып үлгірген. Ол 2016 жылы Қытайдағы Шыңжан қазақтарының арасындағы танымал өнер бәйгесі саналатын, Шыңжаң ТВ өткізген «Күміс көмей» жобасында бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен бірге осы жобада «халықтың қалауынан шыққан үздік әнші» болып бағаланып, осы аталымдар бойынша жүлдеге тігілген екі бірдей темір тұлпарды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Қазақстанда өткен XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысып атаулы сыйлықты жүлдемен марапатталған. 2019 жылы Қытайдың орталық радиосы мен теледидары ұйымдастырған өнер байқауында және Шэньси провинциясы өткізген байқауларда жұртшылықты өз талантымен тағы да тәнті етті.

Мадина Думанқызы қытайдың weibo әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында осы «Қытай дауысы» жобасында Димаштың әнін орындап шыққаннан кейінгі әсерімен бөліскен. «Маған «Қытай дауысы» жобасында Димаш ағамыздың әнін орындауға мүмкіндік бергені үшін Ли Цзян ханымға рахмет айтамын! Бұл ән маған ерекше ұнайды! Байқаудың осы кезеңінде маусымдық ауа райының өзгерісіне байланысты тамағымды сәл қарлықтырып, ауыртып алдым. Сондықтан өзім ойлағандай деңгейде әнді жеткізе алмаған секілдімін. Десе де нәтижесі қандай болмасын, өз ұлтымның әнін осы сахнаға алып шыққаныма өте қуаныштымын. Өз халқыңның болмысын, биік өнерін ән арқылы басқаларға түсіндіріп, жеткізу мағыналы іс және бақытты сезімге бөлейді!», - деп әнші әсерлі жазба қалдырған.