Үкімет зейнет жасын төмендетуді қарастырып жатқан жоқ

Үкімет зейнет жасын төмендетуді қарастырып жатқан жоқ

Үкімет зейнет жасын төмендетуді қарастырып жатқан жоқ
ашық дереккөзі
Қазақстан Үкіметі зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырып жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында жақында депутаттар зейнет жасын төмендету туралы ұсыныс жасағаны, жалпы зейнеткерлікке шығу жасында қандай критерийлер ескерілгені сұралды. «Зейнет жасын төмендету туралы ұсыныстар келіп жатыр. Жалпы, зейнет жасын ұлғайту мен төмендету мәселесі бір мезетте шешілмейді. Кез келген елде, әлемде бұл мәселеге қатысты шешім қабылданғанда – ол үлкен зерттеулерге, ұзақ мерзімді болжамдарға сүйеніп жасалады. Бұл тұрғыда экономикалық, демографиялық факторлар ескеріледі. Жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлердің санының арасындағы арақатынас мөлшері, халықтың қартаю қарқыны, сондай-ақ басқа да көрсеткіштер ескеріледі», – деді министр. Осы орайда ол елімізде зейнетақының үш жүйесі қалыптасқанын еске салды. Мемлекет тарапынан екі түрі төленеді, яғни жасына байланысты зейнетақы мен базалалық зейнетқы бар. Сонымен қатар жинақтаушы қордан жиналған қаржы есебінен зейнетақы қамтылған. «Кез келген зейнетақының түрі еңбек өтіліне тікелей байланысты. Яғни неғұрлым еңбек өтілі жоғары болса, соғұрлым зейнетақының мөлшері де жоғары. Бұл тұрғыда экономикалық та, еңбек нарығының мәселесін ескеру қажет. Жұмыс істеп жүрген азаматтар мен зейнеткерлердің арасындағы арақатынас мөлшеріне мән беріледі. Осыдан 10 жыл бұрын зейнеткерлерімсіздің саны жұмыс істеп жүргендерге қатысты 20 пайыз болса, қазір 30 пайыздан асып жатыр. Екіншіден, 65 жастан асқан аға буын саны көбейіп жатыр. Әлемдегі трендтерді ескере отырып, бүкіл дүниежүзіндегі елдер қайта зейнет жасын ұлғайтуға барып жатыр. Әрине, Еуропада және басқа да дамыған елдерде зейнет жасы біздікінен бұрын да жоғары еді. Ресейде 2019 жылдан бастап ерлер мен әйелдерге зейнет жасын ұлғайту шаралары іске асырылды», – деді Б.Нұрымбетов. «Әлемдік тәжірибені де ескеріп, өзіміздің экономикалық, демографиялық жағдайға сүйене отырып, қазіргі кезде Үкіметтің тарапынан зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», – деді ведомство басшысы.