ІV азаншылар жарысының жеңімпаздары анықталды
10 қазан, 2020 /
Асыл ТҰМАР
ІV азаншылар жарысының жеңімпаздары анықталды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай Ақтау қаласында ұйымдастырылған «Әдемі әуезді азаншы» республикалық ІV азаншылар жарысы қорытындыланды.
Осымен төртінші рет өткен жарыста қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Ерлан Битенов жеңіп алса, екінші орын Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының наиб имамы Әбділмүтәліп Жорақұлұлына бұйырды. Ал үшінші орынды Алматы қаласындағы «Нұр Мүбарак» мешітінің азаншысы Ақназар Маратұлы қанжығасына байлады.
Жамбыл облысынан келген Жалғасбай Жұбатқанов, қарағандылық Сағындық Ахмедиянов пен қызылордалық Бекзат Жүсіпұлы ынталандыру сыйлығына ие болса, жеңімпаздарды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марапаттап, ақ тілегін айтты.
Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы азаншылар жарысын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар екенін айтты.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықпен, сондай-ақ, жарысқа қатысушылар мен демеушілер арнайы алғыс хатпен марапатталды.